«Үздік шығармалар анықталды» - баспасөзге шолу

«Үздік шығармалар анықталды» деген ақпаратта (Н.Набиоллаұлы) Достық үйінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» атауымен мемлекеттік тілде өткен жалпы республикалық шығармалар байқауының облыстық кезеңі қорытындыланғаны сөз болады.
«Ұлы дала елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі» республикалық іс-шаралар жоспарына орай облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды, тәуелсіз Қазақстанға деген мақтаныш және отаншылдық сезім ұялатуды, сондай-ақ бейбітшілік пен қоғамдық келісім, тәуелсіздік идеяларын дамытуды мақсат тұтқан. Байқауға облысымыз бойынша барлығы 164 адам қатысқан. Олардың қатарында 7-11-сынып оқушылары, колледж және университет студенттері және жалпы облыс тұрғындары бар.
Марапаттау рәсімінде құттықтау сөз алған облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанова өскелең ұрпақтың қазақ тілі мен әдебиетіне деген құрметін қалыптастыруда, қазақ тілін сауатты әрі шығармашылық тұрғыда қолданудың маңыздылығына қоғам назарын аударуда аталмыш байқаудың рөлі зор екенін айтып өтті.
Қазақ тілі пәнінен білікті мектеп мұғалімдері, Достық үйінің бөлім басшылары және облыстық білім басқармасының қызметкерлерінен құралған қазылар алқасының шешімімен сегіз үздік жұмыс анықталған. Жеңімпаздар облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің алғысхаттары және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
- Мен Орал қаласындағы «Сервис» технологиялық колледжінде тігінші мамандығы бойынша білім алудамын. Туған жерім - Қазталов ауданының Жалпақтал ауылы. Біздің колледжде қазақ, орыс, әзірбайжан секілді әр түрлі ұлт өкілдері оқиды. Сабақтан кейінгі шараларға да белсенді қатысып, тату-тәтті өмір сүрудеміз. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен шығармашылық байқауда «Үздік» деген аталымға ие болғаныма шексіз қуаныштымын, - дейді орыс ұлтының өкілі Екатерина Вологина.
Аталған сегіз үздік жұмыс байқаудың Астана қаласында өтетін республикалық кезеңіне жолданбақ.
«Конституция - Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» деген ақпаратта Достық үйінің мәжіліс залында «Конституция - Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» атты дөңгелек үстел өткені айтылады.
Бұл шараны Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық бөлімшесі мен облыстық сот қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды. Аталмыш жиынға облыстық және қалалық әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әділет департаментінің өкілдері және медиаторлар қатысты.
Жиынды жүргізген облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев бүгінгі шараның ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғанын айтып, осы жылдар ішінде сот жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілгені жөнінде әңгімеледі. Бұдан соң сөйлеген облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаев Ата заңымыздың тарихына шолу жасап, ел Конституциясының ең ашық, ең әділ заң екенін атап көрсетті. Оның сөзінше, Ата заңымыз ұлтына, жасына, дініне, діліне қарамастан, әр адамның азаматтық құқын қорғайды. Конституция ең алдымен халықтың тыныш өмірі үшін, ел қауіпсіздігін сақтау үшін қажет. Ол сондай-ақ өз сөзінде медиация туралы заңға тереңірек тоқталып, медиация тәсілін дамыту жөнінде облыс әкімдігі мен облыстық сот арасында меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Судьяның айтуынша, осындай жұмыстардың нәтижесінде тұрғындар арасындағы уақ-түйек дау-дамайлар бейбіт шешімін тауып, азаматтық істер санының азаюына едәуір септігін тигізген.
Судьяның сөзін облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова жалғастырды.
- Былтыр Ата заңымызға және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуын ел болып атап өттік. Осы уақыт ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы ел ішіндегі ынтымақтастықты арттырып, бірлігімізді, біртұтастығымызды сақтау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған қоғамдық кеңестер мен аналар және ақсақалдар кеңесі түрлі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық қарым-қатынасты насихаттап, тұрақтылықты сақтау ісіне үлкен үлес қосуда. Бүгін ел тәуелсіздігі-не арналған осындай тақырыптағы шаралар ел бойынша кеңінен өткізілуде. Біз мұндай шараларды жиі ұйымдастыра отырып, бірліктің, ынтымақтастықтың, тыныштықтың қандай қымбат екенін халыққа қарапайым тілмен жеткізуіміз керек. Бүгінгі шара да осы мақсатта өткізіліп отыр, - деген Жамал Сағынғалиқызы қайырымдылық пен медиация және қоғамдық бақылау мәселесінің қашан да «Қоғамдық келісім» КММ-ның басты назарында екенін айтты. Оның сөзінше, осы үш бағытта атқарылған жұмыстың барлығы да ел арасындағы тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына үлкен ықпал етпек.
Шара барысында мамандар ҚР Конституциясындағы азаматтардың құқығы мен еркіндігі жөнінде де әңгімеледі. Жиында қатысушылар тарапынан баяндамашыларға көптеген сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылды.
«Текті сөздің зергері» деген ақпаратта М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да «Қазіргі әдебиеттану, тілтану мәселелері және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткені баян етілген. Зиялы қауым өкілдері мен студент-жастар қатысқан ғылыми шара қаламгердің 60 жылдық мерейтойына арналды.
Шараға қатысушылар алдымен Р. Отарбаевтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалап, жазушы туралы шағын бейнетаспаны көрді. Конференцияны «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, профессор А. Қыдыршаев жүргізді. Ақ Жайықтың ақ шағаласы, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева алғашқы сөз кезегін алды.
- Бүгін бізде мереке. Той-тойға ұлассын! Ортамыздағы қазақ әдебиетінің үлкен қаламгері, ұлттың жоқтаушысы Р. Отарбаевтың келуі - біз үшін үлкен құрмет. Мерейжасың құтты болсын, Рахымжан! Қазақта «Бала болып кетіп, дана болып оралды» деген қанатты сөз бар. Сол сөз саған үйлесіп тұр. Жазушылық және журналистік қырыңды былай қойғанда, сенің «Бейбарыс сұлтан», «Мұстафа Шоқай», «Жәңгір хан» сынды пьесаларыңның өзі қомақты дүние. Сөйтіп, руханият саласында толымды еңбек етуің сенің ұлт мүддесіне адалдығыңды көрсетеді. Мерейтойың бүгінде қырғыз және түрік елінде де атап өтілуде. Жалпы, түркі дүниесіне танымалдығың ұлттың мерейін өсіре түседі, - деп жүрекжарды пікірін білдірген ақын апамыз жастарды Р. Отарбаевтың кітаптарын оқып, пьесаларын көруге шақырды. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев осы ғылыми-тәжірибелік конференцияның рухани маңызын айрықша бағалап, мерейтойлық шараны ұйымдастырған БҚМУ-дың ұжымына алғыс айтты. Р. Отарбаевтың ұлттың рухын көтерудегі жемісті еңбегін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі. Ол жазушыға қала әкімдігі атынан алғысхат тапсырып, кәдесый тарту етті. БҚМУ-дың байырғы оқытушысы Меруерт Жолдықайырова кезінде осы оқу орнын бітірген Рахымжанның кураторы болғанын айта келіп, жазушы-драматургтың студенттік жылдардағы білімпаздығы және ақындық сезімталдығы хақында әсерлі әңгімелеп берді. Қаламгердің курстастары М. Фазылғалиев, К. Төкестай, Ш. Елемесов сахнаға көтеріліп, шын жүректен құттықтады.
- Рахымжанның «Із» атты тамаша әңгімесі бар. Онда қарт әкенің жалғыз ұлын қан майданға аттандырмас бұрын тұзды сорға апарып, табанының ізін алып қалғаны егжей-тегжейлі баяндалады. Ондағы мақсат - егер ұлы шейіт болып кетсе, ең құрығанда ізін көріп, жанына демеу ету. Жұрттың бәрі қызығып оқып, жазушыдан кім екенін қоймай сұраса керек. Бірақ ол мандытып ештеңе айтпаған. Кейін білсек, Рахымжанның әңгімесі өзінің жерлесі, қазақтың аяулы ақыны, мемлекеттік Әнұран авторының бірі - Жұмекен Нәжімеденовке арналған екен. Ал Жұмекеннің ел таныған үш роман мен талай тамаша өлеңнің авторы екені белгілі. Рахымжан тек жазушы ғана емес, қаламы жүйрік журналист те. Сонау жылдары Шерхан ағаның тапсырмасымен Қызылорда өңіріне барып, «Арал тағдыры - адам тағдыры» атты мақалалар шоғырын жазды. Ол «Қазақ әдебиеті» газетіне басылып шықты. Кейін сол мақаланың бірінде жергілікті әкімді ащы тілмен сынағаны үшін сол лауазым иесі үстінен арыз жазып, шырғалаңға түсті. «Аққа Құдай жақ», одан аман құтылды. Міне, жақсы журналистен талантты жазушы шығатындығының бір дәлелі осы. Көсемсөз жанрында да Рахаңның шоқтығы биік, - деді белгілі жазушы және қоғам қайраткері Мереке Құлкенов әріптесі туралы. БҚМУ-дың ректоры, академик А. Иманғалиев Р. Отарбаевтың ел рухын көтерудегі еңбегін жоғары бағалады. Содан соң Асхат Сәлімұлы Р. Отарбаевқа «М. Өте-місов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры» атағы берілгенін жариялап, оған салтанатты түрде арнайы куәлік тапсырды. Ақын және жазушы, облыстық соттың қызметкері А. Шахин мерейтой иесін құттықтап, арнау өлеңін оқыды.
Мәжіліс соңында студенттер мен оқушылар жазушы шығармаларынан үзінді оқыса, БҚМУ-дың тәжірибелі ғалымдары, мектеп мұғалімдері жазушы шығармашылығының сан қыры хақында баяндамалар жасады. Алқалы басқосудың соңында мерейтой иесі сөз алып, өмір жолы мен шығармашылығы жайында әңгімеледі.
- Жуырда «Бас» атты туындым Түркияда жарық көрді. Жиырма жыл бойы жазған «Ақырзаман» атты романым-ның аяқталуы жақын. Қазір «Алтын адамның оянуы» романын да жазып жатырмын. Ең бастысы, жазғанымның оқырманға жетуі, - деді танымал жазушы. Сөз соңында ол М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың ұжымына айрықша ризалығын білдірді. Конференцияның жұмысы түстен кейін секциялық отырысқа ұласты. Сонымен қатар қаламгер мерейтойына орай облыстық қазақ драма театрында Р. Отарбаевтың «Жәңгір хан» драмасы қойылды.
«Бекет біткеннің бәрі қауіпсіз бе?..» деген мақалада Г.Әжігереева жанар-жағар май стансалары мәселесін қозғаған.
Қауіп еткеннен айтамыз...
Көзіқарақты оқырмандарымыздың есінде шығар, өткен жылы Алматыда бензин тасымалдайтын көліктің тежегіші істен шығып, жолдағы ағашқа соғылып, жойқын жарылыс болғаны. Соның салдарынан жүргізуші қайтыс болды және оқиға болған жердегі көп қабатты тұрғын үй өртенді. Төтенше жағдайлардың алдын алу ережесінде ондай көліктердің көпшілік шоғырланған орындармен жүруіне тыйым салынғанымен, іс жүзінде бұл талаптың сақталмайтынын күнделікті тірліктен көріп жүрміз. Ондай көліктерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай-ақ қойды. Сондай-ақ май құю бекеттеріне кіретін бір бағыттағы жол кептелістен қашқан көліктерге айналма жолға айналғанын да көріп жүрміз. Сондықтан қауіптің қайдан деріңіз бар ма... Одан қалса биылғы тамыз айында Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында аутокөлікке жанар-жағармай құю бекетінде газ жарылысы болып, екі адамның зардап шегіп, содан ақыры көз жұмғаны мәлім.
Соңғы кезде Орал қаласында көлік санының артуымен бірге жанармай құю бекеттерінің көбейе түскені байқалады. Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысының орынбасары Максим Тілегеновтің айтуынша, 2015-2016 жылдары жанар-жағармай бекетіне 17, сауда дүңгіршектеріне бес жер телімі берілген.
Мұндай бекеттер қала орталығында қадам бассаңыз, алдыңыздан «менмұндалап» шыға келеді. Мысалға, Еуразия, Гагарин көшелерінің бойында бір-біріне іргелес қонғаны немесе қарама-қарсы орналасқандары да бар. Тіпті біреуі №2 база аялдамасының дәл артына орын тепкен. Ал облыстық Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығына таяу жерде «Гелиос» компаниясының жанар-жағармай бекеті бұрыннан жұмыс істейді. Үлкен сауда үйі мен өнер орталығы арасында «менмұндалап» тұрған бекетті өзге жерге «қоныс аударту» мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді.
Санэпидемиологтар Оралдағы қаптаған жанармай құю бекеттерінің адам денсаулығына, қоршаған ортаға ешбір зияны жоқ, мониторинг жүргізудеміз деп жұбатады. Бірақ жанар-жағармайдан бөлінетін улы газдардың денсаулыққа тигізетін зияны барын білетін тұрғындардың бекеттерден зәресі ұшады. Мысалға, Еуразия даңғылындағы «№8 мектеп» аялдамасы маңындағы «Гелиостың» бекетінен ескен бензиннің «хош» иісі қоңсы қонған көп қабатты үйдің тұрғындарын мезі қылды. Әсіресе, жаз айларында желді күндері және сыйымдылықтарға жанармай құйғанда, тұрғындар таза ауа емес, бензинмен немесе газбен тыныстап, тұншыға жаздайды. Айтқандай, бұдан 5-6 жыл бұрын осы бекеттен өрт шығып, сол жердің тұрғындарының зәре-құтын қашырғаны есімізде.
