В. Божко су басу жағдайы күрделі өңірлерді аралап келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Температураның күрт көтерілуі мен қардың жылдам еруі салдарынан Қарағанды, Ақмола облыстарында су басу қаупі туындауда. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да су деңгейінің көтерілуі жағдайы байқалуда.
ҚР ІІМ ТЖК мәліметіне қарағанда, аталған министрлік басшысының орынбасары В.Божко мен Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор В.Петров жағдайды айқындау үшін Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары аумағын әуеден байқау сапарларын жасады.
Атап айтқанда, өткен тәулікте Қарағанды облысындағы Теміртау қаласы мен 24 ауылда құтқару шаралары жүргізілді. Бұл жұмыстарға ҚР ІІМ-нің, жергілікті атқару органдарының, Қорғаныс министрлігі бөлімшелерінің күштері жұмылдырылды. Жергілікті жерлерде судан тазарту, елді мекендерді су басудан қорғау, өзен арналарын тазарту шаралары атқарылуда. Су деңгейінің көтерілуі кезеңінен бері алдын ала 567 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі кезде оның 123-і өздерінің үйлеріне оралуда.
Ақмола облысында құтқару жұмыстары Атбасар қаласында және 12 ауылда іске асырылуда. Су деңгейі көтерілуі мерзімінде 370 адам көшірілген болатын, оның 230-ы үйлеріне оралды.
Ал Шығыс Қазақстан облысы аумағында тиісті шаралар Глубокое және Бородулиха аудандарында жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарға 200-ден астам жұмылдырылды.
Солтүстік Қазақстан ауданында Петропавл қаласы мен 6 аудан аумағында алдын алу шаралары атқарылуда. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Еріген қар суынан тазарту шаралары жүргізілуде.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік маңызы бар нысандарда төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Қажет болған жағдайда құтқарушылар шақырту алған жерге шұғыл жетіп, тиісті көмек шараларын іске асыруда. Елді мекендерде бақылау бекеттері қойылды. Іс-қимылдарды үйлестіру мен ахуалды талдау мақсатында аталған облыстардың төтенше жағдайлар департаменттерінде жедел штабтар жасақталды.