Ұстаз оқып-үйрену мен ізденуді өмір бойы тоқтатпауы керек – Құралай Исқақова

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ұстаз оқып-үйрену мен ізденуді өмір бойы тоқтатпауы керек. 2021 жылғы республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі Құралай Исқақова ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
None
None

-Құралай Амангелдіқызы, алдымен өмірлік жолыңызға тоқтала кетсеңіз?

-Бала күнімнен ұстаз болатынымды білдім десем, артық айтқандық болмас. Өйткені балалар жиналып, ойнаған кезде мұғалім болатын едім. Туысқандарымның өзімнен кіші балаларына бас-көз болып білгенімді үйреттім.

Мен Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Біздің түп-тамырымыз Қазақстанның аса бір көрікті жерлерінің бірі Қорғалжында жатыр.

Әкем Амангелді Исқақұлы мен анам Клара Әжібайқызы – өз өңіріне танымал да сыйлы дәрігерлер. Олардың жұмысқа деген көзқарасы, адамдарға, жақын-жуықтарға қамқорлығы маған өмір бойына үлгі болды.

Кім-кім де өз отбасында тұлға ретінде қалыптасады ғой. Атам, 1892 жылғы Ысқақ Нұрманов орта білімі бар, өз кезінің көзі ашық адамы еді. Туысқандарымның сөзіне қарағанда, «Алаш» партиясының мүшесі болған. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, 1941 жылы ұсталып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 10-бөлігіне сәйкес антисоветтік үгіт жасағаны үшін сотталған. КарЛагта белгісіз себептермен қайтыс болған. Әжем бұл құпияны өмір бойы сақтап, айтуға қорқатын. Әкем құжаттарды көтеріп, атамның ақталуына 1989 жылы қол жеткізді.

Нағашы атам Әжібай Жүнісов жоғары білімді маман болған, ондай кісілер ол кезде өте сирек еді. 1943 жылы Украина жерінде қаза тапты. Аға лейтенант, жауынгерлік ордендері бар еді. Нағашы әжем мұғалімдер курсының алғашқы түлектерінің бірі болып ұстаздық етті.

Міне, менің ата-бабаларым осындай жандар болғанына мақтанамын. Біз отбасында үш бала болдық. Үлкені өзім, сіңлім Қарлығаш Исқақова – заңгер. Інім Ербол Исқақов ата-анасының жолын қуып, дәрігер атанды. ғылым докторы, қазір елордадағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталығында урология бөлімшесіне жетекшілік етеді.

-Мектеп бітіргеннен кейін ұстаздық мамандықты таңдаған екенсіз ғой?

-Иә, педагогикалық институтқа баратыным анық еді. Тек тарих немесе шет тілдер факультеттерінің бірін таңдау керек болды. 10-сыныпта француз тілінен өткен республикалық олимпиадада бірінші орынға ие болып, шет тілдер факультетіне жолдама алдым. Жоғары оқу орнында да үздік оқыдым. Тіл олимпиадаларында, республика мен Одақ бойынша студенттер арасында өткен ғылыми жұмыстар байқауларында жеңімпаз атандым.

С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын үздік тәмамдағаннан кейін Білім министрлігінің жолдамасымен Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдер кафедрасында еңбек жолымды бастадым. Ғылым академиясында, Алматы қаласындағы шет тілдер институтында тағылымдамадан өтіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына (қазір М.Нәрікбаев атындағы университет) ауыстым.

Аспирантурада оқып жүргенде тұрмысқа шығып, кейін жолдасымның Батыс Қазақстан облысына жұмысқа ауысуына байланысты осында келдік. Мұнда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде педагогика және психология мамандығы бойынша магистратураны бітірдім. Бұл педагогикалық пәндерді ағылшын тілінде оқытуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде Ж.Досмұхамедов атындағы колледжде педагогикалық зерттеулер әдістемесі, жаңа педагогикалық технологиялар, сондай-ақ ағылшын тілі кафедрасында арнайы пәндерден дәріс беремін.

-Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде де өмір мектебінен өткен екенсіз ғой?

-Бұл ретте педколледждің сол кездегі директоры Шалқыма Құрманалинаны ерекше айтар едім. Сол кісінің шақыруымен іргелі білім ордасына келгеніме еш өкінген емеспін. Мықты тұлға, үлкен ұстаз Шалқыма Хайроллақызы ұзақ жылдар бойы педколледжге басшылық етті. Колледжде қалыптасқан көптеген дәстүрлердің басында тұрды, талай жанға үлгі-өнеге көрсете білді. Директордың орынбасары болып, ол кісіден мен де көп нәрсе үйрендім. Қазір де Шалқыма Хайроллақызы қоғам қайраткері ретінде облыс өміріне белсене араласып келеді.

Содан кейін директор болған Светлана Бахишева да білім ордасының дәстүрін сақтай отырып, көптеген жаңалықтар енгізді. Біз жүзеге асырған жобалар облыста ғана емес, республикада да жоғары бағаланды. Тәжірибелеріміз бүкіл елдегі әріптестерімізге таратылды.

Колледждегі әр оқытушымен шығармашылық байланыс жасауға тырысып, бірлесе іс-қимыл жасауды мақсат етемін.