Орал қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, жанармай құю нысандары 4-сынып қауіптілігіне жатады. Олар қоғамдық орындардан, әлеуметтік нысандардан, мектеп-балабақшадан, тұрғын үйлерден 100 метрден кем емес қашықтықта салынуы тиіс. Алайда тұрғын үй іргесінен, қоғамдық орындарға таяу салынғандары болса да, кәсіпкерге «Мұныңыз не?» деп алған бетінен айныта алмайсыз. Өйткені кезінде жер телімін заңдастырып алғаны жөнінде құжаттары бар. Сондықтан шаһардағы жүйткіген көлік біткенді отынмен қамтып, ақшасын сытырлатып санап отырған кәсіпкерлердің табысты бизнесінен гөрі тұрғындардың денсаулығы, қауіпсіздігі қызықтырады деу күлкілі.
Қазір кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау күшті. Бірақ мұндай бекеттердің қожайынымен тілдеспек түгілі, аты-жөнін білудің өзі қиямет. Осындай сәулет-құрылыс және санитарлық талаптарға, төтенше жағ-дайлардың алдын алу талаптарына толықтай сәйкес келмейтін жанармай бекеттерінің де құрылысы жеткілікті. Биыл жазда Теректі ауданындағы Подстепный ауылында екі бірдей жанармай құю бекетінің құрылысы басталып, ауыл тұрғындарының наразылығын тудырды. Ешкім де кәсіпкерлік нысандары салынбасын демейді, бірақ тұрғын үйлерден, қоғамдық орындардан аулағырақ орын берілуі тиіс. Мәселенің осы жағын қадағалауға келгенде кежегеміз кері тартатыны несі? Өйткені облыста нақ осы сәулет мәселесін егжей-тегжейлі қадағалап отыратын бұрынғы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының таратылып, бөлім болып қалуының да әсері айтарлықтай.
Талап күшейтілсе дейміз...
Бұрын қаладағы жеті мұнай сақтау қоймасы мен 88 жанармай бекетінің қызметін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті қадағалап отыратын. Өткен жылдың аяғынан бастап аталмыш департамент көлемі 200 тоннаға дейінгі жанар-жағармай бекеттері тәуелділігі жағынан жоғары дәрежеге жатпайды деген жаңа бұйрыққа сәйкес бекеттердің қызметін, құрал-жабдықтарының сапасын тексермейтін болды. Өйткені биылдан бастап күшіне енген Кәсіпкерлік кодексі бойынша әлгіндей шағын көлемдегі бекеттердің қожайындары қажет болған жағдайда аталмыш департаментке өздері өтініш жасап, нысанға тексеру жұмыстарын өз есебінен жүргізе алады. Әрине, кәсіпкерлерді қолдаудың қажеттілігі, оларға жөнсіз тексерістердің азайғаны дұрыс, бірақ та мұндай қауіпті нысандардың құзырлы орындардың тұрақты бақылауынан алынбағаны жөн-ау. Өйткені кейбір ақшаға құныққан қожайындардың бекеттердегі ескі жабдықтарды жаңалауды «ұмытып кетулері» ғажап емес.
Қорыта айтар болсақ, жер телімдерін бөлуді қатаң бекітілген жоспар бойынша бөліп, жұмыс жобасын мұқият дайындауға мәнмаңыз беретін уақыт жеткен сияқты. Сонымен қатар көне мен жаңа сәулеттің жарасым табатын жаңа заманның Оралын дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау, шаһарды қауіпсіз қалаға айналдыру үшін қала ішіндегі самсаған бекеттерді қала сыртына шығару жөнінде шешім керектігі сөзсіз. Сонда ғана Оралдың тұрғындары мен меймандары өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінері хақ.
«Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы» деген айдар жалғасын тапқан.
2003 жыл
16-22 ҚАҢТАР
Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда скрипкашылардың халықаралық байқауының ашылу салтанаты болды. Конкурсқа Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Австрия, КНР-дан барлығы 14 жас музыканттар қатысты. Оны белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев ұйымдастырды.
4-6 СӘУІР
Орал қаласында Қазақстан жастары конгресі өтті. Оның шеңберінде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Наркомания, алкоголизм және темекі шегуге қарсы күрес, ҰОС ардагерлері, мүгедектер мен жалғызбасты адамдарға арналған мейірімділік акциялары болды.
13-14 МАМЫР
Лондонда Халықаралық көктемгі жәрмеңке өтті. Оның мақсаты - оған қатысушы елдердің мәдени-тарихи мұраларын, салт-дәстүрлерін насихаттау. Еуропалықтардың назарына батысқазақстандық кәсіпкерлер, соның ішінде «Мария салоны», «ЭКСПО», «Орал сусыны» ЖШС-ларының, «Women Art Дизайн» фирмасының өнімдері ұсынылды. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Е. Ыдырысовтың облыс әкімі атына жолдаған алғысхатында айтылғандай, британдықтар біздің жерлестеріміздің ұлттық бұйымдарына қызығушылықтарын танытқан.
30 МАМЫР
ҚР Үкіметінің қаулысымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Махамбет Өтемісовтің, БҚАТУ-ға Жәңгір ханның есімдері ал Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар оркестріне күйші Дәулеткерейдің есімі берілді.
31 МАМЫР
Орал қаласының тағы бір орталық алаңына халық батыры Сырым Датұлының ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің салтанатты ашылуына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, ақын Қадыр Мырза Әлі, қазақ батырының ұрпағы Раш Зейнуллин қатысты.
26 ТАМЫЗ
Қазақстандық және ресейлік археологтар Батыс Қазақстан облыс аумағында қазба жұмыстары кезінде Қырықоба қорғанынан сонау темір ғасырына жататын сарматтар кезеңінің көптеген ескерткіштерін тапты. Шың-ғырлау ауданының Лебедевка ауылындағы қабірден осы кезге дейін жақсы сақталған алтын әшекейлері бар жерленген әйелдің сүйегі табылды.
25 ҚЫРКҮЙЕК - 2 ҚАЗАН
Орал қаласында қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған кәсіпқой театрлардың республикалық фестивалі өтті. Фестивальдің Гран-при жүлдесін Ақтөбе және Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театры жеңіп алды. 1-орын Батыс Қазақстан облыстық драма театрына берілді.
11 ҚАЗАН
БҚАТУ қалашығында ауыл шаруашылығы институтының құрылғанына 40 жыл толуына арналған шара өтті. Шарада қазақтың мемлекет қайраткері, саяси-реформатор Жәңгір ханның ескерткішін ашу салтанаты болды.
27 ҚАЗАН
Халықаралық Орал әуежайына «Эйр Астана» авиакомпаниясының Астана - Орал рейсі бойынша «Боинг - 757» үлкен ұшағы қонды. Жаңа авиа рейсінің ашылу салтанатына ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы А. Мәмбетов қатысты.
5 ҚАРАША
Орал қаласына Ұлыбритания Парламентінің депутаты Джон Манн бастаған делегация келді. Қонақтар Қарашығанақ кен орнында болып, Орал қаласында әріптестері - облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Қонақтар Орал қаласының тарихи орындарын аралап, үлкен әсер алды.
17 ҚАРАША
Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 85 жылдығы аталып өтті. Облыс басшылары мен қаланың қоғамдық ұйымдары мерейтой иелерін құттықтады.
18 ҚАРАША
ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Нұрғали Әшімов тағайындалды. Қырымбек Көшербаев ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі болды.
2004 жыл
12 ҚАҢТАР
Мұхит Мерәліұлы атындағы қоғамдық қор құрылды. Облыстық мәслихат депутаты Ш. Қыдырниязова мен ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері С. Рахметжанов қордың құрылтайшылары болып табылады. Қордың негізгі мақсаты - халық композиторының мұрасын одан әрі дамытып, насихаттау.
10 АҚПАН
Орал педагогикалық колледжі ғимаратының алдында Жаһанша Досмұхамедовтің ескерткіші ашылды. 1896 жылы осы ғимаратта реалді училище орналасқан болатын. 10 жасар Жаһанша Досмұхамедов осында оқуға келді. Осы училищені үздік бітіріп, ол Мәскеу университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ол одан кейін белгілі мемлекеттік және саяси қайраткер ретінде танылып, тарихта өшпес із қалдырды.
11 АҚПАН
Облыс әкімі Н. Әшімов бастаған Батыс Қазақстан облысының делегациясы Самара облысында болды. Екіжақты кездесулер мен келіссөздерде шекаралас облыстардың экономикалық байланысын одан әрі дамыту мәселелері талқыланған соң Самара облысының губернаторы Константин Титовқа Қазақстан Республикасының мелекеттік наградасы - I дә-режелі «Достық» ордені табыс етілді.
1 СӘУІР
«Зенит» зауытының мәдениет сарайында қазақ тілінде алғаш рет көңілді тапқырлар клубының (КТК) ойыны болып өтті. Оған облыстың аудандарынан алты жастар командасы қатысты. Олардың ішінен Сырым, Ақжайық және Қазталов аудандарының командалары жеңімпаз атанды.
10 СӘУІР
Орталық және Орта Азия елдерінің тарихы, экономикалық-әлеуметтік және саяси дамуын зерттеп келе жатқан Лондон университетінің профессоры Ширин Акмнэр БҚМУ-дың оқытушылары және студенттерімен кездесті.
11 ШІЛДЕ
Орал қаласына «Орал ЖЭО-ға энергия үнемдеу технологиясын енгізудің модельдік жобасын» жүзеге асыру үшін Жапонияның «Тохоку Электрик Пауэр» компаниясының жабдықтары жеткізілді. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өкілдері жапондық мамандармен бірлесіп, жаңа стансаның іргетасын қалау жұмыстарына кірісті. Бұл жобаны жүзеге асыру облыстың энергетикалық тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді және электр энергиясының тарифін төмендетеді.
7 ТАМЫЗ
Орал қаласында Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мұражай мекемелерінің фестивалі өтті. Бұл мәдени шараға Астана, Павлодар, Петропавл, Шымкент қалаларынан қонақтар қатысты. Батыс Қазақстан өңірінің тарихы мен мәдени мұралары бүкіл қазақстандықтарды қызықтырады.
10 ТАМЫЗ
Академик А. Тайманов атындағы техникалық олимпиаданың жеңімпаздары мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы арасында келісімшарт жасау рәсімі өтті. Енді облыстың 10 түлегі Қазақстан-Британ техникалық университетінде білім алатын болды.
8 ҚЫРКҮЙЕК
«Металлист» зауыты базасында Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы құрылды. Бұл компания ҚР индустриалдық-инновациялық стратегиясын жүзеге асырудағы алғашқы қадам болды. Оның тұсаукесеріне ҚР Премьер-министрінің орынбасары С. Мыңбаев және облыс әкімі Н. Әшімов қатысты.
17 ҚАЗАН
Орал қаласында су спорты бойынша БЖСМ ашылды. Бұл Орал қаласында су спорты бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Бұл спорт кешені «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынды.
30 ҚАЗАН
Қазақ драма театрында белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның авторлық кеші өтті. Оған ақынның тума-туыстары, достары және Астана, Алматы, Атырау және Мәскеу қалаларынан келген қонақтар қатысты. Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақынды облыс әкімі Нұрғали Әшімов, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулетов, өнертанушы, композитор Илья Жақанов, Ресей ақыны Татьяна Кузовлева құттықтады.
30 ЖЕЛТОҚСАН
Облыс әкімі Нұрғали Әшімов өз резиденциясында Ресей Федерациясының Орал қаласындағы консулы Дмитрий Романовты қабылдап, оған Ресейдің Қазақстандағы жылы шеңберінде Батыс Қазақстан облысында өткізілген шараларға белсене қатысқаны үшін алғысын білдірді.
«Қазақстаннан» Қазақстанға
Жігіттер
Жігіттер, біле білсең анаң - халық,
Келіңіз, ана сүтін адалдалық.
Керегір ертең тағы ішпек-жемек
Бір күнгі қарын тоққа алданбалық.
Жүргенің хан ұлындай халық арқасы,
Мінезді қадір білмес құлданбалық.
Бір нәрсе келер-келмес қолымыздан,
Әйтеуір қадари хал тырбаңдалық.
Алуға жүгіреміз бәріміз де,
Бой балап қызметке бұлданбалық.
Жігіттер,
қызметтен жасымалық
Балықша басымыздан сасымалық.
Ем қонбас тым төмендеп кеткеннен соң
Алуға ауру алдын асығалық.
«Әу» десе аямайды халық барын,
Не үшін біз жемейміз халық қамын?!
Оңбаспыз пайдасына шалынбасақ
Халықтың татып тұрып тұз бен дәмін.
Келіңіз, сөйлеселік, би ағалар,
Қайткенде бұ халықтың оңу жағын.
Тәуекел, Бір Өзіңе, иә, Алла,
Аша көр бұ халықтың Сен бір бағын.
Жігіттер, жалғыз-жалғыз аттанбалық,
Балиғы (балиғатқа толу-ред.) болғаннан соң атаң - халық.
