Вегетациялық кезең басталғалы суармалы алқаптарға 4,8 млрд текше метр су алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Вегетациялық кезең басталғалы суармалы алқаптарға 4,8 млрд текше метр су алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді.

Биыл Түркістан және Қызылорда облыстарының шаруалары суармалы судан тарықпауы тиіс
Фото: ortcom.kz

Вице-министрдің атап өтуінше, биылғы вегетациялық кезең басталғалы «Қазсушар» РМК филиалдары суару қажеттіліктері үшін 4,8 млрд текше метр су алды. Бұл – жоспарланған көлемнің 55 пайызы. Мекеме филиалдары суаруға 8,8 млрд текше метр су алуды жоспарлап отыр. Жалпы республика бойынша 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін 12 млрд текше метр су алынады. Оның 97 пайызы оңтүстік өңірлерге тиесілі.

«Биылғы вегетациялық кезең орташа көпжылдық мерзімдерден 20 күнге ерте басталды. Бұл көктем мезгілінде болған аномальды жылы ауа райы жағдайларымен түсіндіріледі. Атмосфералық жауын-шашынның тапшылығы байқалады. Осыған байланысты министрлік суармалы судың тапшылығы қаупін азайту үшін шаруалардың суды пайдалануын реттеу және жүйелеу бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Былтырдан бастап суармалы суды келісімшарт негізінде беру жұмысын ұйымдастырылды. «Қазсушар» РМК филиалдары мен фермерлер арасында тікелей келісімшарттар жасасу су беру шарттарының ашықтығын қамтамасыз етіп, тараптардың жауапкершілігін арттыруға және суды рұқсатсыз пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Алдамжаров.

Айта кетейік, Олжас Бектенов вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар