Үйлерді су басып кеткен Жезқазғандағы төтенше жағдайды жою үшін облыстың басқа аудандарынан көмек ұйымдастырылды

«Жезқазғанда «Қостангелді» шағынауданындағы су басып кеткен үйлерден суды сорып алу бойынша жұмыстар жалғасуда. Оқиға орнында 14 сорғы бар, соның екеуі Қаражал қаласынан қатыстырылған. Қарағанды және Балқаштан гидрологтар жіберілді», - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламасында.
Хабарламада атап өтілгендей, қазіргі уақытта алты үйден суды сорып алу қалды. «Судан босатылған үйлерде бөлмелерді жедел құрғату жұмыстары жүргізілуде, зардап шеккендер үшін ыстық тамақ ұйымдастырылды», - деп атап өтеді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін ҚР ТЖМ-іне сілтеме жасалып хабарланғандай, 29 қыркүйекте Жезқазғандағы «Қостангелді» шағынауданында нөсер жауындардың салдарынан 100-ден астам үй су астында қалды. ТЖ салдарынан «Қостангелді» шағынауданында 32 үйді су басты. Төтенше жағдайдың салдарынан 36 жастағы әйел мен 5 жасар ұл бала қаза болды, олардың мәйіттері гараждың ішінен табылды. Алдын ала жасалған болжам бойынша олар тоқ соғудың салдарынан қаза болуы мүмкін. Энергетика қызметі шағыануданның тұтынушыларын электр тоғынан ажыратты. ТЖМ-нің ақпаратынша, 61 адам қауіпсіз жерге көшірілді, 7-і құтқарылды. Үйлердің тұрғындары № 9 орта мектепте орналастырылды.
ТЖ орнында жедел штаб құрылды. «Қостангелді» (Комбинат кенті) шағынауданында барлығы 19 көше, 425 үй бар.