Бір күні қарық етер енші беріп,
Атаның қызметінен жалықпалық!
Жігіттер, ойламасақ күн ілгері,
Халыққа айтып келмес келсе тарлық.
Халыққа не етсеңіз де өздерің біл,
Әйтеуір біздің менен байлық-жарлық.
Келіңіз, жегілелік бір арбаға
Күштенбей жалғыз-жалғыз құр далаға.
Бір нәрсе мирас болып қалмас па екен,
Кейінгі қара қазан сар балаға?!
(Айағы бар).
№1, 16 хамал, 1329 жыл (№1, 16 наурыз 1911 жыл)
«Темір тұлпарыңыз қысқа дайын ба?» деген мақалада Н.Оразаев автокөлік мәселесін қозғаған.
Жадыраған жаз бен қоңыр күз де өтіп, қылышын сүйреткен қыс та келіп қалды. Үш ай, кейде одан да ұзайтын жылдың осы бір суық мезгіліне жан-жануар да, тіпті өсімдіктер дүниесі де алдын ала дайындалады. Тіршілікті айтпағанда, күнделікті аяқ артып жүрген темір тұлпарларымыздың өзін қыс мезгіліне тыңғылықты дайындау да - маңызды іс.
Ағымдағы жылдың қазан айының соңғы күндері аяқ астынан жауған қардан көліктер жол үстінде тайғанақтап, соқтығысып қалғаны белгілі. «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін көлік иелері болса, темір тұлпарларын қазірден қысқа қамдап жатыр. Қараша айының екінші онкүндігінде жауған қардан кейін дөңгелек жөндеу нысандарында көліктерінің дөңгелектерін ауыстырушылардың саны күрт көбейгені белгілі. Көлік дөңгелектерін ауыстыру қызметінің құны дөңгелек резеңкесінің көлеміне байланысты. Отандық, жеңіл аутокөліктердің әр дөңгелектерін ауыстыру құны 1000-1500 теңге болса, көліктің түріне қарай бағасы да жоғарылай береді. Ал дайын дөңгелекке тікенек жапсыру арзанға шығады екен. Бұл мәліметтерді бізге Шолохов көшесі бойындағы шиномонтаждардың бірінде жұмыс жасайтын Бейбіт Ғұмаров есімді жігіт баяндап берді.
- Негізі, көлік дөңгелектерін қысқы мерзімге уақтылы ауыстырған дұрыс. Оларды дер кезінде айырбастау ауа райының қолайсыз, көктайғақ кезінде көлік басқарушының өзін де, айналасындағыларды да апаттан қорғауға көп септігін тигізеді. Тек көлік иелерінің көпшілігі бұл іске аса мән бермейді. Көлік дөңгелектерін айырбастағанда оның сапасына, қысымына да назар аудару қажет. Сонымен қатар көлік қозғалтқышына қысқы май, әйнегін жуар жүйесіне қатпайтын сұйықтық құю, беріліс қорабы мен гидрокүшейткіштердің майын қадағалау, аккумулятордың қуаттылығын тексеру, жанармай сүзгілерін айырбастауды да естен шығармаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, адам баласы күн суықта жылы сырт киім, жылы аяқ киім киетіні секілді көліктерге де күтім көрсету қажет. Қысқасы, уақтылы қимылдап, аутоарғымағын сайлап алған жүргізуші қыстан қысылмай шығатыны анық, - дейді аутокөлік маманы.
Айта кетейік, көлік дөңгелектерін уақтылы ауыстыру Кедендік одақтың регламентінде де қарастырылған. 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 Кедендік одақ комиссиясы шешімінің 5.5-тармағының та-лаптарына сай қысқы мерзімде, қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Жазғы дөңгелектерді қысқы мерзімдікке айырбастамағандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының (Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу) 5-бөлігі бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жауапкершілігі қарастырылғандығын да естен шығармаған жөн.
Зеленов ауданынан Т.Бисен «Таксист Марина» туралы жазған.
Бүгіндері аутокөлік тізгінін ұстаған қыз-келіншектерді көп кездестіреміз. Тіпті олар ер-азаматтарға қарағанда, көлікті таза ұстап, ұқыпты жүргізеді екен.
Тарихқа жүгінер болсақ, ең алғаш көлік айдаған келіншек ХХ ғасырдың басында аутокөлік ойлап тапқан және аутокөлік өндірісінің пионері, әйгілі неміс инженері Карл Бенцтың жары Берта екен. Ол жұбайы ойлап тапқан үш дөңгелекті көлікке отырып, балаларын көрші ауылға алып барған. Тіпті жолда істен шыққан машинаны жөндеп алған көрінеді. Қазір сол Берта ханшайымның ізін басқан қыз-келіншектеріміз көлігінің арқасында табыс тауып та жүр. Сондай жандардың бірі - Зеленов ауданы Переметный ауылында ашылған «Надежда» таксиінде жүргізуші болып жүрген Марина Грецкая. Нәпақасын көлік басқарудан тапқан жан осыдан сегіз жыл бұрын рульге отырған.
- Машина жүргізгеніме біраз жыл болды. Балаларым да өсті. Неге көлігім арқылы табыс таппасқа деп шештім де, жаңадан ашылған «Надежда» таксиіне жұмысқа тұрдым. Босқа үйде отырғанды ұнатпаймын. Такси жүргізушісі болғанда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, тұрақты жұмыс болып, табыс түсіп тұрғаны. Ал жалқаудың ертеңі бітпейді. «Алма піс, аузыма түс» деп жататын заман емес қазір. Қарап жатқан жанға ешкім ештеңе алып бермейтінін ұққанымыз жөн, - дейтін Марина осы күні Переметныйдың барлық көшелерін жаттап алған. Қалаған жеріңе ән сағатта жеткізеді. Тіпті облыс орталығына да апарып келе алады.
Ол жұмысқа алғаш кіріскен кездері көп адам рульде отырған жүргізушінің қыз бала екеніне таңданыспен, күдікпен, сынай қарағанын жасырмайды. Ал осы күні халық үйренген. Тіпті әдейі таксист қызды шақыратын кездер де кездесетін көрінеді. Маринаның жолдасы Геннадий көліктің ақауын өзі жөндейді екен.
- Мен дөңгелек ауыстыру, майын қарап, суын тексеру сияқты жұмыстарды өзім жасай беремін. Ал қатты істен шығып жатса, жұбайым көмектесуге әрқашан да дайын. Ол менің такси жүргізушісі болып жүргенімді қолдайды. Отағасы қиын кезде қолұшын беруге дайын тұрғаны әйел адамға қосымша күш береді ғой. Сондықтан жарымның жаңа жұмысыма түсіністікпен қарағаны үшін ризамын, - дейді Марина.
Таңғы сағат 7-ден түнгі 12-ге дейін көлік тізгінінде отыру кім-кімге болса да оңай емес. Бірақ таксист келіншек барлығына төзеді. Неше түрлі мінез көрсететін жолаушылардың да көңілін таба алады. Арасында балаларына қарап қоюды да ұмытпайды. Әрқашан жайдары мінез танытып, жұмысын ұқыптылықпен орындайтын таксист бикешті мақтаушы жандар көп. Оның көлігіне отырған әр жолаушы Маринаның әңгімешілдігі мен сыпайылығына, жауапкершілігіне риза болады. Барлық таксист осындай болса ғой, шіркін...
Осы автор «Жылдар жемісі» атты мақаласында тәуелсіздік жылдары Зеленов ауданында тындырылған істер жөнінде баяндаған.
Ұлы далада азаттықтың ақ таңы атқалы бері Зеленов ауданының барлық 22 округі көгілдір отынмен қамтылды. Биыл Горбунов, Кирсанов, Мирное, Павлов, Владимировка, Кіші Шаған, Кожевников және Факел ауылдарын газдандыруға аудандық бюджеттен қаражат бөлу жоспарда тұр.
Ал ауыз су жүргізу 26 елді мекенді қамтыған. 2017 жылға республикалық бюджет қаражатынан Володар, Көшім, Щапов, Павлов, Дариян, Ақжол елді мекендеріне су құбырларын өткізу көзделуде. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы барысында Ұлттық қордан бөлінген 258 миллионнан астам қаражатқа Володар және Переметный ауылынан жер кезегінде тұрған тұрғындарға жеке үй салу жоспарланған еді. Міне, сол жоспардың алды бүгінгі таңда қолға алынды. Мысалға, Володар ауылындағы 362 жер теліміне 100 млн. 241 мың теңгеге электр желісін тарту жұмыстары басталды. Ал Переметный ауылындағы 200 жер теліміне 60 млн. 209 мың теңге қаржыға су құбыры, 98 млн. 563 мың теңгеге электр желісін тарту жұмыстары қолға алынды.
Денсаулық саласына келер болсақ, аудандық орталық аурухана, аудандық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік-акушерлік және 37 медициналық пункт бар. Пилоттық жоба негізінде аурухана аумағында «Қаз.Мед.Информ» электронды құжаттама бағдарламасы енгізілген. «Жедел медициналық жәрдем» аутокөлігінде олардың жүру мониторингін бағыттауға арналған GPS жүйесі орнатылып, шақыруларға уақтылы қызмет көрсету мақсатында «Жедел медициналық жәрдем» қызметі рациямен жабдықталған. Қазіргі күні аудандық орталық аурухана аумағында хирургиялық, гинекологиялық, отоларингологиялық, лапроскопиялық оталар жасалып, асқазан-ішек ауруларына эндоскопиялық, ультрадыбыстық зерттеулер жүргізілуде. Аудан орталығында жаңа аурухана тұрғызылып, Зеленый, Мичурин, Үлкен Шаған, Трекин сияқты ауылдарда амбулаториялар халыққа есігін айқара ашты. Осының бәрі - тәуелсіздіктің жемісі.
Бұдан басқа Переметный ауылындағы мәдениет үйі, Белес, Үлкен Шаған және Зеленый, Железнов округіндегі клуб секілді бірқатар мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да бірнеше нысан күрделі жөндеуден өтті. Олардың алғашқысы - Рубежин ауылдық клубы. Біраз жылдан бері жөндеу көрмеген ғимарат биыл жаңа кейіпке енді. Осы күні жөндеу жұмыстарының біраз бөлігі аяқталды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 64 миллион 375 мың, жергілікті бюджеттен 21 миллион 45 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған Переметный мектебі де ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өтті. Әбден тозығы жеткен білім ордасын жаңа кейіпке келтіру жұмыстарына барлығы 137 миллион теңгенің үстінде қаржы жұмсалған. Озерный ауылындағы 47 орынға арналған білім ошағының құрылысы да қарқынды жүруде. Бұған дейінгі жылдары Асан, Трекин ауылдарында да жаңа мектептердің бой көтергендігін айта кеткен жөн.
Аталған жұмыстардың игілігін тек мәдениет қызметкерлері мен мектеп оқушылары ғана емес, ауыл азаматтары да көрді. Мемлекеттік «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Рубежка клубының жөндеу жұмысына 14 адам жұмылдырылса, Переметный мектебінде 37 адам ырыздық тапты. Мерейлі жыл қарсаңында аудан орталығындағы орталық стадион мен орталық алаң абаттандырылды. Стадионның сәнін кіргізуге жергілікті бюджеттен 35 миллион 153 608 теңге бөлініп, бұл қаражат баскетбол алаңын жөндеп, газон төсеуге, жаңа орындықтар мен жүгіру жолағын және айналасын қоршауға жұмсалған. Тозығы жеткен орталық алаңды абаттандыру ісіне бөлінген 52 миллион қаражат та жергілікті бюджеттен қарастырылды.
Абаттандыру жұмыстары тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де қарқынды жүруде. Мысалы, Трекин ауылында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен балалар ойын алаңы пайдаланылуға берілсе, Мичурин округі орталығындағы Қазақстан, Комсомол, Ленин көшелеріне асфальт төсеу ісі қолға алынды. Алғашқысына 2 миллион теңге жұмсалса, ауыл көшелерін түзеу жұмыстарына 182 миллион 963 мың теңге қажет болып отыр. Бұл қаражаттың 122 миллион 919 мың теңгесі ел бюджетінен қарастырылған. Алдағы уақытта ауылішілік жолдарды жөндеуге қажет қаржының қалған бөлігін облыстық бюджеттен бөлу көзделіп отыр.
Дәл бүгінгі уақытта Мичурин, Макаров ауылдық округтеріне қарасты Зеленый және Садовое ауылдары тұрғындарын Орал қаласымен байланыстыратын аспалы көпір құрылысы басталды.
Сондай-ақ Елбасының тікелей қадағалауымен іске асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудан орталығын облыспен байланыстыратын күре жол қайта салынуда. Ауданымыздың бірқатар ауылдарында айналма жолдар мен ауылішілік жолдардың жөнделіп, жақсарғандығына тұрғындар дән риза.
Аудан аумағында кәсібін дөңгелетіп отырған ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының иелері ауданда оздырылатын шараларға қаржылай көмек көрсетуді де еш ұмытпайды. Олардың қатарында Железнов ауылы мектебінің ауласын қоршап, ішін сәндеуге қомақты қаражат бөлген Қайыржан Киргенев, Краснов ауылы тұрғындарының алғысын алған Бейбіт Асанов, Янайкин ауылында өтетін барлық шараларды қаржыландыратын, өнер мен тіл жанашыры атанған Тілек Залмұқанов, биыл үздік меценат атағын иеленген Нұрлыбек Хайруллин сияқты кәсіпкерлер бар.
