Үйдің едені төмен түсіп, іргесі ажыраған: Түркістанда таңдаулы тұрғын үй кешені сынға қалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын орналасқан көпқабатты үйдің сапасыз салынғанын айтқан тұрғынның видеосы тарады.
Онда жаңадан сатып алған үйі күннен-күнге төмен қарай түсіп, іргелері ажырап, балконының есігі жабылмайтынын жеткізген тұрғын бұл маңайдан баспана сатып алмауға шақырған.
Осыған қатысты Түркістан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ресми жауап берді.

Ведомствоның мәліметінше, Түркістан қаласындағы Б. Батырбеков көшесі, «Керуен-Сарай» тұрғын үй кешені, 20-үй мекенжайында орналасқан 2 қабатты тұрғын үйге тексеру жұмыстары жүргізілген.

— Тексеру барысында 1-қабаттағы № 19 пәтердің жуыну бөлмесі, кіреберіс дәлізі, асхана едені және балконы, жалпы ауданы 20,2 м² болатын еден жабындысының шөгу фактісі анықталды. Аталған нысан 2022 жылғы 17 қазанда тапсырыс беруші «Султанат Яссы» ЖШС тарапынан пайдалануға қабылдау актісімен қабылданған. Мердігер компания барлық пәтерді ішкі әрлеу жұмыстарынсыз тапсырады, ал пәтер иелері ішкі әрлеу және қондырғыларды орнату жұмыстарын өз бетінше жүзеге асырады. Осыған байланысты, «Султанат Яссы» ЖШС-не аккредиттелген ұйымдар арқылы аталған пәтердегі еден жабындысының шөгу себептерін анықтау мақсатында техникалық қорытынды алу жөнінде нұсқама берілді, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.


Бұдан бұрын Түркістанда қоғамдық орындарды ластағандарға 210 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазған едік.