Ван Бинь: Қазақстан — біздің ең маңызды, ең жақын көршіміз

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Медиа корпорациясынын (CMG) Еуразиялык бюросынын директоры Ван Бинь Астанада өткен SILK WAY STAR халықаралық вокалдық байқауына арналған баспасөз конференциясында Қазақстанның Қытай үшін ең маңызды әрі ең жақын көршілердің бірі екенін атап өтті.

Ван Бинь
Фото: Kazinform

— Қазақстан — біздің ең маңызды, ең жақын көршіміз. Біз көп жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып, түрлі салада елеулі нәтижелерге қол жеткіздік, — деді ол.

Ван Бинь Silk Way Star жобасы екі елге де бірегей ынтымақтастық тәжірибесін сыйлайтынын атап өтті.

— Біз тәжірибелі маман басқаратын кәсіби топ құрдық. Ол көптеген жылдар бойы Қытайдың Көктем мерекесіне арналған гала-концерттің бас режиссері болды. Бұл концертті әлем бойынша шамамен 2 миллиард көрермен тамашалайды, — деді ол.

Оның айтуынша, Қытай тарабы байқауға ең үздік орындаушыны жіберетінін айтты.

— Қытайлық қатысушы Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы жетістігіндей табысқа жетеді деп сенеміз, — деді Ван Бинь.

Сондай-ақ, Ван Бинь биыл Қазақстанда өтетін Silk Way Star жобасының табысты жүзеге асарына сенім білдіріді.

—Бұл жоба алдағы маусымды Қытайда өткізуге берік негіз қалайды деп үміттенеміз. Осы мақсатқа жету үшін біз бірлесе еңбектенетін боламыз, - деді ол.

Еске сала кетейік, Азия мемлекеттері арасында алғаш ұйымдастырылған музыкалық байқау Астанада өтеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио Кешені Президенті мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.

Осы байқауда Қазақстан атынан әнші Alem өнер көрсететін болды.

Соңғы жаңалықтар