Аудан аумағында кәсібін дөңгелетіп отырған 2627 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Ол жерлерде 4566 адам жұмыс жасап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін аудан аумағындағы 46 шағын цехта 320 адам нәпақасын тауып жүр. Сол цехтар биыл 275,3 миллион теңге көлемінде өнім шығарған. Кәсіпкерлік саласы жыл санап дами түсуде. Биылдың өзінде аудан аумағында «Дубрава» демалыс кешені, «BKKS LPG» ЖШС көмірсутек газ толтыратын стансасы, екі кафе, бір дүкен, бір банкет залы және бір интернет клубы сияқты алты жаңа кәсіпкерлік нысаны пайдалануға берілген. Сондай-ақ 1 миллион теңге көлеміндегі грантты жергілікті кәсіпкерлер ұтып алды. Оның алғашқысы Жанар Хабибуллаева «Прогресс» оқыту орталығын ұйымдастырса, екіншісі Әсем Темірбекова аудан орталығынан «Әсем-ай» фитнес орталығын ашты. Қазіргі таңда бұл нысандар жұмыс жасап тұр.
Кәсіпкерлік саласы ел экономикасының қозғаушы күшінің бірі екенін ескерсек, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар көп. Қазірдің өзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан филиалы арқылы экономикалық шикізат емес секторында кәсіпкерлікті теңдестіру, өсіру және қаржыландыруын қамтамасыз ету үшін 1 миллиард теңге бөлінген. Аудан аумағында кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалатын бұл қаражат осы күні екінші деңгейдегі банктерге аударылған. Алдағы уақытта жоғарыда аталған қаржыны алмаққа өтінім берген «Авангард» ЖШС ауыл шаруашылығын, «Автотрансзапад» ЖШС жүк тасымалдау ісін және ««Саят» этнотуристік орталығы» ЖШС туризм саласын дамытуды қолға алмақ. Бұл - жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Сондай-ақ ағымдағы жылы тағы бірнеше индустрияландыру жобалары қолға алынатын болады. Олардың ішінде қуаттылығы жылына 30 және 15 миллион дана кірпіш шығаратын қос зауыт пен жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы бар. Осы нысандар іске қосылған жағдайда ауданда тағы 200 адам жұмыспен қамтылатын болады.
«Орал өңірі» газетінің 29 қараша күнгі санында «Бірегейлік пен бірлік» деген ақпарат (Т.Тоқмамбетов) Орал қаласындағы Мұз айдынды спорт сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бірегейлік пен бірлік» атты мерекелік шара өткенін мәлім еткен.
Аталмыш шарада алдымен LED экран арқылы көрермендерге бейнеқойылым көрсетілді. Содан соң өңіріміздегі этномәдени орталықтардың өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері өз өнерлерін паш етті. Мерекелік шараның өтуіне мұрындық болған Мұз айдынды спорт сарайы көрерменге лық толды. Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов «Ұлы дала тұлғалары» атты көрмені тамашалады.
- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» шарасының басталуымен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Еліміз бойынша қарашаның 21-інен бастап 15 желтоқсанға дейін жалғасатын шара тәуелсіздік күніне орайластырылып отыр. Жыл басынан бері Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылып келеді. Жүзге жуық этнос өкілдері Ақ Жайық өңірінде бір-бірімен жақсы араласып, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғандығы біртектілік пен бірліктің жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы «Бірлік - баға жетпес басты байлығымыз» деп атап өткен болатын. Елдігіміздің арқасында қол жеткізген тәуелсіздік құнды-лықтары күні кеше ғана Парламент қабылдаған тәуелсіздік декларациясында анық көрініс тапты. Бұл құжат мемлекетіміз үшін қиын да табысты жылдардағы маңызды оқиғаларды қамтыды. Азат ел ретінде аға ұрпақтың атқарған ізгі істерін жас ұрпақ әрдайым жадында ұстауы қажет. Баршаңызға мерекелеріңіз құтты болсын айтқым келеді, - деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов «Бейбітшілік және келісім жол картасы» мега-жобасының кітабын облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырды.
«Достық-Дружба» фестивалінің қорытындысы негізінде өңіріміздің әр ауданынан келген және қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің әжелер ансамбльдері халық әні «Беу, айдайды» орындап, жиналған жұртшылыққа қазақы салт бойынша шашу шашты.
- Бүгінгі ауқымы кең мерекелік шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Өңір басшыларына алғысымыз шексіз. Ақсай қаласындағы жастармен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмысымызды жүргізіп келеміз. Бөрлі ауданында грузин халқының 11 отбасы тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қайырымдылық шараларына, сондай-ақ мүгедек балаларға көмек көрсету мен ауданымыздағы мерекелерге белсенді қатысып, өз үлесімізді қосып келеміз, - дейді Бөрлі ауданындағы грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Иван Бурджеклели.
Мұнан соң жиналғандар «Достық» клубы мүшелерінің өнерлерін тамашалады. Түркештің «Көңіл ашарын» бірлескен ұлт аспаптар оркестрі орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Достық» клубының 200-ден астам мүшесі ортаға шығып, би өнерін көрсетті. Шара Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.
«Көш жандана бастады» деген мақала (С.Ихсанғали): «Биыл атамекеніне оралған қандастардың жалпы саны миллионнан асыпты. Әрине, қуанышты ахуал. Алайда әлі күнге дейін атажұртына оралмаған бес миллион қандастың жат жерде жүргенін ескерсек, бөрікті аспанға лақтыруға әлі де ерте сыңайлы. Отанына оралған ағайынның 75 пайызы ТМД елдерінен қоныс аударса, қалғаны алыс шетелдің үлесінде. Қандастың басым көпшілігі Өзбекстан, Қытай және Моңғолиядан келген. Қазір оралманның басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Жамбыл облысында тұрып жатыр. Осы орайда қазақтың «әттеген-айы!» еріксіз ойыңа оралады. Өйткені біз үшін қазағы аз, өзгесі көп солтүстік және шығыс өңірлерге бауырлардың бауыр басқаны тиімдірек», деп басталған.
1993 жылдан күні бүгінге дейін облысқа 3891 отбасы немесе 17623 адам келіп, қоныс тепті. Қазір олардың басым көпшілігі бауыр басып, әр салада еңбек етіп, ұрпағын өсіріп, қалыпты өмір сүруде. Қандастар облыстың экономикасы мен мәдениетін дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті алға бастыруға қомақты үлесін қосып жүр.
- Осыдан бір жыл бұрын Елбасымыз Н. Назарбаев елдегі демографиялық ахуал мен қоғамдық пікірдің ауанын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.
Міне, мұның өзі аталмыш қоғамдық үдерімнің жедел жүруіне септігін тигізді. Себебі онда қандастарға қатысты оңтайлы шаралар қарастырылған. Мәселен, атамекенін аңсап келген бауырларға елдің қай өңіріне қоныс аударса да, оралман мәртебесі жедел беріледі. Сондай-ақ оралманның тұрақты өмір сүруге рұқсат алғаннан кейін бірден ҚР-ның азаматтығын алуға да құқығы бар. Бұған дейін оларға азаматтық алуға өтініш білдіру үшін елімізде тек төрт жыл тұрғаннан соң ғана мүмкіндік берілетін. Қазір оралмандар ҚР азаматтығын жеңілдетілген тіркеу тәртібі бойынша өтініш жасаған күннен кейін үш айдың ішінде алады. Бір ай ішінде азаматтық алып жатқандар да бар. Әрі ел үкіметі айқындаған өңірде оларды қоныстандырудың квотасы белгіленген. Квотаға енген бауырлар Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілген. Бүгінде қандастар визаның санатына қарамастан, көші-қон полициясына жүгініп, тұрақты өмір сүруге рұқсат алады. Бұдан басқа олардың кеденнен еш төлемсіз өтуі, қолдағы техникасы мен мал-мүлкін тегін әкелуіне және тағы басқасына жол ашылған. Тіпті алыстан ат арытып келген ағайынға ҚР-ның барлық азаматтарына көрсетілетін әлеуметтік көмек те бірдей. Яғни байырғы жерлестер қанша құжат жинаса, олар да сондай құжат жинап, мемлекетке жүгіне алады. Мұның өзі қазіргі заңның қандастар үшін мейлінше тиімділігін көрсетеді. Соның салдары болар, бүгінде көші-қон мейлінше жандануда.
Мысалы, өткен жылы облыс бойынша 37 қазақ тарихи Отанына табан тіресе, биыл олардың саны 62-ге жетті. Демек, өсім бар. Қазіргі заңда халықтың көші-қонына қатысты 28 түрлі ұғым бар. Сол ұғымнан туындайтын мәселелер тоғыз министрлік пен жергілікті атқарушы биліктің құзырына берілген. Елге келген қандастар ресми биліктен басқа қоғамдық бірлестіктердің назарында. Олар «Батыс Қазақстан облысы оралмандары», «Орал өңірі» оралмандары» және «Қазақстан аграрийлері» қоғамдық бірлестіктері», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Ерболат Сағынов.
- Басқаны қайдам, аудандағы оралманның жағдайы жақсы. Бәрі дерлік еңбек етеді. Тіпті зейнеткерге де тыным жоқ. Бос жүрген жанды көрмейсің. Ең құрығанда, бау-бақша баптайды. Қызым Жанар Хабибуллаева да тегін грант-миллион теңге ұтып алып, оны пайдалы іске салды. Қазір аудан орталығында ескі дүкен ғимаратын жалға алып, ағылшын тілінде дәріс беріп отыр. Ешкімге алақан жаймай, өз күнін өзі көргенге не жетсін?! Бізге барлық жағдай жасаған мемлекетке мың алғыс! - дейді Зеленов ауданындағы Переметный ауылының тұрғыны, оралман Мүгілсін Нұржанова.
- Мен Өзбекстанның Бостандық ауданынан қоныс аудардым. Келгеніме он шақты жыл өтті. Атажұрттағы еңбек жолымды саудадан бастадым. Өзіміз арасында өскен өзбек ағайыннан үйренгеніміз көп, еңбегім еш кетпеді. Бойым үйренгесін, жалға жер алып, жылына екі рет, көкөніс пен гүл өсірудемін. Қазір Володаровка елді мекенінен тағы мың шаршы метр жерді жалға алып, жылыжай жасауға кірістім. Әзірге қаржының аздығынан газ кіргізе алмай отырған жайым бар. Қамығудан аулақпын. Алла бұйыртса, ол мақсатыма да жетермін. Биыл мен үшін өте сәтті кезең болды. Гүлді есептемегенде, тек бау-бақшадан 20 тонна көкөніс алып, сатып, мол пайдаға кенелдім. Гүл демекші, сұранысқа орай, көктемде қызғалдақ, қыста хризантема өсіріп, сатамын. Маған жұбайым Айнұр мен ұлым Алауддин, қызым Жәннаттың қолғабысы ұшан-теңіз. Өзбек жағынан келгісі келетін ағайын баршылық. Әзірге оған мүмкіндік болмай тұр. Жалпы алғанда, барыма разымын. Ерінбей еңбек етсең, бақытың қолыңда ғой. Ең бастысы - атамекендеміз, - дейді жасы елуді иектеген, облыс орталығының іргесіндегі Асан ауылына қоныс тепкен оралман Мұрат Әшірметов.
Мұрат сияқты ала тақиялы өзбек елінен қоныс аударған Санжарбек Сағынов та пластикалық терезе жасау цехын ашып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Қазір Тасқалада тұратын ол әріптестерімен бірге тұрғындардың тапсырысы бойынша 650-дей пластикалық терезе, 50 есік, 15 темір есік жасап, қызмет көрсетті. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 10 адамды жұмысқа тартуда. Ресейден келген Елтай Кәмелешов «Көкшат» несиелік серіктестігін құрып, 2 166000 теңге қарыз алып, іске кірісті. Аталған қаржыға 17 ірі қара және қой сатып алған Елтайдың қазір шаруасы түгенделіп қалды.
Тасқалалық ағайынның келешекке сенімі нық. Өзбек жерінен келген Зухра Құрбанбаева атақонысына орналасқан соң, көп кешікпей Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолықты.
Сол жерден кәсібін ашуға байланысты құнды кеңес алды. Әрі қарай «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 2,5 млн. теңге көлемде 4,5 жылға жеңілдетілген несие алып, «Құрбанбаева» атты жеке кәсіпкерлік тігін цехын ашты. Сөйтіп, Орал қаласының Зашаған кентінде жаңа жұмыс орнында екі ауылдасын қамтып отыр. Зухра сияқты ала шапанды ағайын елінен атамекенді аңсап жеткен Әбдікәрім Омаров өзімен бірге қоныс аударған Мұқтар Пирмағамбетовпен бірге «Оралман» несиелік серіктестігін құрыпты. Бүгінде Бөрлі ауданы Тихоновка ауылында өмір сүріп жатқан екі азамат шағын несие арқылы бау-бақшаны жайнатып өсіріп, қосымша мал шаруашылығымен де айналысуда.
Мақаланы жазу барысында елге оралған қандастардың мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйымдардың хал-жағдайын білмек ниетпен көші-қон бөлімінің басшысы Е. Сағыновқа телефон шалған едік. Лауазым иесі аталмыш қоғамдық ұйымдардың биылғы тендерден ұтылып қалғасын, оралмандардың құқығын қорғау мен жұмысын қолдау мақсатында айтарлықтай белсенділік көрсетпегенін айтты.
