Вьетнам соғысына қатысқан қазақстандық жалғыз жауынгер Қармақшыда тұрады

ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қармақшылық Иса Бисенов 1965-1967 жылдарда Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақстандық азамат. Жарты ғасыр бұрын сол елді соғыстың жалыны шарпыды. Сол бір сұрапыл жылдарда біздің елімізден шалғайда жатқан аталмыш мемлекетте әскери міндетін атқарып қайтқан ағамыз бүгінде ағайын-туыстың ортасында ақыл айтатын ақсақал. ҚазАқпарат тілшісі Иса Бисеновпен арнайы жолығып, әңгімеге тартты.
None
None

Жарты ғасыр бұрынғы жорық

«Халқымызда тағдырдың жазуы деген сөз тіркесі бар. Әйтпесе, мен Вьетнам елінің дәм-тұзын татып қайтар ма едім. Өздерің білетіндей, аталмыш мемлекет Азияның оңтүстік-шығыс бүйірінде жатыр. Онда өткен ғасырдың 60-шы жылдарының орта шеніне таман АҚШ басқыншыларына қарсы жергілікті халықтың ұлт-азаттық қозғалысы белең алды. Сол тұста Кеңес одағының Америка Құрама Штаттарына қарсы саясаты күшейіп тұрған тұсы. Сондықтан біз сол мемлекетке барып әскери қызметімізді атқардық», - деді Иса Бисенов.

Шындығын айтқанда, ол елдегі соғыс жайында бүгінгі күні көп адамдар біле бермейді. Ол кезеңде де дәл солай болды. Иса ағамыз ол жайында жерлестеріне де айтқан жоқ. Арада жарты ғасырдай уақыт өткенде, 2013 жылдың шілде айында Қызылордаға Вьетнамның сол кездегі Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа арнайы ат шалдырды. Сол сапарында елші ағынан жарылып, сонау бір кезеңде өз халқына демеу бергені үшін қарт жауынгерге жылы лебіз білдірді. Сөзінің соңында майдан даласындағы күндері өткен Вьетнам жеріне қонақ болып қайтуға шақырды.

«Сол шақыру бойынша Вьетнамға жол түсті. Әйелім - Әлияш екеумізге сол елдің дәм-тұзын татып бұйырған екен. Оған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қолдау жасады. Бізбен бірге Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекетінің магистрі, аудармашы Лаура Әлиева да барды. Ол жақта бәрі де жылы жүзбен қарсы алды. Ел Президенті Чыонг Тан Шанг қабылдап, достық рәуіште әңгіме өрбітті. Сол жылдардағы біздің көрсеткен қамқорлығымыз үшін өз халқының атынан алғысын арнады. «Бүгінгі қол жеткен жетістігімізге сіздердің де үлестеріңіз бар. Сіз секілді жаужүрек ұлдар вьетнамдықтарға қаншама жақсылық жасады. Осы үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз» деді Вьетнам Президент бізбен жүздесу барысында», - деп еске алды И.Бисенов.

null

Соғыс өрті қалай тұтанды?

Бір қызығы, кезінде Вьетнамға барған солдаттар қатарында Иса ағадан өзге бірде-бір қазақ немесе қазақстандық жауынгер жоқ екен. Ол кісінің айтуынша, сол бір жылдарда өзі Ленинградта әскери борышын өтеп жүрген көрінеді. Оның алдында медицина училищесін тәмамдаған. Сондықтан Вьетнам жеріндегі соғысқа барғанда онда дәрігер қызметін атқарды. Кеңес одағынан барған әскер қатарында негізінен орыс, беларусь, украин және Балтық елдерінің жігіттері көп болған. Ал Орта Азиядан Иса ағадан өзге тағы бір өзбек азаматы бар.

«Вьетнамдықтар - ұзақ жылдар бойы тәуелсіздік үшін тер төккен өршіл халық. Оны тарих беттерінен көруге болады. Мәселен, ХІІІ ғасырда Шыңғысхан империясына қарсы тұрса, ХІV ғасырда Қытай армиясына тойтарыс берген. Ал ХVІІ ғасырда өзара қырқысқа жол беріліп, соның салдарынан мемлекеттің ара-жігі екіге бөлініп сала берді. Мұндай алауыздықты қалт жібермеген француз отаршылдары 1884 жылы оны өз қарамағына қаратып алды. Одан бері де олардың қатарына Лаос пен Камбоджаны қосып, ол аймақты Француз Үндіқытайы деп атау берді. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында отаршылдарға қарсы күрес үдей түсіп, оларға 1930 жылы Үндіқытай компартиясы қолдау көрсетті. Қарсылыққа француздар да қауқар көрсете алмай, 1954 жылы жеңіліске ұшырады. Дегенмен, Женева келісіміне сәйкес Вьетнам екіге бөлінді. Мұндай шешім дүниежүзіндегі КСРО, Қытай және АҚШ секілді алпауыт мемлекеттерге әсер етті. Өйткені, олардың бірі алғашқы екеуінің ықпалында болса, соңғысына АҚШ жол көрсетіп отырды», - деді қарт майдангер.

Кеңес одағы жауынгерлері 1965-1967 жылдарда Вьетнамда болды. 1975 жылы ондағы Сайгон режимі құлап, соның нәтижесінде екіге айрылған мемлекет қайтадан бірікті. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бұл елде экономикалық даму басталған.

null

Жергілікті халық өте еңбекқор

Вьетнамдықтар қазіргі таңда әлемде еңсесі биік, түтіні түзу ұшқан мемлекеттің біріне айналып отыр. Бүгінгі күні Қазақстан мен Вьетнам арасында саяси-әлеуметтік байланыстар кеңейіп, екі елдің арасында достық қарым-қатынас нығайды.

«Біз Вьетнамда әскери қызметімізді өтеген уақытта жергілікті халықтың еңбекқор қасиетіне тәнті болып қайтқан едік. 2013 жылы барған сапарымызда сол жанкешті тірлігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық. Бұрынғы қалпынша еңбек еткенді қалайды. Әйелдер де кішкентай балаларын арқаларына байлап алып, егіс алқаптарында еңбек етіп жатады. Осындай тәрбие көрген бала да күні ертең бейнеткеш болып өспей ме? Бұл елде шаруалар күріш өсірумен қатар тропиктік жеміс-жидектер өсірумен де шұғылданады. Мен осы сапарымда өмір жолымның іздері қалған жерлерде болдым. Баяғысынша тірлік етіп жатқан жұртты көргенде біздің олардан үйренетін тұстарымыз баршылық екенін аңғардым.

Ел астанасы - Ханой қаласында ұшар басы көк тіреген зәулім ғимараттар бой көтерген екен. Олардың арасында 72 қабатты үйлер де бар», - деді ағамыз.

Вьетнам - Азияның оңтүстік-шығысында Үндіқытай жарты аралында орын тепкен. 1954 жылы Франциядан өз тәуелсізідігін алған. Қазір бұл елде 92 миллионнан астам адам тұрады.

null null

Соңғы жаңалықтар