«Ұстаздардың ұстаханасында» үздік қызметкерлер марапатталды

АЛМАТЫ. 5 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұстазым менің, ұстазым» деп аталатын салтанатты жиын өтті. Онда университет ректоры Динар Нөкетаева білім ошағында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан педагогтарды «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапаттады.
None
None

Оған мұнда 50 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан биология ғылымдарының докторы, биология кафедрасының профессоры Жеңіс Құжантаева, 40 жылдан астам уақыт ерен еңбек сіңірген Хорды дирижерлау және ән кафедрасының профессоры Галина Қарамолдаева, сондай-ақ, ширек ғасырға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, құқық және басқару негіздері кафедрасының меңгерушісі Арзабек Баданов ие болды. Мерекелік шара барысында сондай-ақ, университеттің білім мен тәрбие беру ісіне атсалысып, ерекше еңбек сіңірген 30-дан аса ұстаздар «Алғыс хаттармен» марапатталды.

«Ұстаз» - жеке тұлғаның өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін киелі адам. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, өсіп-өнеді. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де оқу ордасының жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны жетілдіруге барынша ынталы болса, болашақта сол тұлға қоғамды дамытуға бар жігерін аямай, күш салатыны аян. Сондықтан қоғам дамуында сапалы білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. Бұл еліміздің түкпір-түкпіріне ұстаздықтың ауыр жүгін арқалаған нәзік жандардың қара шаңырағына айналған Қыздар университетінің де басты мақсаты», - дед Д.Нөкетаева.

«Ұстаздардың ұстаханасы» атанған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 70 жылдан бері еліміздің әр аймағындағы орта және арнаулы орта мектептерге мұғалім дайындайтын педагогикалық саладағы көшбасшы, бірегей оқу орыны болып саналады. Осы аралықта университетті елу мыңнан аса ұлт тәрбиешісі бітіріп шықты, ол түлектер Қазақстанның барлық аймақтарында және шет мемлекеттерде абыроймен еңбектеніп келеді. Қазақстан Республикасы білім сапасын қамсыздандыру агенттігі жүргізген бас рейтинг бойынша еліміздегі 60 жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының ішінде көшбасшы қатарында тұрған университетте бүгінгі күні 700-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы жұмыс істейді. Республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында қыздарға арналған бірден-бір жалғыз жоғары білім ордасы болып табылатын бұл оқу орнында қазіргі кезде 8 500-ге жуық студент білім алуда.

Соңғы жаңалықтар