Утиль алымының кесірінен елде ескі көліктер қаптап кетті – әкімшілік полиция

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде елде ескі көліктердің неге қаптап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелден қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген көліктерге келсек, олардың техникалық жағдайы біздің автомобильдерден нашар деп айтпас едім. Бұл автомобильдердің көбі, шамамен 99 пайызы Жапонияда жасалған. Тіпті кейбір техникалық сипаттамасы мен жағдайы біздің кейбір көліктерден жақсырақ деуге болады. Тек олар елімізге қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген. Адамдар кезінде кедендік баж төлегісі келмегендіктен осылай істесе керек. Қосалқы бөлшек ретінде сырттан машина кіргізу - автомобиль ретінде кіргізуден әлдеқайда арзан. Яғни, шанағын бөлек, қозғалтқышын бөлек, дөңгелектерін бөлек әкелген. Осында әкелген соң қайта бұрап, құрастыра салған. Сондықтан ондай көліктер қалыпты қозғалып жүр», - деді комитет төрағасы.

Оның пайымынша, елдегі көлік паркі утиль алымы пайда болған кезден бастап қатты ескірген.

«Ал утильалым мен бастапқы тіркеу алымы бойынша бірқатар шектеулер енгілізгеннен кейін біздегі көліктердің «жасы» 10 жылдан астам «қартайып» кеткеніне мен келісем. Иә! Өйткені халықтың қолында жақсы машина сатып алатын ақша жоқ. Утиль алымы мен бастапқы тіркеу алымының мөлшерлемесі шетелдік жақсы көлікті бірнеше есе қымбаттатып жібереді. Сондықтан біздің көлік паркі «ескіріп» кеткен шығар», - деді Қайсар Сұлтанбаев.

2015 жылы утильалым енгізілгенге дейін Қазақстандағы автомобильдердің «орташа жасы» 14-15 жыл болса, қазір 24-25 жылға жеткен.


Соңғы жаңалықтар