Велосипедшілердің Халықаралық одағының президенті Пет Макуэйд Астанаға сапармен келді
Жоғары мәртебелі мейман елордаға сапары барысында Астанадағы Республикалық велотрек ғимаратын тамашалады, бірқатар жоғары лауазымды басшылармен ресми кездесулер өткізді.
«Бұл менің Қазақстанға, оның ішінде Астанаға бірінші сапарым емес. Осыдан 3-4 жыл бұрын елордаға келгенімде осы велотрек құрылысы енді ғана қолға алынып жатқан еді. Сол сапарымда бүгінгі көркем ғимаратпен тек суреттегі жоба жүзінде ғана танысқан едім. Одан соң былтырғы сапарымда да бұл нысанның құрылысы әлі бітпеген еді. Шындығы керек, бұл жолы осындай ғажап ғимаратпен қарсы алатындарыңызды күткен жоқпын», - деді Пет Макуэйд. Сонымен қатар, UCI Президенті велотрек ғимаратына қызығушылығын таныта келе, оның халықаралық жарыстарды өткізуге әбден лайықты екенін әрі үлкен бәсекеге арналған көптеген мүмкіндіктер де қарастырылғанын жеткізді. «Жалпы UCI Қазақстан тарапынан велоспортты дамытуға қатысты атқарып жатқан шараларына жоғары баға береді. Сол мәселені ескере отырып, алдағы уақытта халықаралық дәрежедегі маңызды доданы Астанада өткізуге қызығушылық танытамыз», - деді Пет Макуэйд.