- Әзірге айтарым, оралмандар тарапынан шағынып келген ешкім жоқ. Олар осындағы байырғы қандастарымен мидай араласып, өзара дос-жаран, құда-жекжат болып кетті. Кестелі сөзбен айтқанда, «тастай батып, судай сіңді». Келешекте осы үрдістің оң жалғасын табарына сенемін, - деді Ерболат Сағынов.
«Жанарымда іңкәрлік» деген ақпаратта Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері, айтыс ақыны, ұстаз Назгүл Кәрімованың «Жанарымда іңкәрлік» атты тұңғыш жыр жинағының тұсауы кесіліп, шығармашылық кеші өткені жазылған.
Кешке жиналғандар алдымен «Жыр әлемін құшағына сыйғызған» атты көрмені тамашалады. Көрмеде Назгүл Кәрімованың жеткен жетістіктерінен сыр шертетін фотосуреттер мен әр түрлі мадақтаулар орын алған.
Ол - Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын алғашқы экспериментальды мектептің 1991 жылғы түлегі. 1995 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Сол кезден бастап бірнеше аймақтық, облыстық жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысына қатысқан. 2002 жылы «Қазақтың ақын қыздары» атты республикалық жыр мүшәйрасында лауреат атанса, 2009 жылғы «Жайықтың айтысына жарты ғасыр» атты республикалық ақындар айтысының жүлдегері. 2011 жылы Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналған мұғалімдер арасында өткен мүшәйрада бас жүлдені иеленсе, 2013 жылы Қайрат Жұмағалиевке арналған республикалық мүшәйрада бірінші орынды жеңіп алды. Қазіргі таңда Жәнібек ауданындағы Т. Жароков атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет етеді.
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, ақын Дариға Мұштанова, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғай-сағали Сейтақ, Жәнібек ауданы әкімінің аппарат басшысы Жақсылық Абдолов кеш иесіне жүрекжарды тілектерін айтып, алғысхаттарын тапсырды. Өлеңмен өрілген кешке ақынның ата-анасы Сансызбай мен Бақыт, қыздары Жанар мен Іңкәр және студенттік шақта бірге оқыған жора-жолдастары да куә болды. Кеш иесінің «Жанарымда іңкәрлік» атты кітабының ресми түрде тұсаукесерін жасау құрметі жерлес ағасы, ақын Ғайсағали Самиғоллаұлына тапсырылды. Шара барысында Назгүл Кәрімованың елімізге танымал дүлдүл ақындармен жұптасып айтысқан сәттерінен үзінді көрсетілді.
Кеш иесінің өлеңдерін М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері нақышына келтіріп оқыды. Назгүл Сансызбайқызының сөзіне жазылған Уақыт Сариевтің «Тәуелсіздік» әнін жәнібектік әнші Ақтоты Ешматова орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Осы тұста кеш иесінің сөзіне жазылған «Достарым» әні де алғаш рет орындалды. Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен шара соңында автордың жаңа кітабы оқырман қауымға үлестірілді.
«Кәсіподақтардың да үлесі айтарлықтай» деген ақпаратта Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның үлкен залында мемлекеттік меке-мелер қызметкерлері салалық кәсіподағының ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарасы өткені баян етілген.
Аталмыш шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов кәсіподақ жұмысын жетілдіруде үлгілі қызметтері үшін бір топ кәсіподақ жетекшілеріне орталық комитеттің «Құрмет грамотасы» мен алғысхаттарын табыстады.
- Санаулы күндерден кейін егемен еліміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыттың ішінде жеткен жетістіктеріміз баршылық. Оған сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынас, сонымен қатар жиналған қаражаттарыңызға жұмысшыларды сауықтыру орындарына жіберуде атқарып келе жатқан жұмыстарыңыз көп. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын! - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Шара барысында көрермендерге «Тәуелсіздік және кәсіподақ» тақырыбындағы бейнебаян көрсетілді. Егемен еліміздің 25 жылдығы аясында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин баяндама жасады. Кәсіподақ жұмысын жүргізуде үздік нәтижеге жеткені үшін Теректі аудандық кәсіподақ ұйымы (төрағасы Сәлім Кукашев) бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Екінші және үшінші дәрежелі дипломмен Қаратөбе аудандық кәсіподақ ұйымы (төрағасы Айдос Әмірғали) мен Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымдарын (төрағасы Сержан Каманов) облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Мерғалиев марапаттады.
Мерекелік шараға қатысушыларға облыстық филармонияның Айбар Хайрханов, Айдана Әжіғалиева, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі сынды әншілері көңілді кеш сыйлады.
«Құтқарушылардың төл мерекесі» деген ақпаратта Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құрылғанына 15 жыл және суда құтқару қызметінің құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты шара өткені сөз болады. Оған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қатысты.
Мерекелік шараға қатысушыларға «Жедел құтқару жасағының» қиын да қызықты сәттерін паш ететін бейнекөрініс көрсетілді. Аталмыш мекеме 2001 жылдың 6 сәуірінде БҚО әкімінің №2 шешімімен «Облыстық жедел құтқару жасағы» болып құрылып, оған басшылық қызметке Владимир Баштавенко тағайындалған болатын. Міне, содан бері аталмыш мекеменің қызметкерлері халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді.
- Төл мерекелеріңіз құтты болсын. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуіріндегі қаулысына сәйкес «Жедел құтқару жасағы» мен «Суда құтқару қызметі» біріктірілген болатын. Құтқарушылардың алдынан күн сайын қандай қиыншылықтар тап келсе де, өз істерін абыроймен атқарып келеді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз қаншама адамды қиыншылықтан құтқарды. Қазіргі таңда құтқарушыларымыздың республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүргені қуантады. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін, - деген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, жүзу құралдарына және жабдықтарына қызмет көрсету қызметінің басшысы Назар Ізтілеуовке, сүңгуірлік құтқару қызметінің басшысы Алексей Еремеевке, жасақ басшысының орынбасары Рашид Нұрғалиевке Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатын тапсырды.
Шаһар басшысы Нариман Төреғалиев, қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров, БҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ-ның басшысы Асқар Қылышев жедел құтқару саласының ардагерлеріне «ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің құрылғанына 20 жыл медалімен» марапаттап, өзге де үздік қызметкерлерге алғысхаттар тапсырды. Құтқарушылардың қызметін халыққа кеңінен насихаттап, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі уақтылы халыққа жеткізуде зор үлес қосқан Тұрар Кенжеғалиев (РТРК БҚОФ АҚ «Қазақстан»), Есенжол Қыстаубаев (облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газеті), Ақбота Төлеупова (ТДК-42) сияқты өңіріміздің журналистері де мекеме басшысының алғысхатымен марапатталды.
Шараға жиналған жұртшылық Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Полиция қызметкерлері марапатталды» деген ақпаратта (А.Өтебәлі) өз міндеттерін мінсіз атқарған облыстық ішкі істер органдарының үздік қызметкерлеріне ҚР Ішкі істер министрінің және облыстық ІІД-ның арнаулы атақтары мен марапаттары табыс етілгені баяндалған.
Дүйсенбі күні Жеңіс алаңында облыстық ІІД ұйымдастырған шара ішкі істер органдарының жеке құрамының сапқа тұруымен және Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды. Бұдан кейін облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Аблазимов ортаға шығып сөйлеп, ұжымын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Елбасының тәуелсіз мемле-кетіміздің өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі жөнінде айтты. Сөзінің соңында қоғам тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан өз ұжымының еңбегін атап өтіп, айтулы мереке қарсаңында бір топ полицей қызметкерін марапаттады. Оларды атап айтар болсақ, ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Михаил Протопопов ҚР Ішкі істер министрінің «Құрмет» грамотасымен, ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Махамбет Темірбаев пен ІІД анықтау басқармасының аға анықтаушысы, полиция майоры Миржан Киндихов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ ІІД штабы басқармасының бөлімше бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтеғұлов пен ІІД жол-патрульдік полициясы батальонының полицейі, полиция старшинасы Мұратбек Ізбасаров «ІІ дәрежелі ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісіне ие болса, ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Асхат Хасанғалиев пен ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығының аға инженері, полиция майоры Назгүл Уәлиге мақтау грамотасы табыс етілді. Өз қызметін адал атқарғаны үшін Тасқала ауданы ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Руслан Мұхамедрахимов пен ІІД техникалық қызмет басқармасының технигі, полиция старшинасы Галина Черноярова облыстық ІІД-ның алғысхатымен марапатталды. Бұдан басқа ел Президенті күніне орай ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІД жедел-криминалистика басқармасының аға криминалисі, полиция майоры Самал Ізбасарова мен ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлімше бастығы, полиция майоры Ғайнел Қайнеденов атқарып отырған лауазымында көрсетілген арнайы атағынан бір саты жоғары арнайы атаққа ие болды. Аталған қызметкерлердің екеуі де полиция подполковнигі атағын мерзімінен бұрын алды. Марапаттау рәсімінен соң жергілікті полицейлер қатарын жаңадан толықтырған 30 жас қызметкер өз міндетін мінсіз атқаруға ант қабылдады. Отан алдында ант берген тәртіп сақшыларын жаңа қызметімен құттықтаған ІІД бастығы Мақсотхан Аблазимов, ішкі істер органдарының ардагері, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев оларға қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысты ашу жолында сәттілік тіледі.
БҚО ҚАЖД РУ-170/3 мекемесінің қызметкері, әділет аға лейтенанты А.Молдабергенов «Елбасына елі риза» деп жазған.
Бүгінде еліміздің тұңғыш Президентінің салиқалы саясатын бүкіл әлем қолдап, қызығушылық көзқараспен, еліміздің болашағына деген сеніммен қарап, бірнеше елдің басшылары, саясаткерлер және тағы да басқа белді тұлғалары мойындап, оң бағасын беруде.
Ширек ғасыр ішінде республикамыз әлемдегі бірнеше беделді ұйымдарға мүше болды және оларға жетекшілік жасады. Осы уақыт аралығында Елбасымыздың елге сіңірген еңбегі көп. Солардың ішінде атап айтар болсақ, ядролық қарудан бас тарту туралы іс-шараларды қолға алды, сөйтіп, ол мұндай құжатқа қол қойған әлемдегі бірінші мемлекет
басшысы болды. Есілдің бойында Елорданы тұрғызды. Қазір Қазақстан мен Астана ажырамас бір ұғым іспетті. Астанада түрлі әлемдік деңгейдегі іс-шаралар жүйелі түрде өтіп келе жатыр. Ал-дағы жылы «EXPO - 2017» көрмесі болады.
Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен елдің әлеуметтік-экономикалық тұрмысын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, халық игілігіне жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Агробизнес - 2020» бар.
Салиқалы саясат ұстанып, елімізді ұлт пен ұлыстың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемде татулығы жарасқан мемлекет атандырған Елбасына елі риза.
«Ассамблеяға» саяхатта» еліміздегі ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту бағытында Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі зор екендігі атап көрсетілген. Мұның бірсыпырасы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Ассамблея» залында көрініс тапқан.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Орал политехникалық колледжінде көптеген іс-шара қолға алынған. Соның бірі - студенттердің облыстық тарихи-өлкетану музейіне саяхаттауы. Мұнда студенттер ғасырлар қойнауында қалған бабалар қазынасы туралы сыр шертетін жәдігерлермен, Жайық қалашығының, Қазақ хандығы мен Бөкей хандығының тарихымен кеңірек танысты.
ҚР тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолына арналған «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» мен «Ассамблея» залдары студенттерімізді баурап алды десе де болады. Егемендіктің алғашқы жылдарында Елбасымыздың Қазақстан халқы ассамблеясы сынды институтты құруы туралы шешімнің қабылдануы тарихи оқиға десе де болады. Бүгінгі таңда әлемде қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған мұндай әмбебап модель жоқ. Оны Н. Ә. Назарбаевтың моделі деп атайды.
Ассамблея залында ұлтымыздың және елімізді мекендейтін орыс, украин, беларусь, неміс, армян, әзірбайжан, ұйғыр, татар, кәріс сынды ұлттардың мәдениетін, дәстүрін, тұрмыс салтын көрсететін жәдігерлер, мұрағат құжаттары қойылған.
Осы залдармен танысу кезінде студенттеріміз үлкен әсер алды. Тәуелсіздігіміздің құндылығын түсініп, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуы бағытында қандай іс-шаралар қолға алынғанын зерделегендей болды.
Г.Әжігереева «Ладушки» - балақайларға жайлы мекен» деген мақаласында биыл қыркүйек айында Оралдың жаңа Бәйтерек шағынауданында «Ладушки» балабақшасы ашылып, жақсы істер жасалып жатқанын мәлім еткен. Ол жас ерекшелігіне қарай 1,5-5 жас аралығындағы төрт топта 72 балаға тәрбие беруге шақталған. Бүгінде онда 35 балапан тәрбиеленуде.
