Утильалымды алып тастаса - кім ұтады, кім ұтылады

утиль
Фото: Midjourney

Қазір қоғам назары кәдеге жарату алымына (утильалым) ауып тұрғаны жасырын емес. Аталған алымға қарсы петиция жарияланып, 50 мың адамның қолы жиылғанын білеміз. Енді петицияны қарау үшін Үкімет мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен қоғам белсенділері, өнеркәсіп өкілдерінен жұмыс тобы құрылады. Алдағы талқыда қай тараптың көзқарасы басым шығуы мүмкін? Осы мәселені Kazinform тілшісі сараптап көрді.

Қозғалтқыш көлеміне де, жылы үшін де алым бар

Ең алдымен дерек пен дәйекке жүгінейік. 2016 жылдан бастап елімізде утильалым жүйесі енгізілді. Содан бері тақырыпқа қатысты көзқарастар түрлі бағытта өрбуде.

Төмендегі бірінші инфографикада 2021-2024 жылдар аралығындағы еліміздегі утильалымның мөлшері көрсетілген. 2021 жылдың екінші жартысынан бастап экологияға зиянсыз саналатын электромобильдер мен гибридті қозғалтқышы бар автокөліктер алымнан босатылды. Ал 2022 жылдың басындағы елдегі келеңсіз оқиғалардан соң қоғамның сұрауымен утильалым 50 пайызға азайған болатын.

утиль
Инфографика: Kazinform

 

Бұл тұста кезіндегі «ӨКМ Операторы» ЖШС 2016-2021 жылдар аралығында утильалымнан 614,5 млрд теңге тапқанын айта кетейік. Утильалымнан бөлек, өзге елден көлік алған жүргізушілер автомобильдің шыққан жылына байланысты алғашқы мемлекеттік тіркеу құнын да төлейді. Оның мөлшері төмендегі инфографикада белгіленген.

утиль
Инфографика: Kazinform

 

Жаһандағы жағдай қандай?

Расын айтқанда, ТМД елдерін есепке алмағанда көптеген мемлекеттерде утильалым мөлшері Қазақстанға қарағанда біршама төмен.

Ендеше көрші мемлекеттер және кәрі құрлық, басқа да елдердегі утильалым деңгейін салыстырып көрейік. Ол үшін 2022 жылғы көрсеткіштерді мысал ретінде теңге валютасымен қарастырдық.

Ресейде кәдеге жарату алымының базалық мөлшерлемесі 20 мың рубль (шамамен 100 мың теңге) болып бекітілген. Бірақ мұның үстіне автокөліктің қозғалтқыш көлемі мен шыққан жылына байланысты коэффициенттер қосылады. Мәселен, 2001-3000 см куб аралығында қозғалтқыш көлемі бар жаңа автокөлікті тіркету 2022 жылы 1 546 752 теңгені қажет еткен. Ал темір тұлпардың шыққанына 3 жылдан асқан болса, 2 637 609 теңгеге дейін ұлғаяды.

Өзбекстанда 2001-3000 см куб аралығында қозғалтқыш көлемі бар, шыққанына 3 жыл толмаған автомобиль үшін алым соммасы 1 955 144 теңге болса, 3 жылдан асқандар үшін 3 584 429 теңге. Яғни, Қазақстанмен салыстырғанда қымбатырақ.

Ал Еуропалық Одақ елдерінде автоөндірушілер өздерінің қайта өңдеу орталықтарын ашып тастаған. Немесе осы қызметпен айналысатын компаниялармен келісімшартқа отырады. Көлігін кәдеге жаратуға тапсыратын иесі ештеңе төлемейді. Бірақ бұл елдерде утильалым секілді төлемдер болмағанымен, техникалық тексертуге, экологиялық талапқа сай болуға міндеттейтін салықтардың түрлері өте көп екенін ескерген абзал.

Дегенмен утильалымды міндеттейтін де Еуропалық одақ елдері бар. Соның бірі – Норвегия. Көлік алушы келешектегі кәдеге жарату қызметі үшін 2400 крон (101 000 теңгеден астам) төлейді. Ал Нидерланд елінде көліктің салмағына да, қозғалтқыш көлеміне де қарамастан көлік иесі утильалымға 30 еуро (шамамен 14600 теңге) береді.

