Валюта нарығы: Ұлттық қордан маусымда қанша доллар сатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Маусым айында теңге бағамы 1,7%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 519,73 теңге деңгейінде қалыптасты. Айдың қорытындысы бойынша KASE-дегі сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 238 млн АҚШ долларынан 235 млн АҚШ долларына дейін қысқарған. Жалпы сауда көлемі - 4,7 млрд доллар. Бұл туралы Ұлттық банктің мәлімдемесінде айтылады.

Ұлттық қордан 800 млн доллар сатылды
Маусым айында республикалық бюджетті трансферттермен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 800 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Бұл - жалпы сауда көлемінің 17%-ы немесе күніне орта есеппен 40 млн доллар.
Шілдеде бұл көрсеткіш аздап төмендеуі мүмкін деген болжам жасалады, шамамен 600–700 млн доллар көлемінде валюта сатылмақ.
«Айналау» операциялары жанданды
Маусымда «айналау» тетігі (баға не мөлшерлеме айырмасынан пайда табу үшін әртүрлі нарықта бір уақытта сауда жасау – ред.) арқылы 213 млрд теңге алынған. Шілдеде бұл бағытта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату жоспарланып отыр. Мұндай операциялар кезінде реттеуші орган нарықтық бейтарап қағидатқа сүйеніп, валюта сатылымын тұрақты және біркелкі деңгейде жүргізеді.
Айта кетерлігі, маусымда Ұлттық Банк тарапынан валюталық интервенциялар жүргізілген жоқ.
Зейнетақы активтері үшін шетел валютасы сатып алынды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерін басқарушы ретінде Ұлттық банк зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кемінде 40% деңгейінде ұстап тұру үшін 188 млн доллар сатып алған. Бұл - жалпы сауда көлемінің шамамен 4%-ы. Шілдеде жоспарлы сатып алу көлемі 100 млн доллардан аспайды.
Квазимемлекеттік сектор 322 млн доллар сатты
Ал квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасына сәйкес 322 млн доллар көлемінде валюта сатты.
Теңге бағамының болашағы қандай?
Ұлттық банк теңге бағамына қысқамерзімді әсер ететін факторлар ретінде нарық қатысушыларының болжамы, салық кезеңдері, сыртқы нарықтардағы ахуал және геосаяси өзгерістерді атап өтеді.
Реттеуші орган теңге бағамының икемділігін сақтай отырып, валюта нарығындағы теңгерімсіздіктің алдын алу және алтын-валюта резервтерін сақтау стратегиясын ұстанатынын мәлімдеді.