Жас кәсіпкер Дарья Мятеж екі жыл бұрын кішкентай ұлын балабақшаға беріп, жұмысқа шығуды ойлайды. Алайда балабақша кезегі келмей, тауы шағылады. Содан жеке балабақша ашуға бел буады. Жинақтаған жеке қаржысына ондай мекемені ашуға қауқары жетпейтінін түсініп, «Қазақстанның халық банкі» АҚ-ның облыстағы филиалынан 40 млн. теңге көлемінде несие алады. Содан кейін «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қолы жетеді. Несиелік қаражат 352 шаршы метрлік 2012 жылы салынған екі қабатты коттедж ғимаратын және жиһаз, құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Кәсіпкер ғимаратты санэпидемиологиялық талаптарға сай қайта жөндеп, балаларды тәрбиелеуге жағдай бары жөнінде тиісті орындардың рұқсатын алады.
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде ашылған балабақша мемлекеттік тапсырысты орындайды. Мұнда мемлекеттік мектепке дейінгі тәрбие орындарындағыдай әдістемелік бағдарламалар басшылыққа алынады. Сондықтан бізге қалалық білім беру бөлімінде кезекте тұрған балалар да келіп жатыр. Бүгінде топ жасақтау жұмыстары жалғасуда. Балақайлар балабақшаға қуанып келуі үшін отбасындағы жылылықты орнатуға тырысамыз. Бізде оқу-тәрбие жұмыстары орыс және қазақ тілдерінде жүреді. Әзірге тек орыс тілінде тәрбиеленетін топтар жұмыс істеуде. Қазақ тобын ашуға педагогтар іздестірудеміз, - деді балабақша басшысы Дарья Мятеж.
Жаңа әлеуметтік нысанда 15 адамға тұрақты жұмыс берілді. Балабақшаға инфекциялық жұқпалы аурулардың алдын алу үшін кварцтық шамдар сатып алынды. Тәрбиеленушілердің иммунитетін нығайту бағытында емдік шөптерден, итмұрыннан жасалған фитошай беріледі. Балабақшада асүйдің жұмысына өзіндік бақылау жасау жұмысы жолға қойылған. Әрбір ата-ана таңертеңгі, түскі асқа қалып, балаларға арналған тағамды байқап көре алады. Тәр-биеші Анна Сейтенова тобында 13 балақайдың барын, жеке балабақшада әр баланың дамуына жіті көңіл бөлінетінін айтады. Сондай-ақ таңертеңгі 9.00 сағаттан кешкі 6.30-ға дейін жұмыс істейтін балалар мекенінде кешкі топта жұмыс жалғасады. Бұл жұмыстан кеш қайтатын немесе іссапарға шығатын ата-аналар үшін жасалған. Қазіргі уақытта ата-аналар баласы үшін айына 20 мың теңге төлем төлейді. Ал кәсіпкерге мемлекет тарапынан әр балаға 16 мың теңге дотация беріледі.
- Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде облыста «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жалпы несиелік портфелі 16,4 млрд. теңгені құрайтын 101 жоба мақұлданды. Сонымен қатар кепілдік беру шамасы 770 млн. теңге, несиелік портфелі 1607 млн. теңге болатын 68 жобаға кепілдік берілді. Екінші деңгейдегі банктерден: «Халық банкі», «Сбербанк», «ВТБ банк» мейлінше белсенді. Зеленов, Бөрлі, Теректі аудандары да жақсы қатысуда. «Даму-Көмек» жобасы шеңберінде биыл мүмкіндігі шектеулі 3 кәсіпкерге демеушілік көмек көрсетілді. Сонымен қатар биылдан бастап қолға алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы (ЕДБ-ге қаржы 30.06.2016 ж. аударылды.) бойынша мақұлданған 15 жобаға 656 млн. теңге бөлінді, жалпы құны 36 млн. теңге болатын 6 жоба мақұлданды. Жалпы құны 151 млн. теңге 9 жоба екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда. 23 жоба ауылдық жерлерде (74%-ы) жүзеге асырылуда, - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының құзыреттілікті арттыру бойынша бас менеджері Ренат Құсманов. Оның айтуынша, қаржылық қолдау көрсету (субсидиялау немесе кепілдік беру) жұмыстарының алдында «Даму» қорының және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары үлкен дайындық жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарымен мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларға қажетті құжаттар жинауда, банктерге тапсырыстар беруде көмектер көрсетілді. Жыл басынан бері кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығында бизнес ашу, бухгалтерлік есеп жүргізу, заңгерлік, бизнес-жоспар дайындау мәселелері бойынша бір мыңнан аса кеңестік қызмет көрсетілген.
Осы автор «Ортопедиялық салон жұмысын бастады», дейді.
Қаладағы Алмазов көшесінде «Әлібеков А.А» кәсіпкерлігінің ортопедиялық салоны ашылды. Биыл бұл жобаға (старт-ап) «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетілді. «Даму» қорының облыстық филиалының кепілдігімен ғимараттық орын алуға берілген несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Ал салонға қажетті жабдықтар, соның ішінде жедел ем-шара жүргізетін заманауи құрал-жабдықтар жеке қаражатқа алынды.
Өңірдегі травматологиялық-ортопедиялық бағыттағы қызмет көрсететін алғаш ашылған салонда 3 адам жұмыс істейді. Салонның қызметі медициналық қызметтер (ақылы кеңестер, компьютерлік диагностика, сынықтарды емдеу, табан деформациясын түзетудің жекелеген тәсілдерін таңдау, ортопедиялық тауарларды, соның ішінде аяқ киім сату, тірек-қозғалыс жүйесі ауруларының алдын алу және басқалары) көрсетуге бейімделген.
- Өңірде жастар арасында майтабандылық немесе табаны деформацияланғандар көп кездеседі. Сондықтан ондай аурудың алдын алу шараларын жүргізіп, қажетті жағдайда емдейміз. Жалпақ табан адам жүргенде тез шаршап, балтыры, табаны, белі ауырады. Табандағы өзгерістер адамның тізе, жамбас буындарының, омыртқа сүйектерінің өзгерісіне соқтырады, - дейді Асылбек Әлібеков. Оның айтуынша, табан сүйектері дененің бүкіл салмағын көтереді, яғни табан сүйектері сәл доғалау келіп, жүргенде, секіргенде серіппе қызметін атқарады. Үнемі биік өкшелі, қытайлық жалпақ табан аяқ киім киюдің салдарынан табан сүйегі ауыртпалықты көтермей, өзгеріске ұшырайды. Жоғары санатты травматолог-ортопед дәрігер ретінде ол ата-аналардың балаларының болашағы үшін қандай аяқ киім киетініне мән берудің маңыздылығын айтады.
Асылбек Әлібекұлы 2004 жылдың тамызынан бері облыстық клиникалық ауруханада травматолог-ортопед дәрігер болып еңбек етеді. Кәсіби біліктілігін Қазақстанның, Ресейдің, Польшаның іргелі медициналық және ғылыми орталықтарында жоғарылатқан және тірек-қозғалыс жүйесін емдеудің барлық түрлерін игерген.
2012 жылы «Жайык-орто» ЖШС компаниясын құрып, ортопедиялық тауарларды жеткізумен, сатумен айналысты. Енді жаңа салон ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуге кіріскен жайы бар. Салондағы ота жасайтын орынның барлық талапқа сай екенін «Даму» қорының облыстық филиалы ұйымдастырған пресс-тур барысында көріп, байқадық.
- Бүгінде аяқтың үлкен башпайының өзгеруі салдарынан сүйекшенің (шишки) пайда болуынан қиналып жүрген әйелдерге ота жасауды қолға алдық. Келешекте буындарды ауыстыру оталарын жасаймыз, - деді Асылбек Әлібеков.
Н.Текебаев «Атты екен қандай адам көзі қиып?!» деген мақаласында өңірдегі өзекті мәселені көтерген.
Қарашаның 25-і күні облыстық прокуратурада жануарлар әлемін, соның ішінде киіктерді қорғау саласына қатысты алқа отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, киік популяциясын қорғауға тиісті мекемелер мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысты.
Ақбөкеннің 70 пайызы - Ақ Жайық өңірінде
- Қазақстанда 100 мыңнан астам киік болса, оның 70 пайызы Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Бөкендерді заңсыз аулау бес есе көбейген. Мәселен, 2014 жылы браконьерлікке қатысты төрт дерек тіркелсе, биыл 19 қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Соңғы үш жылда аудандар бойынша заңсыз киік аулауға байланысты Қазталовта - 17, Бөкей ордасында - сегіз, Жәнібекте - алты, Жаңақалада - үш, Тасқалада - екі, Зеленовта - бір, ал Орал қаласында бір дерек тіркелді. Бүгінге дейін облыс бойынша браконьерлерден 208 киік төшкесі мен 941 мүйіз тәркіленді. Бұл көрсеткіштегі айырмашылық жауапты органдардың 262 киікті қарауылға іліктіргендердің жолын кесе алмағанын дәлелдейді. Соңғы үш жылда қозғалған 38 қылмыстық істің 16-сы бойынша жауапқа тартылғандарға 74 млн. теңге айыппұл тағайындалған. Бүгінге дейін айыппұлдың 7,9 пайызы, яғни 6 млн. теңге қаражат қана өндірілген. Яғни киік популяциясын қамқорлайтын уәкілетті мекемелер мен құқық қорғау органдары арасында бірлесе қимылдау мен шешім қабылдауда үйлесімділіктің болмауы, іс-шараларды жоспар-лау мен жүзеге асыруда нақты қадамдардың жасалмауы, қылмыстық істі сөзбұйдаға салу, айыппұлды уақтылы өндірмеу киік популяциясын қорғаудың тиімділігін төмендетуде. Бөкендердің мүйізі тәркіленгеннен кейін жойылатыны белгілі. Біз бас прокуратураға заңнама аясында акт рәсімдеп, оларды қажетке жаратуды, дәрі-дәрмек жасауды ұсындық, - деді облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.
Алқа отырысында облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Асылан Жаңатауов баяндама жасамастан бұрын, тақырыпқа сәйкес шағын фильмді назарға ұсынды. Бейнежазбада Қазақстанда киіктің Бетпақдала, Үстірт, Орал популяциялары сақ-талғаны айтылды. Сайғақтар ареалы еліміздің он облысын және көршілес Ресей Федерациясы мен Өзбекстан елдерінің өңірлерін қамтиды. 2015 жылдың басында Қазақстандағы киіктер саны 300 мыңға жуық болған. ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысымен 2020 жылға дейін бөкендерді аулауға тыйым салынды. Соған сәйкес кінәлілер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Фильмде қылмыс үстінде әшкереленгендер де көрсетілді. Мысалы, былтырғы шілденің 31-інде Орал қаласының маңындағы Желаев кентінде Алматы облысының тұрғыны Амангелді Жантөреев 149 дана киік мүйізімен ұсталған. Жауапқа тартылғанына қарамастан, сол жылғы 4 қыркүйек күні Бөкей ордасы ауданында А. Жантөреев пен оның сыбайластары мінген автокөлік салонынан 50 дана сайғақ мүйізі тәркіленді. Заңсыз киік аулау ісін бүркемелеу үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері де көзбояушылыққа барған. Тергеуші Дәурен Мұқанов шілде айында толтырылған хаттамадағы деректі бұрмалап, алматылық Жантөреевтен тәркіленген мүйіздер санын 49-ға дейін кемітіп көрсеткен. Сот үкімімен Д. Мұқановтың 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, полиция майоры шенінен айырылды. Биыл қазан айының 14-і күні таңғы сағат 7.00-де «Охотзоопром» ӨБ РМҚК-ның Орал өңірлік филиалының инспекторлары Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылдық округінде «Нива» автокөлігімен аңшылыққа шыққан учаскелік инспектор Д. Әшімовті әшкереледі. Көлік ішінен арамен кесілген 14 мүйіз бен тоғыз киік төшкесі табылды.
Жат діни ағым мүшесі де араласқан
- Соңғы үш жылда біздің облыста киік популяциясы 30 мыңнан 70,2 мыңға дейін өсті. Есесіне, көрші өңірлердегі көрсеткіш құлдырады. Бағалы киік мүйізін заңсыз жолмен сату тыйылмай келеді. Қазақстанда сайғақ мүйізінен дәрі-дәрмек жасайтын бірде-бір мекеменің жоқтығынан, құнды «шикізат» Оңтүстік-Шығыс Азия ел-деріне контрабандалық жолмен жылыстауда. Талдау барысы көрсеткендей, Қазақстандағы «қара» нарықта киік мүйізінің бір келісі 10-нан 100 мың теңгеге дейін бағаланады. Ал Қытайдағы құны 4-тен 10 мың долларға дейін шарықтайды.
Облыста заңсыз киік аулауға қатысты деректерге сүйеніп, табиғатты қорғау прокуратурасы қосымша 340 млн. теңгеден астам қаржының айыппұл есебіне кіргізілмегенін анықтады, - деген облыстық мамандандырылған та-биғатты қорғау прокуроры Асылан Жаңатауов уәкілетті органдардың жұмысындағы кемшіліктерді де баяндады.
«Охотзоопром» РМҚК-ның өңірлік филиалы қарауында бес тірек пункті бар. Республикалық бюджеттен қаржыландырылса да, мекемедегі мемлекеттік инспекторлар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. 12 дана қызмет көлігінің тең жартысында техникалық ақау бар. 28 мемлекеттік инспектордың мамандығына сәйкес білімі жоқ, оларға қызмет жағдайында пайдаланылатын 16 дана қару берілген. Қысқы маусымда қар үстінде жүретін арнайы көліктермен қамтамасыз етілмеген.
