13:20, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Веб-сайттарды медиа-тестілеу жобасының қорытындысы шығарылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында журналистер мен халық арасында мемлекеттік сайттарды ашық түрде зерттеуге арналған медиа-тестілеу жобасының қорытындысы жарияланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы уақытқа дейін, яғни 2008 жылдың қарашасы мен 2009 жылдың қаңтар айы аралығында 70-тен астам мемлекеттік сайт тестілеуден өткізілген. Зерттеудің ұйымдастырушысы «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен «MediaNet халықаралық журналистика орталығы» 42 талап бойынша мемлекеттік органдардың веб-сайттарына ашық тестілеу жүргізді. Тестілеу кезінде сайттардың қол жетімділігі, көлемі мен ақпараттарының нақтылығы, сараптамасының болуы, статистика, оның жаңартылып тұруы, тілдік тепе-теңдік және тағы да басқа қырлары сарапқа салынған. MediaNet-тің сарапшылары журналистер арасында жүргізілген сауалнамаларға негіздей отырып, аталмыш жобаның әдістемесін өңдеді. Бұл жобаның бір ерекшелігі, мемлекеттік органдардың веб-сайттарын бағалауға кез келген адам қалауы бойынша қатыса алды. Мемлекеттік құрылымдардың интернеттегі парақшаларын жиі қолданып жүрген журналистердің бағалауы бойынша сайттардың рейтингісі жасалды. Нәтижесінде 3 веб-сайт ең үздік деп танылды. Олар: Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті. «MediaNet» ХЖО директоры Әділ Жәлеловтың айтуынша, «медиа-тестілеу жобасы арқылы журналистер мемлекеттік органдардың сайттарын сапалы түрде тестілеуге, олардың әрқайсысының мықты және әлсіз тұстарын көрсетуге, оларды жақсартуға арналған ұсыныстар жасау мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының интернет желісін қолдану деңгейінің артып келе жатқанына байланысты сауалнамалар, зерттеулер мен өзара байланыстар орнату қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың сайттарын пайдаланушылардың ұсыныстарын, олардың ой-пікірлерін ескеріп отыру керек. «Сорос-Қазақстан» қорының «Құқықтық реформа» бағдарламасының директоры Сәуле Мектепбаеваның пікірінше, сайттарды осылайша мониторингтік тестілеу жобаларының қорытындысы ақпараттандыру саласында арнайы заң қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр. «Бұндай заң қазірде көптеген мемлекеттерде бар. Осы арқылы тұтынушы мемлекеттік органдар ұсынатын веб-қызмет арқылы қандай ақпарат іздеуге және қандай ақпаратты ресми хат жазып алуға болатындығы туралы біле алады», - дейді С. Мектепбаева.