«Ұйқы басқан» ауылдардан көшірілгендерге жаңа пəтерлер жекеменшікке берілетін болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Калачи жəне Красногорск ауылдарынан Есіл қаласына көшірілген отбасыларға жаңа пəтерлері жекеменшікке берілетін болды.
None
None

Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мəслихаты барысында Есіл ауданының əкімі Аманбек Қалжанов мəлім етті.

Əкімнің айтуынша, осы күні «ұйқы басқан» əрі əлеуеті төмен Калачи жəне Красногорск елді мекендерінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру жұмыстары аяқталып, қос ауылда 127 отбасы қалған.

«Калачи мен Красногорскідегі жағдай бүкіл елді алаңдатқаны белгілі. Мұндағы «ұйқы ауруы» алғаш рет тіркелгеннен бері көп адам осы дертке шалдығып, бірнеше зерттеулер жүргізілді. Алайда, одан еш нәтиже болмады. Сондықтан, облыс əкімі Сергей Кулагиннің тапсырмасына сәйкес, аталған ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру басталды. Ол үшін алдымен, барлық тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын қолға алдық. Осы күнге дейін 78 отбасын облыстың əр ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары өздеріне көшіріп алса, Жарқайың ауданының Державинск қаласына 39 отбасы, Есіл ауданының орталығы Есіл қаласына 97 отбасы (алғашында 43, кейін тағы 54 отбасы) қоныстандырылды.  Ал, Калачи ауылында қалған 108 отбасы мен Красногорск ауылында қалған 9 отбасына соңғы мерзім (барлығы 127 отбасы) 1 қыркүйекке дейін көшулеріне уақыт берілді.

Алайда, аталған отбасылар түрлі себептермен қоныс аударудан бас тартты. Біз əрине ешкімді күштеп көшіре алмаймыз. Сондықтан көшкілері  келмейтіндер ауылдарында қала береді. Ал, оларға арналған Есілдегі 20 пəтер жəне Державинскідегі 36 пәтер енді үй кезегінде тұрған жетім балаларға берілетін болады. Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған ауылдардан қоныс аударылғандардың барлығына жақында пәтерлері жекеменшікке берілетін болады», - деп атап өтті А.Қалжанов.

Аудан əкімінің айтуынша, көшуден бас тартқан Калачи жане Красногорск ауылдарының тұрғындарына қалай болғанда да əкімдік тарапынан жағдай жасалына бермек.

«Қазіргі кезде осы екі ауылда барлығы 23 бала бар болса, оның 20-ы Есілдегі мектеп интернатында білім алуда. Олар автобуспен тегін тасымалданады.  Ал, қалған 3 бала ауылда  оқиды. Сол үшін ауылда бастауыш мектептің  ұстап отырмыз», - деді А.Қалжанов.

Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, осы күні мұнда ғалымдар мен «Қазгидромет» мамандары жұмыс істеуде. Олар топырақ, су және ауа сынамаларын алып, зерттеуде. Әзірге нәтиже жоқ.  

Соңғы жаңалықтар