Үстемеақы барлық орман жұмысшысына берілмеді – министрлік жауабы

Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман жұмысшыларына үстемеақы төлеу үшін қосымша қаржы іздеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Орман жұмысшыларына үстемеақы: министрлік қаржы іздеп жатыр
Фото: Рустем Айтхожин/Kazinform

«Министрлік атынан үстемеақы 12 876 штаттағы қызметкерге (мемлекеттік орман күзеті қызметі, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары, және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың инспекторлары, сондай-ақ балық шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлері) көзделген. Қаулы жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен келісу барысында орман шаруашылығының штаттан тыс қызметкерлеріне жоғарыда аталған қолдау көрсетілмейді. Өйткені олар азаматтық қызметшілер емес», - деген жауап келді Экология министрлігінен Kazinform сауалына.

Экология министрлігі мәселені шешу үшін орман шаруашылығы қызметшілеріне жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдерімен бірлесіп, штаттан тыс жұмысшылардың жалақысын ұлғайту туралы келісім жасасқан.

«Осыған байланысты биыл 10 қыркүйекте 852,7 млн теңге көлемінде үнемделген бюджет қаражаты қайта бөлінді. Бұл 4 539 қызметшінің үстемеақы төлеу қажеттілігін 1 шілдеден 1 желтоқсанға дейін жабуға мүмкіндік береді. Әртүрлі көзден қосымша қаржы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», - дейді ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар