Ұшуға дайындық уақыты қысқарады: Алматы әуежайында арнайы алаң ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайы Орталық Азиядағы алғашқы арнайы мұздануға қарсы өңдеу алаңы іске қосылғанын хабарлады.

Алматы
Фото: видеодан алынған скрин

Әуежай мәліметінше, бұл алаң әуе кемелерін қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған күйде өңдеуге мүмкіндік береді. Оның арқасында ұшуға дайындық уақыты айтарлықтай қысқарып, қыс кезіндегі жұмыстың тиімділігі артады.

- Мұздануға қарсы өңдеуді перрондардан арнайы алаңға көшіру әуе кемелерінің тұрақ орындарындағы жүктемені азайтып, әуежайдың жалпы өткізу қабілетін арттырады. Сонымен қатар заманауи сұйықтық жинау жүйесі олардың қоршаған ортаға таралуына жол бермей, Алматы әуежайындағы қысқы операцияларды жылдам және экоқауіпсіз етеді, - деп хабарлады әуе айлағы.

Қазіргі кезеңде мұздануға қарсы өңдеу алаңының бірінші кезеңі пайдалануға берілді, құрылысы толығымен келесі жылы аяқталмақ.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында жүк перроны мен жаңа терминал арасы жалғанды.

Соңғы жаңалықтар