Ұйқыңыз қанбаса, иммунитет төмендейді

Сапалы өмір сүріп, көңіл-күй көтеріңкі, оқу мен жұмыс нәтижелі болуы үшін ағзаға қажет дүние - ұйқы. Сіз қанша сағат ұйықтайсыз? Нешеде ұйықтайсыз? Уақытында ұйықтаудың маңызы туралы «Жібек жолы» арнасындағы «Біздің дәрігер» жобасына келген эндокринолог дәрігер Махаббат Ибрагимқызы түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform

Ұйқы
Фото: pexels.com

Ұйқының қанбауынан жүрек-қан тамыр аурулары туындауы мүмкін. Соның кесірінен қант диабетінің 2 типі мен семіздік туындайды.

Негізінен ұйқы қанбаған кезде аштық сезімін туғызатын грелин гормоны түзіледі. Сол себепті адам мөлшерден тыс тамақ жеп қояды. Ал мелатонин — ұйқы гормоны. Ол қараңғы түскенде түзіледі. Мелотонин қан қысым мен дене температурасының төмендеуіне сеп болып, ағзаны тыныштандырады. Бірақ біз қараңғы түскен соң үйде жарықпен отырсақ оның түзілуі баяулайды. Сондықтан мелотонин гормонының орнына стресс гормоны кортизол көп мөлшерде бөлініп адамның ұйқысы қашады.

Егер адам бес сағаттан аз ұйықтаса, вирустық инфекцияны жұқтыру қаупі артады. Қалыпты жағдайда ересектер 7-8 сағат, ал балалар 9-10 сағат ұйықтауы қажет. Бұл орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қалпына келтіріп, иммунитетті нығайтады.

Бағдарлама жүргізушісіне эндкоринолог дәрігер ұйқы қанбаса, мидың кей бөліктерінің қызметі нашарлайтынын соның кесірінен адам ойды жүйелей алмай, тіпті көру қабілеті де төмендеуі мүмкіндігін айтты.

«Ұйқы қануы үшін жатар алдында ауыр, майлы тамақ жемеңіз, қараңғы және тыныш жерде ұйықтаңыз. Ұйқыға белгілі бір уақытта жатып, бір уақытта оянуды әдетке айналдырыңыз. Ұйқы алдында далаға шығып серуендеу де пайдалы. Сондай-ақ ұйқы алдында кемі 1 сағат гаджет пайдаланбай, жатын бөлме температурасын қадағалағаан абзал», — дейді Махаббат Ибрагим.

Соңғы жаңалықтар