10:23, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Үздік жас көлік инспекторлары облыстық форумға жиналды
ПАВЛОДАР. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодардағы Оқушылар сарайында өткен жол қозғалысы жас инспекторларының облыстық форумы аймақтың барлық қалалары мен аудандарынан жол полициясы көмекшілерінің үздік жасақтарын жинады, деп хабарлады білім басқармасынан.

Олар жолда жүру ережелерін білуден, көлік апатынан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуден, құрбы-құрдастарына жолда жүру ережелерін, көшелер мен жолдарда қауіпсіз тәртіп бойынша өз білгендерін таратудан сайысты.
Павлодар қаласындағы № 36 мектептің «Көшедегі тәртіпті ретке салушы жас» тобы жақсы білімін және тамаша дайындығын көрсетіп, бірінші орынға ие болды.
Жүлдегерлер арасында Ертіс ауданындағы Ағашоры мектебінің «Жас инспектор» командасы, Екібастұздағы № 5 мектептің жас жол полицейлері болды. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді.