Вакцина тапшы: Өскеменде кене шаққан халыққа иммуноглобулин салынбай жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында кенеден зардап шеккен тұрғындарға иммуноглобулин егілмей жатыр. Бұған себеп - препараттың тапшылығы.

Вакцинация, укол, шприц
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Соңғы бір ай ішінде медициналық мекемеге жүгінген азаматтарға вакцина салынбай, тек кене шаққан жерді залалсыздандыру жүргізіліп, дене қызуын бақылап отыру ұсынылып келеді.

- Мені кене шағып алғаннан кейін ауруханаға қаралдым. Бірақ дәрігерлер вакцина жоқ деп, бақылауда болатынымды ғана айтты. Бір ай бойы вакцина келмеген екен. Біздің облыста кене энцефалиті мен басқа да қауіпті инфекциялар тіркеліп жатыр ғой. Онда неге ауруханаларға вакцина сатып алынбайды?! – деп наразылығын білдірді аты-жөнін атамауды сұраған Өскемен қаласының тұрғыны.

Осы мәселеге байланысты ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан жауап берді.

- 2025 жылға арналған кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин сатып алу жөніндегі тапсырыс 2024 жылы жасалған. Соның негізінде 2025 жылдың 7 наурызында өңірге 23 850 мл иммуноглобулин жеткізілді. Алайда көктем ерте шыққандықтан, кене саны көбейіп, олардан зардап шеккен халық саны күрт артты. Осыған байланысты басқарма «СК-Фармация» ЖШС-ға қосымша өтінім жолдады. Сондай-ақ басқа өңірлерге препаратты өзара қайтарым негізінде бөлісу туралы ресми сұраухаттар жіберілді, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін сақтандырылмаған қазақстандықтар қандай медициналық көмекті тегін ала алатындығы жайлы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар