ВЕЛОСПОРТ: Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар екі алтын, бір күміс және бір қола еншіледі
Қарағанды қаласында өтіп жатқан велоспорттан Азия чемпионатының тас жолдағы кезеңінде қазақстандық жасөспірімдер бүгін екі алтын, бір күміс және бір қола медаль олжалады.
Бүгінгі бәсеке жасөспірімдер арасында 16 мемлекеттің спортшылары қатысқан 125 шақырымдық топтық жарыспен басталды. Қазақстандық спортшылардың бағы жанып, Григорий Штейн (алтын), Евгений Гидич (күміс), Алексей Волошин (қола) топ жарды. Ал Максим Сатликов төртінші болып мәре сызығын қиды.
Күннің екінші жартысында жасөспірім қыздар 75 шақырымдық топтық жарысқа шықты.
10 мемлекеттің спортшылары арасында болған бұл бәсекеде жерлестеріміз Надежда Генелева, Фаина Потапова, Светлана Рябова, Екатерина Юрайтис ел намысын қорғады. Жапондық спортшылар Юми Кадзихара мен Кийоко Сакагучилермен табан тірескен жарыста Надежда Генелева жеңісті қолдан бермеді.
9-күндік жарыстың нәтижесі бойынша Қазақстанның еншісінде - 9 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль. Айта кетер жайт, Корея құрамасы (31 медаль) топ жарды. Қытай құрамасы (17 медаль) екінші орынды иеленсе, Қазақстан (16 медаль) 3 орынды қанағат тұтты.