Ұялы байланыс операторлары sms-тердің кешігіп жетуінің себебін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұялы байланыс операторлары мектепте сабақтың болмайтыны туралы СМС-хабарламалар неге кеш келетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұялы байланыс операторлары sms-тердің кешігіп жетуінің себебін атады

Аяз қысқан аймақтардағы мектептерде сабақ жиі тоқтатылуда. Мектепте сабақ болмайтыны туралы ақпаратты Төтенше жағдайлар департаменттері ұялы байланыс операторлары арқылы хабарлап отыр. Алайда кейбір абоненттерге сабақтың болмайтыны туралы смс-хабарлама кешігіп жететінді шығарды.

Altel және Tele2 компанияларының PR-директоры Олжас Бибанов «ҚазАқпарат» тілшісімен болған жеке әңгімеде sms-хабарламалардың мезгілінен кешігіп жетуінің себебін ұялы байланыс операторларының құрал жабдығы бір сағатта тек 300 мың абонентке хабарлама жолдай алатынымен түсіндірді.

«Меніңше, барлық ұялы байланыс операторларында жағдай ұқсас. Абоненттер саны 500 мыңға, тіпті миллионнан асатын Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларда push-хабарламалар жеткізу үшін уақыт керек. Себебі оператордың арнасындағы өткізу қабілеті шектеулі. СМС-хабарламаларды бірден барлығына жіберу мүмкін емес. Минутына  бірнеше мың абонентке СМС жолданады. Арна бұдан көп өткізе алмайды. Мұнда екі жайт бар, ірі қалаларда Теле2 компаниясы үшін СМС-хабарламаларды жеткізу 3 сағатқа дейін кетеді. Кейде Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратты кеш береді. Олар біздің 3 сағат ішінде хабарламалар тарататындығымызды біледі. Екіншіден, миллиондық базаға бірден хабарламалар тарату мүмкін емес», - деді Олжас Бибанов.

 «Алдыңғы жылы Алматыда бізде проблема болды, бізді селдің жүретіні туралы ақпаратты кеш берді деп сынады. Бірақ барлығы біледі, СМС-хабарламалар жедел құлақтандыру құралы болып табылмайды. Телевизия, радио, сирена - бұлар дабылды жедел жеткізуші құралдар. Алматыда арнаның өткізу қабілетіне байланысты хабарлама тарату уақыты 6 сағатқа дейін созылуы ықтимал. Сағатына 300 мың СМС жолданады. Барлық операторлардың жағдайы осы», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде мектепте сабақ болмайтыны туралы хабарламаның керекті кезден кеш келгенін айтып, ата-аналар шағым айтуда.