Үйде атыс қаруын сақтаудың талаптары қандай
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Полиция қызметкерлері үйде атыс қаруын сақтаудың талаптары қандай екенін түсіндіріп берді.
Абай облысының полицейлері тұрғындарға атыс қаруын заң талаптарына сәйкес дұрыс және қауіпсіздік сақтаудың маңызын еске салды.
– Азаматтық қару – жеке қорғаныс құралы ғана емес, үлкен жауапкершілік. Оны сақтаудың талаптарын білу өзіңіз бен айналаңыздағы адамдардың өмірін қорғаудың кепілі. Қаруды сақтау ережелеріне сәйкес, азаматтық қару арнайы металл сейфте немесе құлыпталатын темір жәшікте ғана сақталуы тиіс. Қару мен оқ-дәрілерді әрдайым бөлек орналастыру қажет. Қару бөгде адамдардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың қолы жетпейтін жерде сақталуы керек, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ хабарламада қаруды тіркеу, қайта тіркеу және сақтау мерзімдерін қатаң сақтау заңмен міндеттелгені айтылған.
– Тұрғындарға қаруды заңсыз пайдалануға жол бермеуді, қауіпсіздік шараларын жауапкершілікпен сақтауды және заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Қару дұрыс сақталса және заң талаптарына сәйкес пайдаланылса ғана қауіпсіздік кепілі болады, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін елдегі қызметтік қаруды сақтау ісінде кемшіліктер анықталғаны хабарланған.