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті БҚО аумақтық инспекциясының да материалдық-техникалық базасы нашар. Инспекция үш дерек бойынша мергендер нысанаға алған бөкендердің өлімтігін тапқан, браконьерлердің өзін анықтай алмаған.
Аталған мекемелермен қоян-қолтық жұмыс жасамаған БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау бөлімі де профилактикалық шараларға салғырт қараған. Ішкі істер органы қызметкерлерінің басқа өңірдегі әріптестерімен ақпарат алмасу жолға қоймаған. Заңсыз киік аулаған күдіктілердің 39-ы Батыс Қазақстан (18-і Қазталов ауданынан), 25-і басқа облыстардан (10-ы Атыраудан), үшеуі РФ азаматы екені анықталған. Былтырғы шілде айында Алматы және Жамбыл облысының 10 тұрғыны мінген автокөлік Бөкей ордасы ауданында тоқтатылады. Келесі күні олардың белгілі «кейіпкер» А. Жантөреевпен бірге ұсталғаны және дәстүрлі исламнан басқа діни ағымның өкілдері екені мәлім болды.
Облысымыздың бес ауданында бөкендер жайылмайтын аумаққа киіктердің тасымалданғаны анықталды. Мәселен, БҚО ІІД-ның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері Орал қаласының темір жол бекеті ауданында «Тойота» автокөлігін тексеріп,
салонға жаңа ғана кесілген 402 дана мүйіздің тиелгенін әшкереледі. Яғни браконьерлердің қала ішінде сайғақтардың аталықтарын емін-еркін тасымалдағаны кәдік.
Баяндамашы аталған деректерді жіпке тізгендей қылып айтқан соң, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов контрабандалық жолмен киіктің бағалы өнімдерін тасымалдаумен айналысқандар жөнінде мәлімет жоғын айтып, мұны құқық қорғау органдары тарапынан жіберілген зор кемшілік деп атап көрсетті. Табиғатты қорғау прокурорына барлық уәкілетті және құқық қорғау органының қызметін үйлестіру мақсатында жоба дайындауды тапсырды. Ол үшін бір ай мерзім берді.
Браконьерлер туралы мәлімет жинақталмақ
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөз алып, «Охотзоопром» ӨБ-ның Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы бөлімдерінде жұмыс орны қысқартылып, биыл ашылған Орал өңірлік филиалының қызметкерлерінің саны артқанын, олардың қатарына аумақтың ұңғыл-шұңғылын білетін жергілікті мамандарды жұмысқа тартудың маңыздылығын айтты. «Сайғақтар ауру малмен бірге жайылуы да мүмкін. Олардың өлімтігін белгілі орынға көму жұмысында да кемшіліктерді реттеуді осы филиалға тапсырып отырмыз», - деді Арман Кәрімұлы.
Алқа отырысында баяндама жасауға шыққан уәкілетті органдардың басшыларын облыс прокуроры сын тезіне алды. «Охотзоопром» ӨБ өңірлік филиалының директоры Сәбит Дүйсекеновке мекеме қызметінің сылбырлығын айтып, алдағы уақытта бұлай жалғасса, түбі жақсылыққа апармайтынын ескертті. Сондай-ақ жануарлар әлемін қорғау саласында қалыптасқан ахуалды оңалту үшін нақты ұсыныстарымен бөлісуді, инспекторлардың біліктілігін көтеруді жолға қою керектігін айтты.
- Мекемедегі жергілікті 22 инспектор кімнің аңшылықпен айналысатынын бес саусақтай білетіні сөзсіз. Учаскелік инспекторлар да хабардар. Арнайы құрал-жабдыққа сықа толы көліктер облыс аумағында емін-еркін жүр. Бұл жөнінде ешқандай ақпарат жасырын қалмасын! - деді облыс прокуроры Сәбит Дүйсекеновке. Ол дәл осы мәселені ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевке де бағыттап, браконьерлікпен айналысуы мүмкін күдіктілер туралы мәліметтерді фотосуретімен құжатқа құпиялығын сақтай отырып енгізіп, табиғатты қорғау прокуратурасына жолдауды, қылмыстық іс үстінде әшкерелегендер жайындағы ақпаратты БАҚ құралдарына ашық жариялап отыруды тапсырды. Қайрат Қадешев 2010-2011 жылдары белгісіз аурудан қырылған мыңдаған киіктердің орнын қарақшымен (чучело) қоршап, шектеулі аумаққа сайғақтарды кіргізбегенін, 2012 жылдан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да мұндай аурудың алдын алу шарасы мақсатында бірнеше киік пен олардың төлдеріне ғылыми зерттеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Облыстық ІІД ЖПҚ-ның басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин қоғамдық ұйымдармен бірлесе қажетті шара алуды ойластырып жатқандарын жеткізді. Заңсыз аң аулаумен ұсталғандар туралы мәліметтер енген республикалық «Браконьер» атты деректер базасын құруды, киік атқаны үшін кінәлінің өмір бойы аңшылық құқығынан айырып, қаруын тәркілеу бабын заңнамаға енгізуді ұсынды. Оның ұсыныстары құзырлы орган тарапынан қолдау табатынын айтқан облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлы облыс аумағында аңшылық құралдарымен жабдықталған көліктер туралы толыққанды мағлұматтарды келесі жылдың 15 қаңтарына дейін анықтауды тапсырды.
Журналист Е.Қыстаубаев «Рахымжанның «Алтыбақанын» қаз-қалпында берген.
Бәрі де есте. Содан бері отыз бес жылдай уақыт өтіпті-ау, бірақ әлі көз алдымда тұр. Рахымжан ол кезде Алматыда, республикалық телевидениеде жұмыс істеп жатты. Содан үш-төрт жыл бұрын «Орал өңірінде» бірге істегенбіз.
Мезгіл көктем еді. Мен қысқа мерзімдік курсқа Алматыға шұғыл баратын болдым. Тап сондай курста редакциядағы әріптесім Өтепберген оқып жатқан. Алматыға қарай өкшем көтерілгенде Өтепбергенге қоңырау шалдым. Ол қуанып кетті: - Ешқайда алаңдама, мен «Түркістан» қонақүйіндемін, қасымда бір орын бос, саған әзірлеп қоямын. Тиын-тебенің мол болсын, - деді телефонның арғы жағынан ұшып кетердей елпілдеп. Үш күннен кейін ұшақпен Алматыға топ ете түстім. Әуежайдан Өтепбергенім қарсылап алды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, өткендегі телефондағыдай емес, назары пәстеу. Құлағын жымып, ытырыла жөнелгелі тұрған таксидің жалына жармасып жатып, «Қонақүйге тарттық па?» - десем, төмен қарап, күмілжи береді. Сөйтсем, қонақүйдегі нөмірден айырылып қалыпты... Жастау кезіміз ғой, бүлдірмей жүреміз бе?.. «Осы Алматыда 5-6 жыл болдың ғой, өзің бір жолын тапсайшы...» - дейді жүзін төмен салып. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» - дегім келіп тұрдым да айтпадым, досымды аядым. Өтепбергеннің «бір жолын тапсайшы» - деуінде мән бар. Алматыда бес жыл болғанда нағашымның үйіндей болып кеткен, мен үшін бір аяулы мекен, қадірлі шаңырақ бар. Ол - ҚазГУ қалашығы, ондағы осы қалашықты салған құрылысшылардың «Алатау» жатақханасы. Ауысып кетпесе, «Алатаудың» Иван Иванович Рак деген еврей коменданты болуы керек. Ендеше, кеттік. Таксидің тұмсығын сол жатақханама тіредік. Рак орнында екен, бет-аузы тек мұрыннан тұратын. Сол нән мұрны күлгенде тіпті шығандап, баяғысынша бет-аузын көрсетпей, мені бауырындай қарсы алды. Оның өйтетін себебі бар, жатақханада тұрған кезімде тәртіп пен тазалық жөніндегі мәселелерге жауапты оң қолы болғанмын. Әр бұрышынан жиырмадағы қайран күндердің елестері сығалап, сыңғырлап тұрған бес қабатты жатақхананың біраз жерін аралап шықтым. Сағынып қалыппын. Вахтерлердің дені сол баяғысынша жұмыс істеп жатыр екен. Солардың ішінде Наталья Марковна деген 70-тен асқан кемпір бар еді. Соған дейін орнында отыр. Бұрқыратып папирос тартады. «Мои пернатые вернулись!» - деп ол апамызға дейін қуанып жатыр. Жатақхана болғасын демалыс, мереке күндері қыз-қырқын, достар дегендей қонаққа келмей тұрмайтын баяғыда. Бірақ тәртіп қатал, бөгде адамдарды (әсіресе, қыздарды) табалдырықтан аттатпайды. Сондайда Наталья Марковнаға сол кездің мөлшерімен алғанда қымбаттау «Қазбек» папиросы мен (апамыз бұрқыратып «Беломор» тартады) плиткалы шоколад сыйлап көңілін табамыз. Соларымызды есімізге салған Наталья Марковна мәз-мейрам.
Бұрынғы комендантым бірінші қабаттан үш кісілік бос тұрған бөлменің кілтін қолыма ұстатып, «Живи, сколько хочешь» - деді Тәңір жарылқағыр. Курстың басталуына әлі бірер күн бар. Шалқайып қалай жатасың бөлмеде. Жүрген сайын, көрген сайын көзіңді суырып, көңіліңнің түкпірінде бұғып жатқан өткен күндерді қайта сәулелендіретін Алматы «көр, қыдыр» деп шақырып тұрса, жата аласың ба?.. Күні бойы көрікті жерлерді аралап, әбден құмардан шықтық. Ақшам жамырады-ау деген шамада Рахымжанға телефон соқтық. Ол жұмыстан кешкі сағат 7-лерге қарай шығады екен. Бұлай қарай шығарда жұмыс орнымның берген іссапарлық қаражаты бар, Өтепбергеннің «тиын-тебенің мол болсын» - деп ықтияттағаны тағы бар, қалтам қомақты. Соның да буы шығар, Өтепбергенмен салыстырғанда байдың баласындаймын, көшеде келе жатқанда алда жүремін (Бұл менің қазіргі Алматыға келген бойдағы күйім ғой. Алға озыңқырап айтсам, курс аяқталар шамада қымбат мейрамханаларға бармақ түгілі, студенттердің арзан асханасына бір аяқтап кіретін, қайтар жолға ауылдан ақша сұрататын халге жететінімді мен, әрине, ол кезде білмеймін ғой...). Рахымжанды кешке Алматыдағы 25 қабат «Қазақстан» қонақүйінің сол кездегі «По, дегізерлік!» мейрамханасына шақырдық. Рахаң, әрине, қуана-қуана келісті. Бір-бірімізді сағынып қалған екенбіз, мейрамханада армансыз тойладық. Түн ортасынан ауып, мейрамхананы әбден жаптырып шықтық. Рахаң ол кезде өлеңнің, поэзияның шалығы тиіп, күйіп-жанып жүрген шағы.
Тостыларымыздың арасында желкесіне түсетін мойылдай қара шашын шалқасынан қайырып тастап, өлең оқыды. Студент кезінде өзі айтқандай «жағын сауып», облыстық радиода диктор болған. Дауыс бар, мақамы одан да мықты. Шеген құдықтың шыңырауынан күңгірлеп шыққандай күшті әрі қоңыр, әрі салмақты үні мейрамханада отырғандарды жалт қаратады. Құдай-ау, содан Рахаңның Яблоневая көшесі (мейрамханадан таяқ тастам жерде екен), 6 «а»-үйдегі жалдамалы пәтеріне қырық аялдап жеттік-ау... Пәтері жартылай жердің астында. Үстінде орыс қожайыны тұрады. Бір ғана бөлме. Бір кереует, бір үстел. Өтепберген екеумізді кереуетке салды. Бөлме жартылай жердің астында орналасқандықтан ба, салқын екен. Мейрамхананың бізге өз ақшамызға «сыйлап» жіберген қызуы тарқап бара жатты, әлгі салқындықтың күштілігінен. «Өзің қайда жатасың?..» - дейміз біз. «Маған алаңдамаңыздар, демала беріңіздер. «Алтыбақанның» (Рахымжан сол кезде республикалық телевидениеден жаңадан көрсетіліп жүрген осы хабарға жауаптылардың бірі екен) сценарийін даярлап апаруым керек, ертең таңертең» - деді. Сөйтсек, алтыбақан теуіп отырып айтысатын қыз бен жігіттің бір сағатқа жуық өлеңмен айтысын Рахымжан жазып апаруы керек. Жай сөзбен емес, өлеңмен!!! Бағанағы мейрамханадағы алапат отырыстан кейін қыз бен жігіттің айтысын жазу?.. Және оны ертең бүкіл қазақ елі тамсанып тыңдайтындай (солай болды да) етіп бастан-аяқ өлеңмен өру кешіріңіз, бұл енді біздің ақылымызға мүлдем кірмей-ақ қойды сол сәтте...
Таңға жақын қатты тоңғаннан оянып кеттім. Рахымжан үстіне пальтосын жамылып алған, әлі жазып отыр... Қасындағы электр плиткіге қолдарын тосып, әлсін-әлсін жылытып алып, алдындағы қағазына қайта төнеді...
Таңертең «Жігіттер, қайырлы таң! Тұрыңыздар, шай дайын» - деген дауыстан көзімізді зорға дегенде тырнап аштық. Анадай жерде, электр плиткасының үстіндегі ескі шәйнек тұмсығынан бу атып, секіріп түсердей қалшылдап тұр. Бізге шай қайнатып қойған ғой...
