Ватиканның дінаралық диалог бойынша Папа кеңесінің президенті Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық келісімге жоғары баға берді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда көптеген ұлттар, мәдениеттер, діндер үйлесімді өмір сүріп жатыр», деді Жан-Луи Торан бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауынан кейінгі брифингте. Ол Қазақстандағы әртүрлі ұлттардың діндері, дәстүрлері, мәдениеттері бірін-бірі толықтырып байытып отырғанын атап көрсетті. «Астанада кезекті мәрте өтіп отырған Діндер съезі барша әлем үшін белгілі бір үндеу болып табылады. Діндер келіспеушіліктің көзі болмауы тиіс, діндер ең алдымен үйлесімнің, өзара сыйластықтың, өзара танымның көзі болуы қажет. Өткен ғасыр бізге өте маңызды ақиқатты: біздер бір-бірімізсіз бақытты бола алмайтынымызды, ең алдымен біріміз екіншімізге жау бола отырып бақытқа жете алмайтындығымызды дәлелдеп берді», деді Жан-Луи Торан.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қабылдауында бүгін Израильдің Бас сефардтық раввині Шломо Амар болды. Кездесуден кейінгі брифингте ол Қазақстан басшысы Н. Назарбаевтың атқарып жатқан жұмыстары барша адамзаттың игілігі үшін жасалып жатқан іс екенін атап көрсетті. «Мен бұл съезд өзінің тәтті, тамаша жемісін береді деп ойлаймын», деді ол.