Үйде есірткі тұтынғандарға жауапкершілік енгізілмек
Еліміздің Ішкі істер министрлігі қоғамдық орыннан тыс жерде де есірткі тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
«Медициналық мақсаттан бөлек есірткі тұтынуға шүбәсіз әрі толық тыйымды қамтамасыз ету үшін оларды қоғамдық орыннан тыс жерде де тұтынуға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі талқыланып жатыр», - делінген агенттіктің ресми сауалына министрлік берген жауапта.
Бұл бастама мақұлданған жағдайда ескірткіні үйде, көлікте немесе көңіл көтеретін орындарда медициналық мақсаттан бөлек тұтынған кезде әкімшілік заңмен жазаға тартылады.
ІІМ қолданыстағы заңнамада есірткіні қоғамдық орында тұтынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. Мұндай теріс қылық жасағандар айыппұл арқалайды немесе қоғамдық жұмысқа жегіледі.
Мұнан бөлек, қазіргі уақытта 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында министрлік бейінді департаментті қайта ұйымдастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Аталған мекемеге есірткі айналымын бақылау және осы саладағы ведомствоаралық үйлестіру қызметтерін жүзеге асыру үшін жан-жақты өкілеттік берілмек.