Ұзақ сапардан шаршадық деп сылтау етпейміз — «Реал Мадрид» бапкері Хаби Алонсо
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо «Қайратқа» қарсы өтетін ойынға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, «Реал Мадрид» алдағы матчта тек жеңіске жетуге ниетті және барлық мәселені бірінші таймда шешуге тырысады.
— Біз жеңгіміз келеді. Ойынды жақсы бастау маңызды. «Атлетико Мадридке» жеңілгеннен кейін біз бәрін талдадық. Жетістікке жету үшін ойын қарқыны маңызды, ол үшін немқұрайлық таныта алмаймыз. Барлығын талдап, енді Чемпиондар лигасындағы ойынға дайынбыз. Біздің мақсатымыз — жақсы ойнап, қысым көрсетіп, шабуылдау. «Қайратпен» ойын қарқынды болатынын түсінеміз. «Қайрат» — тактикасы да, ұйымдасуы да мықты команда. Олардың «Селтикке» және «Спортингке» қарсы ойындарын көрдік. Жақсы ұйымдасқан, комбинациялық футболды қолданады. Бірақ сонымен бірге «Қайраттың» футболы бірбеткей әрі түсінікті, — деді Хаби Алонсо.
Оның сөзінше, бұған дейін ол «Қайратты» білмеген. Алайда кейінгі күндері бейнежазбаларын көріп, алматылық команданың көптеген ойыншысымен жақсырақ танысқан.
— «Қайратпен» матчта бізді алаңдататын тұстар бар, өйткені олар іріктеу кезеңінде «Селтикті» сүріндірді. «Спортингке» ірі есеппен ұтылған ойында да қауіпті сәттері болды. Ертең олар өз алаңында ойнайды, «Қайраттың» дайын болатынына күмән жоқ. Бірақ біз сапардан шаршадық деп сылтау етпейміз. Біз жақсы ойнауға дайынбыз, — деп сендірді Хаби Алонсо.
Еске салайық, бұған дейін «Реал Мадрид» Алматыға келгенін жазғанбыз.
Сонымен қатар Алматыдағы «Реал Мадрид» ойыншылары жатқан қонақүй маңынан фоторепортаж жасаған едік.