Утильалым салдарынан шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды — сенатор

Әли Бектаев
Фото: senate.parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасына утильалымды жоюды ұсынды.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі ауыл еңбеккерлері пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76 пайызының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажет екенін ескерсек, қазіргі кезде егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспейді. Ал ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын 4,5% ғана жаңарады. Олай болса, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек болады.

сельхозтехника
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Сенатор Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы техникасының тозуы мен тапшылығы туралы айтты.

«Елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техникалар шығаратын 8 кәсіпорын бар. Ол кәсіпорындар 2023 жылы 5 400 трактор, 1 000 комбайн, 17 000-нан астам тіркемелі құрылғыларды шығарды. Яғни, олар тракторлар мен комбайндарға деген жылдық сұраныстың 80 пайызын, ал тіркемелі техникалардың 30 пайызға жуығын құрайды. Өкінішке қарай, бізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың қазақстандық қамту үлесі 42-44% ғана. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олардың бағасы өте қымбат. Тауар өндірушілер ала алмайды. Ауыл шаруашылығына қажет жеңіл құрылғылардың, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Негізінен металдан тұратын қарапайым ғана осы техникаларды неге өзімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы, Қазақстанда отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма?»,- деп сұрады Ә. Бектаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолдаған сауалында.

Сенатор сонымен қатар жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін утильалым құны жоғары екенін атап өтті. Бұл шаруалардың жаңа техниканы сатып ала алмауына және ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануына, сондай-ақ үнемі жөндеуге мәжбүр болуына әкеледі.

«2024 жылғы жағдай бойынша утильалымының көлемі бір трактор үшін 370 000-нан 7 380 000 теңге, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жалпы, ауылшаруашылы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса мемлекет ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймыз», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар