Утильалым есебінен тұрмыстық қалдық полигондары салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев қалдықтардың барлық түрін басқару жөніндегі тұжырымдама жобасын таныстырды.
Оның айтуынша, Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді.
- Жалпы алғанда, қалдықтарды басқару жүйесі нақты есепке, заманауи инфрақұрылымға, ынталандыру механизмдеріне және мемлекеттік органдар, бизнес және халық арасында функцияларды нақты бөлуге негізделген фрагменттік тәсілден интеграцияланған модельге көшуді талап етеді, - деді Ж. Әлиев.
Осы орайда ол тұжырымдама жобасына енгізілген мәселелердің негізгі блоктарына тоқталды. Бірінші блок ретсіз жүргізілген есеп және жарым-жартылай статистика мәселесіне арналған.
Бүгінде қалдықтың пайда болуы мен қозғалысының толық көрінісі жоқ:
- қалдықтардың 30 проценті есептерде көрсетілмейді және бақылау жүйесінен тыс қалады;
- кәсіпорындардың тек 10 пайызы ғана есепті электрондық форматта тапсырады;
- техногендік минералдық түзілімдер бойынша қалдықтардың мемлекеттік кадастры мен
Геология комитеті ақпаратының елеулі айырмашылығы бар.
- Мәселені шешудің негізгі шаралары мынадай: қалдықтың барлық түрлерін толық түгендеу және қалдықтарды мемлекеттік кадастрын жаңарту керек. Барлық қалдық түзушілерді ақпараттық жүйеде міндетті тіркеу қарастырылған. Сондай-ақ жасанды интеллектті енгізу арқылы саланы цифрландыру маңызды. Тағы бір маңызды шара – қалдықты бір реттік заңдастыру, яғни легализациялау, бұл қалдық иелеріне есепте жазылмаған нақты жиналған көлемді айыппұлсыз есепке алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, барлық қалдықтардың нақты көрінісі анықталып, олардың пайдалы фракциялары айқындалып, қайталама айналымға тарту мүмкіндігі пайда болады, - деді вице-министр.
Екінші блок бірыңғай нормативтік-құқықтық құрылымның болмауы проблемасын шешуге бағытталған. Қалдықты басқарудың қолданыстағы нормалары бірнеше кодекстерде, заңдарда және заңға тәуелді актілерде көрсетілуі - талаптардың сәйкес келмеуіне және функциялардың қайталануына әкелді. Бұл бақылау мен есепке алуды қиындатуда және қалдықты басқарудың бірыңғай тиімді жүйесін жасауға кедергі болуда. Мысалы, Жер қойнауы туралы кодексте техногенді минералдар қалдық саналады, ал Экологиялық кодексте осы мәселе реттелмеген.
Бірыңғай нормативтік-құқықтық құрылымды қалыптастыру мақсатында тұжырымдамада:
- қайшылықтар мен қайталауды болдырмау мақсатында қалдық түрлері бойынша заңнаманы бір жүйеге келтіру;
- өкілеттік пен жауапкершілікті нақты бекіту, оның ішінде қайта өңдемегені және рекультивация жасамағаны үшін қалдық иелерінің жауапкершілігін күшейту;
- өнеркәсіптік, коммуналдық, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медициналық қалдықтарды басқару тәртібін жетілдіру көзделген. Бұл шаралар – барлығына талаптардың орындалуын жеңілдетеді және реттеуді ашық етеді.
- Тұжырымдамада ұсынылатын негізгі шешімдерге тоқталсақ, утиль алым есебінен заманауи тұрмыстық қалдық полигондар құрылысын қаржыландыру пысықталды. Бұндай механимзді біз қайта өңдеу жобалары бойынша бастап кеттік. Бұдан бөлек, тарифтерді әр 3 жыл сайын қайта есептеу және экономикалық негізделген модельге көшу қарастырылды. Мұнымен қоса, салық преференциялары мен субсидиялар қарастыру ұсынылды. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (РОП) жүйесін жетілдіру қаралды. Тұжырымдаманың тағы да бір жеке бағыты - қалдықты басқару саласында халық пен бизнестің экологиялық мәдениетін арттыру. Ашық есеп беру арқылы бизнестің жауапкершілігін ынталандыру – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының принципіне сәйкес келеді, - деді Жомарт Әлиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елде коммуналдық сектордағы қалдықтардың 25 пайызы ғана қайта өңделеді.