Үстел теннисі: Қазақстан құрамасы WTT Youth Contender турнирінде үш медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда үстел теннисінен WTT Youth Contender халықаралық ірі турнирі жалғасып жатыр.

ҚР ҰОК мәліметінше, кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үш бірдей жүлдеге ие болды.
Барлық үш медаль - қола. Қыздар арасындағы U13 санатында Жәния Бекмұхамбетова финалға шығу үшін өткен матчта Тайбэй өкілі Ляо Юй Цзинге 0:3 есебімен жол берді.
Осы жас санатында Арайлым Сапабек те жартылай финалда ресейлік Элеонора Ширяеваға қарсы кездесуде 2:3 есебімен есе жіберді.
Тағы бір қола жүлдені Нұрдәулет Азаматұлы (U13) жеңіп алды. Ол жартылай финалда ресейлік Матвей Мананковпен өткен тартысты кездесуде 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жұптық сында ұлыбританиялық Эмма Радуканумен бірге Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.