«Үштік» елдері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеуде елеулі алға басты

Бұл туралы Владимир Путин бүгін Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы қорытындысы бойынша брифингте мәлім етті.
«Бүгін адал бәсекелестікті қорғауға бағытталған шешімдер қабылданды, бақылау өкілеттігі ЕЭК-ке беріледі. Ал бәсекелестіктің бірыңғай ережелерін бұзу ЕурАзЭҚ сотының бөлек құрамымен қаралатын болады», - деп хабарлады В.Путин.
Ол сондай-ақ, бүгін Арменияның КО-ға және БЭК-ке қосылуы «жол картасы» бекітілді, деп қосты. Қырғызстан үшін осындай құжат жобасы қазірдің өзінде әзір деуге болады.
В. Путин ағымдағы жылы тараптар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауда бірталай алға жылжығанын атап өтті. Болашақ Одақ қызметінің халықаралық құқықтық мәртебесі, міндеттері, тетіктері еуразиялық интеграциялық үдерістердің негізгі қағидаттары анықталған Шарттың негізгі институционалдық бөлігі келісілді.
"Еуразиялық экономикалық үдерістердің негізгі қағидаттары анықталды. Оның ішінде теңқұқықты негізде әділ әрі өзара тиімді ықпалдастыққа бейілдік қағидаты бар", - деп қосты Ресей Президенті.
«Келесі қадам - Шарттың фундаменталды немесе салалық бөлімдерін әзірлеу. Бұл бөлімде «үштік» елдерінің тауарларды, қызмет көрсетуді, капитал мен еңбек күшін жылжытуды қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттері көрсетілуі тиіс», - деді РФ басшысы.
«Біз Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жыл сайын кемінде үш отырысын өткізіп тұру жөнінде уағдасластыққа келдік. Осылайша ендігі жылы да интеграциялық жұмыстың жоғары қарқынын сақтап отырамыз», - деп атап өтті ол.
Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт бойынша жұмыс барысы президенттер келіссөздерінің басты тақырыбы болды. Қатысушылардың мәлімдеуінше, тараптардың әрқайсысы 2014 жылдың мамырында ЕАЭО туралы Шартқа қол қойылуы үшін бар күш-жігерін салады.
Қазіргі таңда ЕЭК-ті реформалау жөнінде мәселе қаралып жатыр. Ол интеграцияның жаңа деңгейіне сәйкес болып, мүдделер балансын қамтамасыз етуі керек.