Жапонияда автокөліктерді кәдеге жаратуға қатысты заңнамалық актілер 2002 жылы шықты. 2005 жылдан бастап әр азамат көлік сатып аларда қайта жарату алымын төлеуге міндеттелді. Мөлшері 7 000-18 000 мың иен (шамамен 20 000-52 000 теңге) арасында болады. Әр көлік маркасына жоғарыда аталған соманың шегінде алым жазылады.

ТМД мен Еуропалық Одақ елдері айырмашылығы мынада: әуелгісі жергілікті кәсіпорындарды дамыту жағына көңіл бөлсе, екіншісі, автоқоқыстардан түгел құтылып, қайта өңдеу жағын алғашқы орынға қояды. Сондықтан утильалым жайына байланысты айтарлықтай айырмашылық бары көрініп тұр.

Бұл жердегі бір түйткіл, егер Қазақстан секілді елдер утильалым мен алғашқы тіркеу секілді төлемдерді алып тастайтын болса, АҚШ, Оңтүстік Корея мен басқа да елдерден автокөлік ағыны қаптап кірері сөзсіз. Ал олардың арасында тарихы таза емес (қылмысқа қатысы бар, ұрланған), экологиялық талапты шектен тыс бұзатын немесе тек автоқоқыс болуға жарайтын техникалар болуы мүмкін.

Автокөліктердің көп бөлігі тозған

Қазақстандықтар мініп жүрген автокөліктер тым ескі, жартысына жуығына 20 жылдан асып кеткен. Оны статистикалық деректерден анық аңғара аламыз. Бір тарап себеп ретінде «утильалым елге жаңа көліктердің кіруіне мүмкіндік бермей отыр» десе, екінші тарап «алым алынып тасталса ескі көліктер одан әрі көбейеді» деп санайды. Қалай алғанда да, сарапшылар ескі көліктердің экология мен жолдағы қауіпсіздікке тигізер зияны көп екенін алға тартады.

утиль
Инфографика: Kazinform

 

Қорытындыда Қазақстандағы актовкөліктердің орташа «жасы» 22 жыл шамасында екені айтылған (2020 жылы 19,7 жас болды). Ал бұл көрсеткіш көрші Ресейде 2020 жылғы есеп бойынша 13,9 жылды, АҚШ-та – 11,9, Германияда – 9,8, Қытайда – 5,3 жылды құрапты.

Бүтін бір салаға бөгет бар ма?

Басты саналған деректерді тізбектеп болып, енді утильалымға қатысты қос тараптың пікіріне кезек берейік. Утильалым жеңіл автокөліктерге ғана емес, ауылшаруашылығы техникаларына да салынатынын біреу білсе, біреу білмес. Осы тұста «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев утильалымның ауылшаруашылығы саласына кері әсер етіп отырғанын айтады.

– Салада техника паркінің әбден ескіргенін жасыра алмаймыз. Барлық шаруаның техникасын жаңартуға жағдайы жетпейді. Ал импорттық ауылшаруашылығы техникасына белгіленген утильалым мәселені одан әрі күрделендіріп тұр. Шетелдік техника сатып алған фермер утильалым мен қосымша құн салығын төлеу үшін бірнеше миллионын шығындайды. Керісінше, шаруалар үшін жеңілдетілген несие беріп, утильалым мөлшерін азайту немесе алып тастау көп көмек тигізер еді, – дейді ол.

Бұған дейін де палатаның басқарма мүшесі бұл туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Негізі, пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша, тракторлар, комбайндар мен ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да техника 15 жылдан кейін есептен шығарылуға тиіс. Ал елімізде 2019 жылы салада қолданылған техниканың 60 пайызының мерзімі өткені анықталған. Бірақ басым бөлігі қолданыстан шығарылмады, себебі орнын басар жаңа техника жетпейді. Көп өтпей-ақ, 2022 жылы тозу көрсеткіші 80 пайызға жеткен.

Дәл осы утильалым мәселесінде бірнеше бастамаларды қолға алған қоғам белсендісі Нұраддин Садықов аталған алымды мүлде алып тастау қажет екенін алға тартады. 2022 жылы утильалым мөлшері 50 пайызға азайғанда азамат бұның тиімділігі аз болатынын болжаған екен.

