Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы өрттен үйлері жанып кеткен отбасыларға «Halyk Bank» 1 млн теңгеден береді және несиелерін жабады. Бұл туралы аталған банктің ресми Тelegram арнасында жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысында үйлері өртеніп кеткен әр отбасына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек жіберіледі. Үйінен айрылған адамдар күш жинап, алған қаражатын ең қажеттісіне – тұрғын үйді жалдауға, киім-кешек, тамақ және қажетті тауарлар сатып алуға жұмсайды.

Сонымен қатар, банк басшылығы жанып кеткен үйлердің барлық иелеріне қолданыстағы кредиттерін жабу туралы шешім қабылдады.

Банк басшылығы мен ұжымы Озерное, Лесное, Аманқарағай ауылдарының барлық өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарына шынайы жанашырлық танытып, олардың өмірлері жақын арада үйреншікті арнаға оралады деген үмітте», - деп жазылған банктің Тelegram арнасындағы хабарламада.

Еске салсақ, 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Қостанай облысындағы Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, «Басаман КШШ» КММ аумағында орман алқабы өртенген болатын. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқиға орнына тікұшақпен аттанды .

Өрт ауылдарға қарай жалындап, тұрғындар эвакуацияланды, өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жедел жағдай туралы есебін тыңдады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. 10 адамды орташа деңгейде күйік шалған және уланған. Сондай-ақ, Аманқарағай ауылында бір адамның мәйіті табылды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы алапат табиғи өрттердің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді.

Өңірлерде «AMANAT» партиясының гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері жұмысын бастады.


Соңғы жаңалықтар