Ұстаздың абырой-беделі оның өзіне байланысты – Әсел Ерментаева

-Әсел Сатқанқызы, Мұғалімдер күні қарсаңында дәстүрлі байқауда озып шығып, өз салаңның үздігі атанып отырсың, құтты болсын! Алдымен осы мамандықты таңдауыңа не түрткі болды, соған тоқталып өтсеңіз?
- Мұғалім болуыма ата-анамның қолдауы, мектептегі ұстаздарымның тамаша сабақтары себеп болды деп ойлаймын. Кішкентай кезімізде мектептен келе сала, үйде мұғалім болып сабақ беріп ойнайтынбыз. Ата-анамыздың тарапынан бұл ойынымызға қарсылық болмайтын. Бүгінде үйдегі үш қыздың үшеуі де мұғалімбіз. Мамандығымызды мақтан етеміз. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде белгілі әдебиетші ғалым Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың тобында білім алдым. Мен де сол кісінің шекпенінен шықтым деп айта аламын. Мұғалімдік жолымды Ақжайық аудандық балалар шығармашылығы орталығында қосымша білім беру педагогі болып бастадым. 2010 жылдан бері өзім білім алған алтын ұя мектебім – Абай атындағы мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келемін. Сондай-ақ директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасарымын. 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысхатымен, өткен жылы Құрмет грамотасымен марапатталдым. Оған қоса ауданның қоғамдық-саяси өміріне аудандық мәслихат депутаты ретінде атсалысып жүрмін.
-«Мұғалім – мектептің жүрегі» дейміз, осы орайда ұстаздың мақсат-міндеті, абырой-беделі жөнінде не айтар едіңіз?
-Ұстаздың басты міндеті – адам тәрбиелеу, шәкіртін заман талабына сай біліммен қаруландыру. Ал мұғалімнің абырой-беделіне келсек, қазір мұғалім туралы қоғамда сан түрлі пікір бар. Менің ойымша, ұстаздардың абыройын ұстаздардың өздері асқақтатуы керек. Мамандығына деген адалдықты, оқушыларға деген мейірімді, білім мен үздіксіз ізденісті алдыңғы орынға қойса, қоғамның да көзқарасы оң болары сөзсіз.
-Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде сізді не толғандырады, тіліміздің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
-Әрине, тіл тағдыры – ел тағдыры. Бұл ретте мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру бағытында аз айтылып жүрген жоқ. Тәуелсіздігімізді орнықтыра түсу үшін де әр қазақ өз тілінде сөйлеп, ата салт-дәстүрін ұстана білсе, соның өзі абырой болар еді. Ұстаз ретінде айтарым, мені бәрінен бұрын кішкентай бүлдіршіндеріміздің орыс тілінде сөйлеуі толғандырады. Ұялы телефон арқылы орыс тілді мультфильмдерді қарайды, содан баланың тілі, ойлауы - орысша. Сондықтан бірінші кезекте қазақша қызықты мультфильмдер, контенттер дайындауға көңіл бөлінсе деймін.
-Өз жұмыс-тәжірибеңізді қалай жетілдіріп жүрсіз, қандай әдебиеттер, кітаптар, газет-журналдар жаныңызға жақын?
-Мұғалім болу - өмір бойы оқу, іздену. Өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Педагогикалық, көркем әдеби кітаптарды үзбей оқимын. Жуырда ғана Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» кітабын оқып шықтым. Қазір Шыңғыс Мұқанның жетекшілігімен шыққан «Көшбасшылық» кітабын оқып жатырмын. «Egemen Qazaqstan» газетінен қол үзіп көрген жоқпын. «Ұлан» газетін міндетті түрде аламын, өйткені жасөспірімдерді бүгінде не қызықтыратынын, оларды не толғандыратынын біле аламын. Газет-журналдарды оқығанда, сабақты жоспарлауға тамаша идеялар туындайды.
-Соңғы жылдары мұғалімдердің еңбекақысы көтерілді, бұл қалай әсер етті?
-Нарық заманында еңбекақының көтерілуі – қуанышты жағдай. Мұғалімнің алаңсыз жұмыс істеуіне әлеуметтік жағдайы да әсер ететіні сөзсіз. Біз үшін бұл - үлкен қолдау. Мемлекет қамқорлығын сезініп отырмыз.
-Пандемияға байланысты онлайн оқудан оффлайнға көшіп жатырсыздар, олқылықтардың орнын толтыру бағытында не жасалып жатыр?
-Ең алдымен оқушыларға эмоционалды қолдау көрсету маңызды. Содан кейін олардың біліміндегі олқылықтарды жою үшін қайталау жұмыстарына баса мән береміз. Қазіргі оқу бағдарламалары шиыршық қағидатымен жүргізілетіндіктен, сабақ үстіндегі қайталау жұмыстар тиімді. Оған қоса қажеттілігіне қарай қосымша сабақтар өткізіледі.
-Алдағы арман-мақсаттарыңыз қандай?
-Мұғалім болған соң, біздің арман-мақсаттарымыз да негізінен осыған байланысты. Ең бастысы, шәкірттеріміз терең білім алып, қалаған мамандықтарын меңгеріп, өмірден өз орындарын тапса, ұстазға осыдан артық бақыт болмаса керек. Алдағы уақытта өз білім-білігімді жетілдіре отырып, оқушылармен бірлесіп туған тіл, әдебиетімізді сүюге жетелейтін жобаларды ойластырып, жүзеге асырсам деймін.