Валенсиядағы су тасқынына жәрдемдесуге 10 мың әскери мен полиция жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM – Испания премьер-министрі су тасқынынан зардап шеккен Валенсияға 10 мың сарбаз бен полицияны жіберуге бұйрық берді. Бұл туралы ВВС жазды.
Табиғат апатынан қаза тапқандар саны қазірдің өзінде 200-ден асты. Көптеген жергілікті тұрғын билікті қауіп туралы дер кезінде ескертпегені және болып жатқан оқиғаға тым баяу әрекет еткені үшін кінәлайды.
Испания премьер-министрі Педро Санчес зардап шеккен аймақтарға 5 мың әскери қызметкер мен осыншама полиция қызметкерінің аттанатынын айтты. Осылайша, су тасқынының салдарын жоюға қатысатын құқық қорғау органдары өкілдерінің жалпы саны 17,5 мыңды құрайды.
«Біз бейбіт уақытта елімізде бұрын-соңды болмаған төтенше жағдайлар қызметі мен армияның ең үлкен операциясы туралы айтып отырмыз», - деді Санчес.
Ол Валенсиядағы су тасқынын Испания осы ғасырда басынан өткерген ең ауыр табиғи апат деп атады.
Төтенше ауа райы ескертулері Испанияның солтүстік-шығысында және оңтүстігінде жексенбіге дейін күшінде болады. Сенбіде билік Балеар аралдарында, сондай-ақ Каталонияда қатты жаңбыр қаупі туралы ескертті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияда су тасқыны салдарынан 200 адам мерт болғанын жазған едік.