Үшінші жаңғыру кезеңі жаңа технологиялар арқылы жүзеге асады

Осынау әлемдік үдерістерден кейін қалып қоймау үшін тәуелсіз Қазақстан да өзінің үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын¬да: «Бұл жаңғыру - қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары ғана емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын көпір болмақ... Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуіне лайықталған» дей келе оған қажетті бес басымдықты талдап, жіктеп берген-ді. Еліміздің Үшінші жаңғыру кезеңі, негізінен, әлемдік жаңа технологияларға сүйенетіні анық. Бұл Қазақстан мемлекеті алдағы уақытта мүлде жаңа бағытта дамиды деген сөз.
Жаңа заманның әлемдік жаңа технологияларына ден қойып, оны терең меңгеру қажет-ақ. Сонда ғана бәсекелестікке қабілетті ел боласың. Дегенмен, әлемдік ақпараттық технологияларды сауатты үйренумен бірге өзіңнің қазақ екеніңді, тіліңді, діліңді, дініңді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, туған әдебиетің мен төл мәдениетіңді ұмытпағаның жөн. Бүгінгі жас ұрпаққа қойылатын бұл талап ұлттық тәрбие арқылы жүзеге аспақ. Ең бастысы, Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтай білуден басталады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын еңбегінде ХХІ ғасырдағы ұлттық санаға қатысты прагматизм, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді көтерген Елбасы рухани жаңғыру бойынша таяудағы жылдарда атқарылатын міндеттерге де кеңінен тоқталды. Соның бірі - қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндеті. Бұл тосыннан көтеріліп отырған мәселе емес. Ол туралы елімізде тәуелсіздік алғалы бері айтылып келеді. Ал ресми түрде Мемлекет басшысы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан -2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеген еді.
«Ол кезең де таяп қалды, - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында. Сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден бастап кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек». Осылай деген Елбасы латыншаға көшудің терең логикасы бар екенін, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, ақпараттық коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылымды игеру мен білім беру үдерісінің ерекшеліктеріне байланысты туындап отырған мәселе екенін баса айтты.
Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданбақ. 2018 жылдан жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындалады.
Тарихы мен мәдениеті тереңнен тамыр тартқан қазақтардың әлем өркениетінде өз орны барын дәлелдеп шықсақ қана біз нағыз Қазақ Елі -Мәңгілік Ел боламыз. Елбасы ұсынған жобаларды жүзеге асыруға ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз, жазушыларымыз, өнер қайраткерлері, тіпті бүкіл зиялы қауым атсалысып жатса мақсатымызға тез жетеріміз анық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ел болып, жұрт болып жұмылсақ алар асуымыз оңай еңсерілмек.