– Утильалым мөлшерін азайту емес, алып тастау қажет. Бұл кезеңге дейін утильалым экологияны қорғау мен өндірісті қолдауға айтарлықтай септігін тигізе алмады. Белгілі бір салық түрі ретінде сипат алғанын бәріміз білеміз. Өндіріс пен экономиканы дамытудың орнына кей салаларды тұралатты. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «утильалым не үшін керек?» деген сауалға нақты аргумент пен дәлелдер келтіргенін қалаймыз. Ведомство осы мәселені шешу арқылы үлкен өзгеріске бет алған болар еді. Қоғамның сенімі шексіз емес екенін ұмытпаған абзал, – деп түйіндеді ол.

2022 жылы «ӨКМ Операторы» ЖШС орнына құрылған «Жасыл даму» АҚ да утильалымды түрлі тәсілдер арқылы азайтпауға тырысқан кезеңдер де жолықты. Мысалы, шетелден көлік әкелген кей азаматтардың машинасын өз салмағымен емес, салоны мен жүк салғыш сыйымдылығын қоса есептеген. Яғни, утильалымға автокөлік массасынан бөлек, сыйымдылығына қарай адамдар мен жүктің салмағы қосылған оқиғалар әшкере болды.

Кәсіпорындардың саны көбеюде

Енді Үкімет пен отандық өндіріс өкілдерінің көзқарасына ойысайық. Бұл тақырып кеңінен талқылана бастаған кезден-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалымды алып тастауды сұраған қоғам өкілдерімен кездескенін жария етті. Ведомство басшысы қазір мәселенің заң негізіне сүйеніп, Үкімет деңгейіндегі талқылаудан кейін шешілетінін айтып отыр. Бұл тұста министр утильалымнан түскен қаражаттың қандай мақсатта жұмсалатынын жеткізген.

– Қаражатты бағыттауға қатысты келер болсақ, оның белгілі бір бөлігі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кетті. Автобустар сатып алынды, ақшаны қоғамдық көлікті дамытуға жұмсап отырғанымыз заңдылық деп ойлаймын. Осылайша, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартамыз, – деп түсіндірген Қ.Шарлапаев.

Осы қарсаңда бірінші вице-премьер Роман Скляр Primeminister.kz сайтына сұхбат беріп, Қазақстандағы өнеркәсіптің даму әлеуеті мен утильалым турасында сөз қозғады. Себебі утильалымға қарсы тарап өндірістің ілгері жылжымай отырғанын тілге тиек еткен. Вице-премьердің айтуынша, Екібастұз қаласында «Railways Systems KZ» компаниялар тобы теміржол машинасын жасау саласындағы ең заманауи жабдықтарды өндірудің жетінші желісінің құрылысын жүргізуде. Бұған дейін кәсіпорын Екібастұз қаласында теміржол саласы үшін 6 өнім түрін шығарған. Ал Саран қаласында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының негізінде өндіріс құрылған. Олардың арасында сынақ режимінде өнім шығара бастаған шина зауыты да бар. Бұл ретте Қазақстанда бұл өнім 2000 жылдан бері шықпаған. Маусымда алғашқы өндіріс басталып, биыл қалада 1 млн ең заманауи шина шығарылмақ екен.

Сондай-ақ Р.Скляр утильалымды алып тастау ескі көліктердің одан әрі көбейіп, елдегі экологияның нашарлауына соқтыратынын алға тартыпты.

– Біздің басты міндетіміз – локализацияны арттыруға ұмтылу. Үкіметтің алға қойған мақсаты – елімізге мүмкіндігінше көп пайда әкелу үшін өндірістерді құру. Өткен жылы отандық автоөндірушілер 142 мың автомобиль шығарды. Осы жаңа көліктерді сатып алғандар утилизациялық алым төлеген жоқ, – деді вице-премьер.

Яғни, елімізде шыққан жаңа автокөліктерге утиль алым төлеудің қажеті жоқ. Әр азамат осы арқылы отандық өндірісті қолдай алады.

Міне, қос тараптың да өз айтар уәжі бар. Анығы алдағы уақыттағы ауқымды талқылаулардан кейін белгілі болмақ. Бастысы, екі тараптың да көңілінен шығатын шешімді табу болып тұр.

Соңғы жаңалықтар