Үйін су басқан тұрғындарға өтемақы төлене ме – министрдің жауабы

«Төтенше жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан көмек ретінде қаржы резерві қарастырылған. Аталған көмек республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ол үшін жылдық бюджет алдын ала қарастырылады. Егер жергілікті бюджет аздық етсе онда республикалық бюджет есебінен жүреді. Таяу күні ғана еліміздің бірнеше өңірінде қатты жел, боран болып төтенше жағдай жарияланды. Салдарынан мемлекеттік және жеке нысандар зардап шеккені белгілі. Осы орайда айтып өтетін жайт, жеке мүлкін сақтандырған абзал. Яғни төтенше жағдай болған сәтте сақтандыру бойынша өтемақы төленеді», - деп жауап берді Ю. Ильин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің келтірген мәліметке сәйкес, төтенше жағдайда өтемақы төлеу үшін биыл республикалық бюджеттен 7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды.
Бұған дейін төтенше жағдай министрі еліміз бойынша су басу қаупі бар өңірлерді атаған еді.