«Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсының жеңімпазы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі үздік мемлекеттік қызмет көрсетушіні анықтауға бағытталған «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсының жеңімпазы анықталды
Фото: gov.kz

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзден астам қызмет көрсетуші қатысты. Қатысушылар арасында Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының қызмет көрсетушілері жоғары белсенділік танытты.

Республикалық комиссияның шешімімен Абай облысы Көкпекті ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» атағына ие болды.

Сонымен қатар, осы номинацияда 1-орынды Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің Шоғы Мұналы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі, 2-орынды Шымкент қаласының әділет департаменті, 3-орынды Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс басқармасы иеленді.

Республикалық комиссияның құрамына Агенттік және Мемлекеттік басқару академиясы, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар кірді.

Конкурсқа қатысушылар республикалық комиссияға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бейнепрезентацияларын ұсынды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, оларды көрсетудегі бюрократиялық кедергілерді жою бойынша «Адамдар ең алдымен» тақырыбындағы жобаларын қорғады.

«Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсын Агенттік биыл екінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Конкурстың негізгі мақсаты – қызмет көрсетушілердің мәртебесін арттыру, оларды ынталандыру және жұмыста клиентке бағдарланудың негіздерін нығайту.

Конкурс сондай-ақ, клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппарат қағидаттарын қалыптастыруға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға үлес қосқан үздік қызмет көрсетушіні анықтауға және көтермелеуге бағытталған.

Конкурс жеңімпаздары «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» орайластырылған салтанатты іс-шарада марапатталады.