Ведомствоаралық тергеу тобы «БТА Банк» АҚ мен «Темірбанк» АҚ қаражаттарын ұрлау жөніндегі қылмыстық әрекеттер бойынша тергеуді аяқтады -Бас прокуратура

деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шілденің 10-ы және 11-інде тергеу тобы қылмыстық іс бойынша аталмыш банктерден заңсыз несие беру жолымен жалпы сомасы 83 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлау фактілері бойынша Әбіләзов пен Жәрімбетов арнайы құрған 9 компаниядан тұратын топқа айып тақты.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық жауапкершілікке «БТА Банк» АҚ мен «Темірбанк» АҚ басшылары, несие комитетінің мүшелері, сондай-ақ жоғарыда аталған компаниялардың директорлары қатарынан 12 айыпталушы тартылды. Бұл адамдардың алтауы қамауда отыр.
2009 жылдың 14 шілдесінде тергеу тобы тергеудің аяқталғанын жариялағаннан кейін жәбірленуші тараптар, айыпталушылар мен олардың қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысуын бастады.
Танысу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс айыптау қорытындысымен бірге айыпталушыларды сотқа беру мәселесін шешу үшін прокуратураға жолданады.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары болып саналатын айыпталушылар М.Қ.Әбіләзов пен Ж,Д.Жәрімбетовке, сондай-ақ сот пен тергеуден бой тасалап жүрген тағы басқа 12 айыпталушыға қатысты қылмыстық істің материалдары одан әрі тергелу үшін жеке өндіріске бөліп алынды.