Үй жиһаздарын арзан бағада жасайтынын айтып, тұрғындарды алдаған студент қолға түсті

Түркістан облысында жиһаз жасаймын деп әлеуметтік желіде 4 жалған парақша ашып, тұрғындарды алдаған студент жігіт ұсталды. Kazinform бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Үй жиһаздарын арзан бағада жасайтынын айтып, тұрғындарды алдаған студент ұсталды
Фото: Polisia.kz

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап, арызданды. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу Instagram әлеуметтік желісінде үй жиһазын жасап беретінін айтып, ақшасын иемденген. Келіп түскен шағымға байланысты жедел-іздестіру шараларына Cyberpol тобының тәжірибелі полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Атырау қаласының 20 жастағы тұрғыны анықталды. Әрі қарай тексерулер барысында жігіттің студент екені және ол әлеуметтік желіде 4 бірдей жалған парақша ашып, тұрғындарды алдағаны белгілі болды.

Мақтааралдық тергеушілер студент жігіттің 10 адамды алдап, 4 миллион теңге шығын келтіргенін нақтылады. Яғни, жас жігіт instagram-да үй жиһаздарын арзан бағада жасайтынын айтып, жалған жарнамалар жасап облыстың тұрғындарын алдаған. Сенім білдірген азаматтар жас жігіттің парақшасындағы жиһаздардың суреті арқылы тапсырыс беріп, ақшаны алдын ала онлайн аударған.

Бүгінде ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті жігіттің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар