Үйлердегі лифт санын айқындайтын норма бар: Маман пәтер аларда ескеру керек жайтты атады
АСТАНА. KAZINFORM — Адамдар тұрғын үйден пәтер алған кезде, ондағы лифт саны сол үйдің қабат санына сай келетініне мән беруі керек.

Бұл туралы ҚР Лифт компаниялары қауымдастығының төрағасы Нұрлан Құттыбаев «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
— Құрылыс нормативтері бар. Оған сай 9 қабатқа дейін — 1, 19 қабатқа дейін — 2, 25 қабатқа дейін — 3 лифт орнатылуы керек. 25-тен асқан жағдайда кемі 4 лифт болуы тиіс. Бірақ құрылыс компаниялары үй салған кезде бұдан үнемдеп қалуға тырысады, яғни 2 лифт болуы керек жерге 1 лифт салып кетеді не сапасы төмен лифт орнатады. Адамдар үй сатып алған кезде осындай жағдайларға назар аудармайды, бұл мәселе кейіннен алдарынан шығады, — деді ол.

Маманның айтуынша, осындай жағдайлардан кейін тұрғын үйлердегі лифтілер уақытынан бұрын тозып, оны жөндеу не ауыстыру қажеттілігі туындайды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Қаби Қарахан қалайша подъездегі лифтіні жаңартуға болатынын айтып берген еді.