Ұстаз болу отбасылық дәстүрімізге айналған - Альфия Аксенова

Альфия Аксенова Батыс Қазақстан облысының тумасы. 22 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Ұлты басқа болса да қазақ тілін еркін біледі. Ол бүгін елордаға арнайы келіп, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен республикалық педагогтер съезіне салтанатты қатысты. ҚазАқпарат тілшісі шалғайдағы ауыл мұғалімін әңгімеге тартқан еді.

мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Республикалық съезге қатысу – әрбір ұстаз үшін мәртебе. Президенттің бүгінгі баяндамасы барлық ұстазға шабыт берді деп ойлаймын. Зор әсер алдым, себебі Мемлекет басшысы саладағы бірқатар мәселені көтерді. Президент біздің қоғамдағы рөліміз бен жетістіктерімізді де ұмытпады. Сонымен қатар, болашақтың тапсырмаларын айқындап, ұстаздарға жүктелетін міндеттерді атады. Бүгінгі съезден әр ұстаз көп мәлімет алды деп есептеймін. Маған тағы бір ұнаған тұсы – ауыл мектептеріне қала мектептерімен тең жағдай жасау туралы тапсырмасы, - деп ұстаз әсерімен бөлісті. - Мемлекет білім беру сапасын арттыру бағытында ұстаздардың мәртебесін көтеріп, қолдау көрсетіп жатыр. Оның ішінде материалдық-техникалық тұрғыдан, әдістемелік нұсқаулықтар және тағы басқа. Ұстаздардың еңбегі еленіп жалақы мәселесі де оң шешімін тапты. 5 қазан ұстаздар күні мерекесіне орай елордаға біздің шақырып жатыр. Ертең Мемлекет басшысының қатысуымен мерекелік шара өтпек. Жиын аясында бізді Астанадағы білім академиясы, көрмелер, кітаптар үйіне, STEM мектебіне барып аталған мекемелердің қызметімен таныстық. Сонымен қатар мерекелік концерттер өтіп жатыр. Президенттің қатысуымен өтетін айтулы шараға қатысу біз үшін мәртебе және қуаныш».

Альфия
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Айта кетсек, Альфия Аксенова Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылынан келген. М. Өтемісұлы атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, мұғалім болып ауылға барған ол Жәңгір хан атындағы мектепте 22 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Жоғары санатты педагог-зерттеуші.

«Ұстаз болу отбасылық дәстүрімізге айналған. Біздің отбасымызды педагогтер династиясы деуге болады. Анам – ұстаз, екі бауырым да – ұстаз. Осы жолды нақты таңдауыма анам мен алғашқы ұстазым ықпал етті», - деді Альфия Аксенова сұхбат барысында.

Альфия
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Ұлты татар батысқазақстандық ұстаз қазақ тілін туғанынан біледі. Себебі, қазақи ауылда туып, сол ортада өскен. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Орыс, ағылшын және татар тілдерін де меңгерген. Тәжірибелі мұғалім осы жолды таңдағысы келетін жастарға кеңес берді.

Альфия
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Жастарға айтарым, мамандықты таңдар алдында «Мен ұстаз бола алам ба? Менің бойымда ұстаздық қасиет бар ма?» деп ойлануы керек. Біздің мамандықта білімнен бұрын баланы жақсы көру, оның жүрегіне жол таба білу маңызды. Екіншіден, мамандыққа адал болуы керек. Ұлт ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлы, Ы. Алтынсарин секілді тұлғалардың ізін жалғастыру – ерекше құрмет әрі жауапкершілік. Орта буын ұстазы ретінде айтарым, жас ұстаздардың ішінде жанып тұрғандар бар. Бұл қуантады. Елімізде ұстаздар мәртебесі ресми бекітілді, енді мұғалімдер соған сай болуы керек. Сол сияқты жас ұстаздар этиканы сақтауы керек, ол өзінің ұстаз екенін, көпке үлгі тұлға екенін ұмытпау қажет», - деді А. Аксенова.