Утильалымға 10 жыл: елдегі көлік импортының үлесі 84%-дан 59%-ға түскен

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елде утильалым тетігі енгізілгеніне 10 жыл толады. Kazinform тілшісі ресми деректерге сүйеніп, осы кезеңде жеңіл көлік импорты қалай өзгергенін есептеп көрді. 

утильсбор
Фото: freepik

Ұлттық статистика дерегі бойынша, 2015 жылы Қазақстанда жаңадан тіркелген жеңіл автокөлік саны 79 508 көлік болған. Оның 67 055-і импортталса, 12 453-сі ел ішінде өндірілген. Пайызға шақсақ, импорт үлесі 84%, отандық өндіріс үлесі 16% болған.

2025 жылы импорт пен отандық өндірістің жиынтық көлемі 388 929 көлік болды. Оның ішінде 229 985 көлік импортталып, 158 944 көлік Қазақстанда өндірілген. Демек, утильалым енгізілген 9 жылдың ішінде импорт үлесі 59%, ал отандық өндіріс үлесі 41% болып отыр. Айта кету керек, 2025 жылдың толық статистикалық деректері әлі жарияланбағандықтан, 2024 жылдың деректері негізге алынды. 

Бұл нені көрсетеді?

2015-2025 жылдар аралығында:

  • импорт көлемі 67 055-тен 229 985-ке дейін өсті;
  • отандық өндіріс көлемі 12 453-тен 158 944-ке дейін өсті;
  • импорт пен отандық өндірістің қосындысы 79 508-ден 388 929-ға дейін ұлғайды. 

Осылайша отандық өндірістің үлесі 16%-дан 41%-ға дейін өсіп, импорт үлесі 84%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Абсолют санмен алсақ, импорт 10 жыл ішінде қысқарған жоқ, керісінше өскен. Ал отандық өндіріс көлемі 10 еседен жоғары қарқынмен өскен.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде саланың ақшалай өндіріс көлемі 27 еседен астам ұлғайған. Ұлттық статистика мәліметі бойынша, автомобиль бөлшектері мен керек-жарақтар өндірісі 2015 жылғы 172,9 млн теңгеден 2025 жылы 395,1 млн теңгеге дейін өсіп, шамамен 2,3 есе артқан. Ал осы кезеңде шиналар, дизель қозғалтқыштары, қозғалтқыш бөлшектері мен автокөлік компоненттерінің импорты 315,7 млн доллардан 1,9 млрд долларға дейін өсіп, шамамен 6 есе ұлғайған. Бұл өндіріс көлемі артқанымен, негізгі компоненттер бойынша импортқа тәуелділік сақталғанын және саланың локализация деңгейі әлі де шектеулі екенін көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстаннан Ресей мен Беларуське экспортталатын көліктің утильалымы өскенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум