Үйді тиімді басқара білу де - өнер

- Ең әуелі ПИК пен басқарушы компанияның айырмашылықтарына тоқталсақ.
- Біріншіден, ПИК - коммерциялық ұйым емес. Оның жетекшісін тұрғындар өздері сайлап алады. ПИК табыс табумен айналыспайды. Ал басқарушы компаниялар - тұрғындарға қызмет көрсету арқылы табыс табатын коммерциялық жоба. Олар тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру үшін, нақты бір нәтиже үшін жұмыс істейді, тиісті жағдайды жасайды. Бізді тұрғындар өздері жалдап, көрсеткен қызметіміз үшін ақы төлейді. Мәселен, банк немесе басқа да ұйымдарды басқару үшін біреуді жалдайды емес пе, сол сияқты тұрғын үйді де басқаратын бір тұлға болуы тиіс. Біздің қызметіміз сол, яғни, үй шаруашылығын басқару. Ал енді өз компанияма қатысты айтар болсам, о бастағы мақсатымыз біреу болатын. Айталық, әрбір адам іссапардан немесе жай ғана жұмыстан кейін пәтеріне жеткенде «қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп әдемі бір сезімге бөленеді емес пе. Мақсатымыз - әрбір тұрғын пәтеріне емес, үйінің алдына келіп тоқтағанда осындай сезімге бөленсе дейміз. Әр адамның жаны жай табатын жер өз ауласынан басталса, одан артық ештеңе керек емес. Басқарушы компанияның арқасында әр адам өзіне тиесілі пәтерді ғана емес, бүкіл үйді өз меншігіндей жақсы көре алады.
- Сіздердің қызметке төленетін ақы ПИК-тен қымбат болар?
- Олай дей алмаймын. Тіпті ПИК-ке төленетін ақымен бір деңгейде деуге болады. Әрине, әр үйдің жағдайына қарай тұрғындар төлейтін сома әртүрлі болып шығады. Дегенмен, орта есеппен алғанда шаршы метріне 45-55 теңге.
- Көрсетілетін қызмет түрлері қандай?
- Біз қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 29 тұрғын үй кешенін өз қамқорлығымызға алғанбыз. Қызмет түрлері 10-нан асып жығылады. Оның ішіне үйді жылу маусымына әзірлеу; үй айналасын абаттандыру және көгеріштендіру; насос стансаларына, автоматикаға, КИП және А жылу желісіне, өрт қауіпсіздігі құралдарына, жылу энергиясын есептегіш жабдықтарға сервистік қызмет көрсету; сантехникалық, электр және плотник қызметтерін көрсету, подъездер мен үй айналасын тазалау, көгалдарды суарып, ағаштарды әктеу; қар күреу; электр құралдарын орнату және керек кезінде алмастырып отыру; подъездер мен балалар ойын алаңын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу сияқты қызметтер кіреді. Сол 29 үйдің ішінде бүкіл Астанаға мақтаулы кешендер бар. Мәселен, «Көгілдір квартал», «Ақбұлақ Town», «Шахар», «Симфония», «Сармат», «Жыл мезгілдері-Күз», «Дуэт», «Номад» және тағы басқа тұрғын үйлердің қай-қайсысына болмасын бас сұқсаңыз, ауласынан бастап шатырына дейін ерекше күтім мен қамқорлықты байқайсыз. Бұл - біздің еңбекқор мамандарымыздың жұмысының жемісі. Мақтаныш емес, шындығы сол. Көз жеткізгіңіз келсе, аралап қайтуға болады.
- Осы қызметтерді іске асыратын мамандар жайлы айтсаңыз. 29 үйді гүлдей жайнатып отыру үшін қанша адам маңдай терін төгіп жүр?
- Жалпы бүкіл компания штатында 200-ден астам адам бар. Олар жыл сайын компанияның есебінен біліктіліктерін арттырып отырады. Әр кешенге бекітілген жауапты адам болады. Бұрын олар үй басқарушы (домоуправ) деп аталатын. Қазір менеджер дейміз. Тұрғындар бар арыз-шағымын, ұсынысын осы кісілерге айта алады. Тіпті болмаса, біздің арнайы Call-орталық бар. Нөмірі - 360-360. Соған хабарласып, кез-келген уақытта қажетті маманды шақыртуына болады. Сол call-орталық арқылы мамандар қызметіне баға беруіне де мүмкіндік жасалған. Тағы бір айта кететін мәселе, «үйімізді басқарып беріңіз» деп өтініш айтып келетін тұрғындар аз емес. Халық бірінен бірі естіп, қызығатын болса керек. Соған орай үй үстіне үй қосып, бірінен соң бірін өз қамқорлығымызға ала берсек те болар еді. Компания штаты да ұлғая берер еді. Бірақ біз ең әуелі қызмет сапасына ерекше мән береміз. Бірінші кезекте өз қамқорлығымыздағы үйлердің жағдайын жақсартып, қызмет сапасын ең жоғары дәрежеге жеткізуді көздеп отырмыз. Сол үйлерге қажетті техникалық жабдықтардың тек қана сапалысын алуға, үй басқаруда қандай да бір жаңалықтар, инновациялар пайда болса, бірінші болып енгізуге құлшынып тұрамыз.
- Дегенмен, осы басқарушы компанияны жалдау үрдісі қалай жүреді? Тұрғындар келіп өтініш айтқаннан кейінгі сіздердің әрекет қандай?
- Сол кешеннің тұрғындарымен кездесіп, өз қызметтерімізбен таныстырамыз. Талаптарымызды айтамыз. Сол үйдің жағдайын, пәтер санын, басқа да критерийлерді ескере келе төленетін жалпы сома есептеп шығарылады. Егер сол үйдің тұрғындарының үштен екісі келісімін берсе, тағы да жиын өткізіледі. Сосын екіжақты келісімшарт жасалады.
- Тұрғын үй кешендерінің жағдайы қандай? Барлығы жаңа үйлер ме?
- Жоқ, барлығы бірдей жаңа емес. Сонау 2000 жылдардың басында салынған, көнере бастаған үйлерді де жөндеуден өткізіп, ине-жіптен жаңа шыққандай келбет сыйладық. Мәселен, «Номад» тұрғын үй кешенін салған «BI Group» компаниясы арада он шақты жыл өтіп кеткеніне қарамастан үйдің қасбетін, подъездерді қайта жөндеуден өткізіп жатыр. Бұл үшін компания арнайы ақы алмайды. Жөндеу жұмысының құны тұрғындардың ай сайынғы төлейтін төлемақысының үстіне қосылуы мүмкін. Онда да белгілі бір мерзімге, 30 пайыз көлемінде ғана. Сонымен бірге әрбір тұрғын үй кешенінің атына заты сай болуы үшін күш саламыз. Мәселен, «Номад» кешенінің подъездеріне аты айтып тұрғандай көшпендінің суреті салынған. Дала кезген еркін халықтың қуатты рухы сезіледі. «Жыл мезгілдері-Күз» кешенінің сырт бейнесіне қарағанда-ақ күздің жылы лебі ескендей болады. Яғни тұрғын үй - ол тек сұп-сұр тас қабырғалар емес, әдемі көңіл күй сыйлайтын жанға жайлы шаңырақ болуға тиіс.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Жанат Қапалбаева