Ведомстволық марапаттардың орынсыз таратылу дерегі тіркелмеді – Мәдениет министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Ведомстволық марапаттардың орынсыз таратылу дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті.

- Министрлік Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның (бұдан әрі – Республикалық комиссия) жұмыс органы ретінде тұрақты түрде қолданыстағы барлық ведомстволық наградаларға талдау жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесі республикалық комиссия отырысында талқыланады. Жалпы ведомстволық наградалар қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, шығармашылық белсенділігі, мінсіз қызметі, еңбек қызметінде басқа да жетістіктері мен өзге де сіңірген еңбегі үшін қызметкерлердің, жұмыскерлердің және өзге де тұлғалардың еңбектерін көтермелеу және ынталандыру нысандарының бірі. Сол себептен ведомстволық марапаттардың орынсыз таратылуы туралы дерек тіркелмегенін мәлімдейміз, - деді министрліктен агенттіктің сауалына орай.
Осы жылдың соңына қарай «Ведомстволық наградалардың ақпараттық жүйесі» платформасы пилоттық режимде пайдалануға берілетінін жазған едік.
Естеріңізге сала кетсек, биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекеттік наградалар мәселесі қайта қаралып, бір жүйеге түсірілгенін айтқан еді.
- Енді ведомстволық марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті, бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі. Мекемелік марапат – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бей-жай қарауға болмайды, - деген болатын Президент.