Успен ауданына жаңа әкімі тағайындалды - Павлодар облысы
Аудан активіне жаңа басшыны Болат Бақауов таныстырды. - Бауыржан Қасеновтың кәсіби тәжірибесі мен атқарушы органдардағы жұмыс өтілін ескере отырып, ауданның дамуына айтарлықтай үлес қосады деген сенімдемін, - деді өңір басшысы. - Успен ауданының облыс үшін стратегиялық маңызы зор. Себебі Ресеймен шекаралас жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы қарқынды дамып жатқан әрі инвестиция тартуға қолайлы өлке. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін ауданның әлеуетін толық пайдалану керек және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен жеке инвестиция тартып, жол бойындағы бизнесті дамыту бойынша жұмысты күшейту қажет. Қайта өңдеу нысандарын ашып, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмыс сапасына көңіл бөлінсін».
Сонымен қатар облыс әкімі 2017 жылы бірден бірнеше аудан бөлімдерінің басшылары мен аудан басшыларының орынбасарлары мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргендері үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Бұдан басқа, Болат Бақауов былтырғы көшу сальдосының кері көрсеткішін, яғни қоныс аударғандардың саны басым болғанын еске салды.