Мен өз шәкірттерімнен де үйренемін. Нашар студент жоқ, тек олардың тілін таба білу керек. Ең бастысы, пәнге, оқуға деген қызығушылығын оята білу қажет. Қазіргі жастарды оқымайды, үлкенді сыйламайды дейтіндер бар. Шын мәнісінде олардың өз көзқарасы бар, батыл, тайынбай айта алады. Білмейтіндері аз емес, көп оқиды. Тек олардың таңдауы басқа. Әр уақыттың өз ерекшеліктері бар ғой. Маған жас ұрпақтың белсенділігі ұнайды. Кемшіліктері болса, үлкендерден, өзімізден іздеуіміз керек.

Өз отбасым да маған үлкен тірек. Үш баламыз бірнеше тілді білетін жас ретінде өсіп келеді.

-Оқытушы, ұстаз үшін ең басты керек қасиеттер не деп ойлайсыз, дәріс беруде қандай тың тәсілдерді қолданып келесіз? Өз жолыңызды қуған, биіктерден көрініп жүрген шәкірттеріңіз бар шығар? Алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алмақшысыз?

-Меніңше, ұстаз үнемі оқып-үйренуді тоқтатпауы керек. Тек қоғам ғана емес, өз мамандығы бойынша да соңғы жаңалық-өзгерістерді біліп отыруы тиіс. Жаңа әдістеме назардан тыс қалмауы қажет. Мен де алған білім-білігімді, тәжірибемді өз жұмысымда қолданып отырамын.

Өзім Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіби оқытуды ұйымдастыруға арналған ағылшын тілін үйренудегі арнайы пәндер бойынша 32 үлгі жобалық бағдарламаның соавторымын. Жаңа білім беру жобаларын жасауға қатыстым, оқу-әдістемелік кешендерді жүзеге асырдым. Республикалық, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға тұрақты қатысып, баяндама жасаймын. Шеберлік дәрістерін беріп, республикалық басылымдарда мақалалар жариялап отырамын. Мұның бәрі әріптестерімнің және өзімнің іс-тәжірибемізге байланысты.

Арнайы пәндер туралы айтсам, оның өзгешеліктері бар. Егер бұрын шет тілін оқытуға, аударуға, сауатты жазуға көбірек мән берілсе, қазір ауызша және жазбаша түрде өз ойын анық жеткізе білуге баса көңіл бөлінеді. Бұл үшін бірнеше тәсіл қолданылады. Біз кітаптарды, фильмдерді талқыға саламыз. Эссе жазамыз. Жобалармен жұмыс істейміз. Әрине, ағылшын тілінде. Биыл әріптесіммен бірлесіп басшылық еткен «JahanshaTours» атты стартап жобамызбен облыста екінші орынға ие болдық. Біз мектеп бағдарламасы бойынша үш тілде өңірге экскурсия жасауды ұсындық. Өйткені біздің студенттер – болашақ мұғалімдер, мектеп бағдарламасын жақсы біледі. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін жастар да бар. Бұл жобамен жұмыс жасау оларға қызықты болды.

Шәкірттерімді зерттеушілік жұмысқа тартып отырамын. Мысалы, өткен оқу жылында 2 курс (қазір 3 курс) студенті Дана Жамбылқызы менің жетекшілігіммен Абайдың «Қара сөздерін» ағылшын тіліне аудару негізінде оның транскрипциясын зерттеді. Осы жұмысымыз онлайн сипатта Ақтөбе қаласында өткен «Студенттердің ғылыми зерттеулерінің нәтижелері: талдау мен мәселелер» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бас жүлде алып берді.

Сондай-ақ 2020 жылы Жадыра Сейткереймен бірге (қазір М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті) «100 үздік студенттік ғылыми жоба» республикалық байқауына «Интернет қарым-қатынас» деген жұмыс әзірледік. Бұл жоба екінші орынмен аталып өтіліп, «100 үздік студенттік ғылыми жоба» кітабына енгізілді. Басқа да мысалдар баршылық.

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы ұстаздық еткен кезеңде көптеген түлектер тәрбиеледім. Қазақ мемлекеттік заң академиясында дәріс берген шәкірттерім министрлік, елшіліктерде, білім және заң саласында жұмыс істеуде.

Облыс мектептерінде біздің алдымыздан өткен шәкірттер аз емес. Жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп жүргендер бар. Жас мамандардың болашағы алда деп білемін.

«Үздік педагог» байқауында жеңімпаздар қатарынан табылған сәтте шәкірттерім де құттықтап, қошеметке бөледі.

Қорыта айтқанда, жоспар көп. Мұның бәрі жұмысыма байланысты. Жас ұрпаққа дәріс оқу, білгеніммен бөлісу маған күш, шабыт береді. Алдағы уақытта да ісіміздің оңға баса беретініне сенемін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әсел Ерментаеваның ұстаздың абырой-беделі оның өзіне байланысты екенін айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Дәметкен Баенова мұғалімге құрмет те, мәртебе де қажырлы еңбекпен келетінін жеткізді.




Соңғы жаңалықтар