Үздік педагог: Адам арманына жеткісі келсе, үнемі даму үстінде болуы керек

 Қуандық Әбдешев
Фото: Қ. Әбдешевтің жеке мұрағатынан

Жуырда Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған Білім-инновация облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты биология пәнінің мұғалімі Қуандық Әбдешев республикалық «Үздік педагог-2023» байқауының жеңімпазы атанған еді. Осыған орай, Kazinform тілшісі озат ұстазды сұхбатқа тартты.

— Қуандық Серікқалиұлы, биыл «Үздік педагог-2023» атағына ие болғандардың қатарынан көріндің, қуанышты шығарсың, осы табысқа қалай жеттім деп ойлайсың?

— Біріншіден, бұл ортақ жеңіс деп есептеймін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіргеннен кейін 2017 жылдан бері Ақтау, Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларында жұмыс істедім.
Биылдан бастап өзім кезінде қанаттанып, түлеп ұшқан Оралдағы Білім-инновация мектеп-лицейінде қызмет атқарып жатырмын, яғни өзім еңбек еткен барлық мекемелердегі оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар менің осындай биікке көтеріліп, жеңімпаздар қатарынан көрінуіме септігін тигізді. Сонымен қатар балалық шағымда осы лицейге түсуіме ата-анам Серікқали мен Айгүл Нұрқасымова, ағам Қанат ықпал жасады. Соның арқасында керемет ұстаздардан білім алдым.
Екіншіден, IDP (Individual Development Plan — Жеке даму жоспары) деген нәрсе бар. Былайша айтқанда, адам баласы арманына жеткісі келсе, мақсат қойып, оны міндетті түрде жазу қажет. Соған орай жоспарын құрып, жетістікке жетеді. Үздік педагог сайысы туралы алғаш рет 2019 жылы естідім, бірақ ол кезде менде тек 2 жыл тәжірибем болды (қатысу шарты — үздіксіз 5 жыл).
Сол үшін мен жыл сайын портфолиомды реттеп, әр түрлі сайыстарға қатысып, дайындығымды жүргіздім. Былтыр да бақ сынап көрдім, бірақ орын алуға нәсіп болмады.
Биыл сәті түсіп, он тоғызыншы болып жеңімпаз атандым. Шынымды айтсам, мен үшін жүрегімде пәлендей өзгеріс болған жоқ. Мүмкін, сыйлығы түскен соң көңіл-күй көтерілетін шығар. Оның да себебі бар. Нәтиже белгілі болғаннан кейін келесі күні мені TOEFL деген ағылшын тілінен халықаралық емтихан күтіп тұрды. Соған уайымдап, дайындалып жүргенмін. Одан жақсы көрсеткішке қол жеткізсем, шетелдік университеттерге PhD-ға түсу мүмкіндігім артады. Мұның да қорытындысы шықты, 90/120. Бұл орташа нәтижеден жоғары болып саналады. Оқуға түсу үшін жеткілікті деңгей. Енді құжаттарды тапсыру қалды.

— Бәрекелді, қуаныш жалғасып жатыр екен ғой, ал енді ұстаз үшін басты ұстанымдар қандай?

— Тәртіп, шыдамдылық және көрегендік дер едім. Тәртіптің арқасында жүйе болады. Ал жүйенің арқасында барлығын уақтылы, ұқыптылықпен және жоспармен жасайсың. Тәртібі мықты адамның шыдамы да соншалық. Себебі, өмірде әр түрлі жағдаяттар кездескенде, адам сол қиыншылықтарға төзе алса, әлбетте жеңіске жетеді.
Көрегендікті екіге бөлуге болады, қысқа мерзімді мен ұзақ мерзімді жоспар ретінде. Әрине, адам баласы болашағын болжай алмайды, бірақ мәселелердің алдын алуы оны жақсы нәтижелерге жеткізеді.
Кезінде маған сабақ берген мұғалімдер — қазір әріптестерім. Олардан үйренерім көп.
Биологияға қалай бет бұрғанымды айтайын. Осы орайда мектепте маған әсер еткен кісілердің бірі Ибрахим Халил Дал деген биология пәнінен дәріс берген ағайымыз болды. Сол кісі осы пәнге қатысты құлшынысымды қолдап жүрді. Бірақ 10-сыныпқа дейін мен физика пәнінен олимпиадаларға қатысатын едім. Жалпы, орташа дәрежеде болған едім. Уақыт өте келе, қиын есептерді шығара алмайтын болдым. Сол маған ұнамай жүрді. Жазда мектепте қалып дайындалатын едім. Алайда, өкінішке қарай, бұл жемісін бермеді. Сол кезде қасымызда басқа сыныпқа тәрбиеші болып жүрген биолог маман Айдын Ынтықбеков: «Осы сен неге биолог болмайсың?» — деп жай сұрақ қойды. Сол кезде миымда «шынымен несіне қиналып жүрмін?» дегендей қозғалыс болды.
Барлығынан бөлек өзімнің жан жарым Мөлдір Абайқызын ерекше айтқым келіп тұр. Әр түрлі іс-сапарларда жүрсем де, күн демей, түн демей балаларыма көз болып, олардың еркеліктеріне төзіп, мені еш мазаламай, барлық қиындықтарға шыдап келеді.
Үздік педагог атану менің мақсатым ғана болды. Шүкір, оған да жеттік.
Менің арманым жақсы жар, салиқалы ұрпақ және адал жұмыс еді. Жалпы, армандарыма жетіп жатырмын деп ойлаймын.

