V Астана экономикалық форумына 80 елден делегаттардың келуі күтілуде

Бұл туралы бүгін өткен дөңгелек үстел отырысы барысында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының ғылыми жетекшісі Арыстан Есентүгелов мәлім етті.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қолдауымен және оның белсенді қатысуымен ұйымдастырылған халықаралық алаңға жыл сайын ондаған елдерден делегаттар жиналады. Олардың арасында мемлекет басшылары, белгілі саясаткерлер мен бизнес көшбасшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, белді ғалымдар мен жетекші БАҚ өкілдері бар.
Форумның негізгі ұйымдастырушылары - Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі.
V Астана экономикалық форумға қатысуға ниеттерін 100-ден астам белгілі саясаткерлер, халықаралық ұйымдар мен іскерлік құрылымдардың басшылары, Нобель сыйлығының 8 лауреаты сондай-ақ, 100-ге жуық шетелдік бизнесмендер мен инвесторлар растады.
Форум бағдарламасы халықаралық валюта жүйесіне, интеграциялық үдерістердің дамуына, мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық саясатына, туризм саласына, жаһандық энергоэкологиялық страгияға, инвестицияларды тарту мен инновацияларды енгізуге қатысты бірқатар маңызды сұрақтарды талқылауға арналған 30 отырыс пен сессиялардан тұрады.
«Форумның басты нәтижесі G20 мемлекеттерінің басшылары үшін әлемдік экономиканы дамыту жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу болып табылады. ІV форумның қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдар ЭСКАТО БҰҰ-ның конференциясында мақұлданып, Канндағы G20 саммитінде қаралу үшін ұсынылды. Онымен бірге, ағымдағы жылдың қыркүйегінде Париждегі ресми кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Франция Президенті Николя Саркози әлемдік экономикалық, қаржылық мәселелер талқыланатын алаң ретінде форумның маңызы артып келе жатқандығын атап өтті. Ал ІV форумның қорытындысы әзірленген ұсынымдар, олардың пікірінше, әлем экономикасын реформалау бойынша талпыныс әрекеттерге сүбелі үлес қосты», - А.Есентүгелов.