Рахымжан өзі көңілді-ақ. «Бастығым Құсекең (телевидениедегі халық шығармашылығы бөлімінің бас редакторы, жазушы Құсман Игісінов ағамызды айтып отыр) кеше «Бала, айтыстың текстісі таңертең менің алдымда болсын» деген. Қуанып қалатын болды. Мұны тергізіп, әрі қарай театрдың әртістеріне береміз, жаттауға. Музыканттар әуенін жазады», - деді. Мен әлі де болса сеніңкіремей: «Көлемі қандай болды, көрейінші», - дедім. Рахымжан шиыршықталған қағазды қолыма ұстатты. Кәдімгі ақ параққа сықыстырып жазған да, әр парақты шетінен бірбіріне желімдеп отырған. Машинкадан шыққан лентадай, жазу үстелінен сусып төмен түсе берген. Рахымжан әлгіні қолына алып, басынан асыра созып, тарқатқанда, екінші шеті еденде жатты... Онда да толық тарқатылмай. Және парақтардың қос беті де өлең жолдарына мөймілдеп тұр... Оқып келіп жібергенімде жалт-жұлт етіп, жұтынып тұрған жолдар бірінен-бірі өтеді. Арасында әзіл-қалжыңмен бірін-бірі ырғасқандары қандай? Таңғалмасқа, Рахымжанның еңбекқорлығына, жанкештілігіне тәнті болмасқа амалым қалмады...
* * *
Осы өткенде, қазан айының соңғы күндерінде Рахымжан Отарбаев Оралға ат басын бұрды. Театрлардың Оралда өткен фестиваліне келіпті. Қасында Ақ Жайықтан түлеп ұшып, қазір Астанада қызмет атқаратын журналист ініміз Ғабит Молдамұратов бар, Монғолиядан келген ақын-жазушы, тарихшы Сұраған Рахметұлы бар, біздің үйдің дастарқанында бас қостық. Темір Құсайын, Аманкелді Шахин бар, өткен күндердің шоғын көсеп, біраз жерге бардық. Шалқып отырған сәттеріміздің бір мезетінде мен жоғарыдағы жәйтті еске түсірдім. «Апырмай, Алматыдағы менің тұрған пәтерімнің мекенжайына дейін ұмытпапсыңдар», - деп Рахаң қуанып қалды. Сосын: «Анау «Алтыбақанға» келетін болсақ, ол рас... Ол кезде телевидениеге өшіп бара жатқан салт-дәстүрімізді әкелу, соның ішінде қыз бен жігіттің айтысын шығару қып-қызыл соғыспен жүрді ғой. Әсіресе, айтысты телевидение арқылы қайта тірілту оңай болған жоқ. Өлеңін өзіміз жазып, оны алтыбақан тепкен қыз бен жігіттің аузына салып, халқымыздың ұмытылып бара жатқан жауһарын қайта жандандырамыз деп сондай-сондай приемдарға барғаны-мыз рас. Шүкір, кейін бәрі орнына келді ғой», - деді.
* * *
Тағы бір оқиғаны есіне салдым. Алматыға тағы бір барғанымда Рахымжан жан-жақты қолайлы пәтерге көшіпті. Басыбайлы емес, баяғысынша жалдап тұрады. Бір күні барсам, нән кілемді шиыршықтап, екі жерінен байлап, әл-деқайда жиналып жатыр.
- Оу, Раха, көш қонықты болсын, - дедім пәтер алып, көшкелі жатыр екен деп ойлап қалып.
- Қайдағы, мына кілемді ломбардқа апарып тапсыру керек, - дейді. Қолым бос еді, алып баруға көмектесейін деп мен де ердім. Троллейбуспен көк базардың қасындағы ломбардқа тартып келеміз. Кезекті бір аялдамадан Рахаңның танысы болуы керек, бір жігіт кірді де, амандаса кетті. Арасында: - Әй, Рахымжан мынандай кілемді қайдан алдың, мұны жуу керек қой, - деп самбырлай жөнелді. Рахаң болса: - Ломбард деген түрмеде осыдан кішілеу кілемім жатыр. Мынау соның ағасы, түрмеде жатқан інісін құтқаруға бара жатқан, - дегені. Ана жігіт аң-таң. Сөйтсек, Рахаң бұдан бұрын қаражаттан қысылып қалып, кішілеу кілемін ломбардқа өткізген. Оның мерзімі бітіп, енді алған ақшаны қайтарып бермесе, кілемнен айырылады. Ондай ақша тап қазір жоқ. Мұндайда ломбардтың талабы бойынша қымбаттау зат апарып, арзандау затыңызды қайтарып алу керек. Соңынан алған ақшаны қайтарсаңыз, анау затыңызды да қайтарып береді. Үлкен кілемді ломбардқа апара жатқан себебі сол екен. Бірақ соны «інісін құтқаруға бара жатыр» - деп тапқырлықпен жеткізгеніне танымайтын жігіт екеуміз шегіміз қатқанша күлдік. Мұны айтып отырған себебім, Рахымжанның бұл қыры оның повесть, романдарынан, драматургиялық шығармалары мен әңгімелерінен де жиі кездеседі. Қай шығармасын оқысаңыз да, юморды шебер өретіндігі сізді тәнті етпей қоймайды. Сенбесеңіз, кітаптарын оқып көріңіз...
Жәнібек ауданынан Н.Жапақов «Өз еріктерімізбен жазылудамыз», - дейді жәнібектік оқырмандар» деген мақаласында баспасөзге жазылу науқанының барысын баяндаған.
Облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов жуырда аудан орталығындағы М. Ықсанов атындағы колледжде және Тау, Ұзынкөл, Күйгенкөл ауылдарында болып, оқырмандармен жүздесті.
Аудан орталығындағы оқырмандармен болған кездесуде аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов жұртшылықты ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен қызу құттықтап, облыстық «Орал өңірі» газетінің оқырмандар арасындағы ойып тұрып алар орны ерекше екендігін, алдағы жылы бұл басылымның өмірге кел-геніне 100 жыл толатынын айта келіп, аудан бойынша мерзімді басылымдарға жазылу қарқынды жүргізіліп отырғанын баян етті. Өз кезегінде сөз алған облыстық басылым редакторының орынбасары облыстық қос басылым мен 12 аудандық газетке қамқор болып отырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның мерейтойға байланысты алдағы уақытта бірқатар іс-шараларды қолға алатынына тоқталып, алдағы жылы оқырмандарды қандай мақалалардың қызықтыратынын білгісі келетінін, сондай-ақ газеттегі сырт көзге байқалатын кемшін тұстармен ауыл-аймақтағы көкейкесті мәселелерді де ашық айтуға, пікірлесуге шақырды.
Кездесуде Жәнібек ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қабаш Жүнісов облыстық «Орал өңірі» газетінің безендірілуі бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарып, оқырмандарды тартып тұратынын, балаларға, жастарға арналған беттердің көңілден шығатынын айтты.
- Жақында облыстық газеттің бетінен Бекболат Машқанов пен Мақсот Досжанов туралы жазылған мақа-лаларды оқып, өзімнің көз көрген қос жерлесім, замандасыммен қауышқандай болдым. Сол сияқты аталған газет бетіндегі өнер, спорт, білім салаларына қатысты материалдарды қалт жібермей оқимын. Сын мақалалар бұрын жиі жазылса, қазір сиректеу шығады. Өнер адамдарына қарағанда, мұғалімдер туралы материалдар анда-санда ғана жарық көреді. Аудандардағы аурухана, пошта мекемесі жұмыстарының көлеңкелі тұстарына көбірек көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар, - деді ол.
- Облыстық газеттің тұрақты оқырманымын. «Орал өңірін» аудандық пошта мекемесінен айына бір рет зейнетақыға барғанда алатын едім. Онда да жазылатын басылымдарымды алдын ала емес, тек қолыма тиерде ғана бөлетін. Қазір, шүкір, пошта қызметкерлері газетті 3-4 күнде үйге жеткізіп тұр. Бұрынғы кездесулерде «Орал өңірі» газетінде соғыс отына шарпылған ауданымыз жөнінде деректер жазылу керектігін айтқан едім, ол тілегім орындалды. Аудандық газеттің редакторы Ахмедияр Батырханов облыстық, аудандық мұрағаттарға барып, со-ғыста хабарсыз кеткен боздақтар жайында жазып жүр. «Орал өңірінде» де осындай тарихи тақырыптағы мақалалар жиірек жарияланса. Сонымен қатар шаруа қожалықтары «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, жеке өзі ештеңе бітіре алмайды. Халыққа пайда келтіру үшін олардың ауылдық тұтыну кооперативіне бірігу қажеттігі әлде де тереңірек пайымдалып жазылса. Сосын ұялы телефон мен ғаламторды бағытсыз қарау жас жеткіншектердің санасын улап, оларды қате жолға түсіруі мүмкін екендігін психологтарды, педагогтарды, заң қызметкерлерін басылым бетінде сөйлету арқылы жазып тұрса, құба-құп болар еді, - деді зейнеткер Болат Закарин.
Кездесуде, сондай-ақ аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Ахмедияр Батырханов кейбір ақсақалдардың ауызша айтумен белгілі тұлғалардың дүниеге келген жерін бұрмалайтынын, сондықтан мұрағат құжаттарын негізге алып, баяндауға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.
Тау, Ұзынкөл және Күйгенкөл ауылдарындағы кітапханалар мен мектептерде өткен кездесулерде «Орал өңірі» газетінде жарияланатын ақпараттық және танымдық мақалаларды басым көпшіліктің жүйелі түрде оқитындығы байқалды. Тау ауылында тұратын Төлебай Әзберген ақсақал облыстық басылымның жылдан-жылға тартымды болып шығып келе жатқанын, түрлі тақырыптардағы мақалалардың ылғи да жазылатынын, соның ішінде ауыл өмірінің мәселелері ұдайы қамтылатынын сөзіне сүйеніш ете отырып, - Облыстық газет бетінен Есенжол Қыстаубаев, Гүлжамал Кенжеғалиева, Сәкен Әбілхалықов сықылды тағы да басқа журналистердің жазған мақалаларын іздеп оқимын. Дін тақырыбында да материалдар жарияланып жатады. Кеңес үкіметі кезінде балаларға дін тақырыбында ештеңе айта алмадық. Енді сол олқылықтың орнын толтыратындай газетте жастарға дінді үйрету жағы көбірек жазылса деген ұсыныс айтамын, - дейді. Ал осы ауылдағы мектептің мұғалімі Асыл Құлмырзина «Орал өңіріне» мұғалімдердің жыл сайын ешкім мәжбүрлемей-ақ, өз еріктерімен жазылатындығын, өлкемізден шыққан танымал жандар туралы мақалаларды, жерлес ақындардың өлеңдерін оқығанда бір жасап қалатынын баян етіп, газет бетінде облысқа белгілі адамдардың елеулі еңбектері жөнінде жастарға үлгі болатындай үзінділер жиі жазылса және қазіргі заманға сай кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету мақсатында «Бизнес сабақтары» іспеттес айдар ашылса деген пікірін білдірді. Ұзынкөл мектебінің мұғалімі Нұрлан Кәрімғалиев ғасырға жуық тарихы бар облыстың басты басылымында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, елдің өткен тарихын қаузайтын материалдардың жиі жарық көретінін ризашылықпен айтты.
- Елбасының ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған «Құлан», «Сыбаға», Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары мен шаруа қожалықтарының жарқын істері де газет бетінен тыс қалған емес. Мәселен, басылымның таяудағы санынан «Шаруасын шалқытқан Шалқар» атты біздің ауданнан жазылған мақалада Орал қаласынан Жақсыбай ауылына қоныс аударып, мал өсірумен айналысып жатқан жігіттің қарымды ісі жан-жақты жазылуымен жұмыссыз жүрген жастарға тәрбиелік мәні зор болды деп есептеймін. Ауыл адамдарына қиыншылық тудырып отырғаны - басылым бағасының жылдан-жылға қымбаттауы. Мұның өзі табысы аз отбасылардың газетке жазылуына кедергісін тигізіп отыр. Бұл жағдай оңтайлы шешілсе дейміз, - деді ол өз сөзінде.
Емін-еркін, ашық-жарқын өткен кездесу барысында, сондай-ақ Ұзынкөл ауылындағы пошта байланысы мекемесінің қызметкері Орынғаным Ғатауоллина, ауыл мұғалімдері Сансызбай Қауенов, Алтын Досқалиева облыстық басылымда денсаулық, медиация мәселелері және әдеби-көркем шығармалар жиірек жарияланса екен деген тілектерін білдірсе, Күйгенкөл ауылындағы зейнеткерұстаз Жұпар Хамзина газеттегі «Ғибратты айдар» бетін жетілдіріп, басылымда отбасы тәрбиесі, ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас туралы кеңінен жазылған дүниелер қамтылғанын жөн көретінін жеткізді. Үш ауылда оздырылған кездесулерге ауылдық округ әкімдері Алтай Бақтығалиев, Әлия Оспанова және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова мен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшысы Айдынғали Есенғалиев қатысып, «Орал өңірі» газетіне келер жылы ауылдағы оқырмандардың көптеп жазылатынына сенімді екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, газет материалдарын оның сайтынан да (oraloniri.kz) оқи аласыздар.