Вашингтонда «Әлем Абайды тануы керек...» жобасы қолға алынды

Қазақстандағы Абай атындағы ең көне кітапхана 1883 жылы Семей облыстық санақ комитеті үйінде ашылды. Оның ұйымдастырушылары ХІХ ғасырдың аяғында жер аударылып келген орыс зиялылары Е.Михаэлис, А.Леонтьев, М.Филиппов еді. Олар кітап қорын шетел және орыс ойшылдары мен ақын-жазушыларының еңбектерінен құрады. Кітапхана ашылған сәтте мұнда 130 оқырман, 274 дана кітап қоры болған. Абай кітапханасына деген құрмет ғасырдан-ғасырға жалғаса беруде. АҚШ-тағы «Компани Е» компаниясының бас директоры, Смитсон университетінің арнайы өкілі Пол Гордон Эмирсон осында қонақта болды, деп хабарлайды Әдебиет порталы. Мәдени жұмыстар жөніндегі бұл дипломаттың сөзіне қарағанда, Вашингтон қаласында «Әлем Абайды тануы керек» жобасы қолға алыныпты. Соған орай Пол Гордон Эмирсон мәліметтер жинақтады. Кітапханадағы Абайдың рухани орталығында қонақ қаланың және кітапхананың тарихымен, хакім Абайға нәр берген рухани құндылықтармен, сирек кітаптар көрмесімен, ақынның мол мұрасымен, әлем тілдеріндегі шығармаларымен танысып, өнер дүлдүлі Тұрсынғазы Рахимовтың орындауындағы Абай әндерін, Бекен Исабаев, Төкен Ибрагимов, Мұрат Сұлтанбековтердің ұлы тұлға жайлы пікірлерін бейнетаспаға жазып алды. «Маған Семей қатты ұнады, Күшікбай жотасындағы батырға арналған ескерткіш-монумент, «Еңлік-Кебек» кесенесі, Қоңыр әулие үңгірі мен Шыңғыстау жеріне байланысты тарихи-әңгімелерге қанық болдым. Сіздер бақытты халық екенсіздер. Жидебайдағы Абайдың қорық-мұражайы мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай үйін аралап, ұлылар туралы мол ақпарат алдым. Осының бәрін Вашингтон күтіп отыр. Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне тағзым еттім. Шаһардағы Абай алаңындағы ұлы ақынның парасаттылыққа толы бейнесі мен үшін ерекше әсер қалдырды», - деді Пол Гордон Эмирсон.