— Биология пәнінен сабақ берудің қандай ерекшеліктері бар?

— Ең бастысы, мұның өмірмен, қоршаған ортамен байланысында дер едім. Менің түбегейлі мақсатым — әр сабақта оқушының мына өмірдегі мақсатын анықтап, өзін және қоршаған ортасын тани білуіне жетелеу. Екінші ерекшелігі, биология пәнін жеткілікті деңгейде оқып, меңгерген адам химия, физика және математиканы білетін болады. Үшіншіден, сабақ берген кезде маған ең ұнайтыны — оқушылармен зертханалық жұмыстар істеу.

 Қуандық Әбдешев
Фото: Қ. Әбдешевтің жеке мұрағатынан

 

— Шәкірттерің республикалық олимпиада, байқауларда жеңімпаз атанып жүр екен, оның сыры неде?

— Шәкірттерімнің жетістігі біздікімен бірдей, ол да — ортақ табыс. Бұған мұғалімдер, ата-аналар, тіпті техникалық қызметкерлерге дейін әсер етеді. Мысал ретінде қарасақ, аспазшы апай оқушыға жылы лебізбен қарап, көңіл-күйін көтеріп жіберсе, ол бала шабыттанып, жетістігіне қарай бір қадам алға басады. Біздің лицейлердегі жетістіктердің сыры — оқушының дайындығын күн сайын қадағалау. Шәкірттеріміз күніне 3-4 сағат олимпиадаға дайындалады. Мен солардың бапкері ретінде әзірлігі үшін не керек, соның бәрімен қамтамасыз етемін.
Мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру.
Мынаны айтсам, мақтан үшін емес, алты жыл ішінде көптеген шәкірттерім республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға қол жеткізді. Соның ішінде Маңғыстау облысының тарихында алғаш рет биология пәні бойынша республикалық олимпиадан алтын медальға ие болды. Алты жылда 5 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль алды. Оған қоса, халықаралық Мендель олимпиадасында 4 алтын, 5 күміс, 7 қола, British Biological Olympiad сайысында 4 алтын, 3 күміс медальды еншіледі. Алматыда болғанда, оқушыларым IBO (International Biological Olympiad) халықаралық биология олимпиадасынан екі рет қола медальді иеленді. Бұл олимпиадалардың ішіндегі ең жоғары мәртебелі сайыс болып саналады.
— Әр маман өз білім-білігін ұдайы жетілдірсе ғана көштен қалмақ емес. Бұл жөнінде не айтар едің?
— Толығымен келісемін. Өзен суы бір жерде тұрып қалса, ол ластанып, жаман иістер шығарады. Сол секілді адам баласы, өз шамасына қарай, үздіксіз дамуда болуы қажет.
Оқушылардан қалмау үшін әрқашан өзіңді дамытып отыруға тиістісің. Мысалы, 2018 жылы қараша айында Лондон қаласында CLIL әдістемесі бойынша өткен семинарда білімімді жетілдірдім. Өзім де облыстық және республикалық семинарларда сабақ жүргізіп, тәжірибе алмасамын. Түрлі оқу коучингтері мен олимпиадалық тренингтерге оқытушы ретінде шақыртылып тұрамын. Астана халықаралық университетінің магистратурасын бітіргенмін, оған қоса зерттеуші, педагог-шебер санаттарым бар. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмаймын.
Түптеп келгенде, бәріміз мұғалімбіз. Егер сіз басқа біреуге бір нәрсе үйреткен болсаңыз, сіз де мұғалім болып саналасыз. Ал егер еліміздің әр азаматы осы қағиданы ұстанса, Қазақстанымыз өте жылдам дамиды деген үміттемін.
— Еліміздегі басқа да мектептерге барып, тәжірибе алмасып, менторлық қызметті атқарып жүрсің. Өз мектебіңмен салыстырғанда, қандай өзгеріс-жаңалықтарды байқайсың?
— Жауап беру қиын, себебі барлығы салыстырмалы. Бір мектеп үшін ол күнделікті шама болса, басқа біреу үшін ол алып тау іспеттес. Әр мектептің өзінің жағдаяты бар, бірақ бір нәрсе мені қатты қуантады: ауылдардағы және қаладағы мектептердің дәрежесі бір-біріне жақындап келе жатыр. Оған дәлел — PISA халықаралық тексеру сынағы.
Қорыта айтқанда, әрбір мектепте шәкірттерімізге сапалы білім бере білсек, сонда жалпы деңгей де көтеріледі. Білімді, тәрбиесі мықты, ұлттық рухпен суарылған ұрпақ тәрбиелесек қана мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.
- Әңгімеңе рахмет! Ұстаздық жолда табыс тілеймін.

Соңғы жаңалықтар