20:41, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Венада Қазақстанның Ұйымға 2010 жылғы төрағалыққа әзірлігі барысын таныстыруға арналған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының арнайы сессиясы өтті
ВЕНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Кежеболат Жолдыбай/ - Бүгін түстен кейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының қысқы отырысының екінші күні Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалыққа әзірлігі барысын таныстыруға арналған арнайы сессиясы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Таныстырылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасады, оның сөзі зор ықыласпен тыңдалды. Сенат спикері өз сөзінде біздің ЕҚЫҰ төрағалығындағы басымдық міндеттеріміз туралы хабардар етті және қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қабылданған 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарын таныстырды.Қ.Тоқаев «Еуропаға жол» бағдарламасының басты мақсаты ? саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялар мен технологияларды тарту, сондай-ақ халықтың өмір сапасын арттыру екендігін атап көрсетті. Бұл бағдарлама біздің еуропалық елдермен қатынастарымызды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығаруы тиіс. Бұдан әрі Қ.Тоқаев Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалығын Ұйым қатысушы-елдерінің өзара іс-қимылына жаңа тыныс берудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын атап өтті. ЕҚЫҰ төрағасы лауазымындағы Қазақстанның стратегиясы біз тәуелсіздік алған сәттен бері басшылыққа алып келе жатқан: әлемдік қоғамдастықтың барлық мүшелерімен теңдестірілген сындарлы диалогты жүргізу, сенім, өзара түсіністік негізінде осы заманғы қауіптер мен ығыттарға пара-пар үн қату мақсатындағы ынтымақтастық ұстанымдарын жалғастыру болмақ, деді ол. Қазақстан Ұйым қызметін дамыту жөніндегі белсенді жұмысын гуманитарлық, экономикалық-экологиялық және әскери-саяси ? үш өлшем бойынша жүргізуді жалғастырады. Сенат төрағасы еуропалық тәжірибеге арқа сүйей отырып, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірді ырықтандыру, демократиялық институттарды дамыту, ұлттық заңнамаларды жетілдіру мақсатында қолға алып жатқан нақты шаралары туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, ол қазақстандық Парламент «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және жергілікті мемлекеттік өзін-өзі басқару мәселелері бойынша заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қабылдағанынан хабардар етті.Қ.Тоқаев гуманистік өлшемдер тұрғысынан еліміздің маңызды жетістіктерінің бірі болып танылған Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саласындағы қызметіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол біздің еліміз ЕҚЫҰ гуманитарлық өлшемдері мақсаттарына қол жеткізу үшін ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы жинақталған тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін атап өтті.Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері арқылы діндер арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудегі Қазақстанның елеулі үлесін атап көрсетті. 2003 жылдан бері Астанада өткізіліп келе жатқан осы форум мәдениеттер өркениеті диалогы саласында жұмыс істеп жатқан негізгі әлемдік конфессиялар мен халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып, танылғанына назар аударды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезі шілденің 1-2-сі күндері енді БҰҰ-ның қатысуымен және техникалық жәрдемдесуімен өтеді. Алдағы форумның тақырыбы ? «Төзімділікке, өзара құрметке және ынтысмақтастыққа негізделген әлем құрудағы діни лидерлердің рөлі». Қ.Тоқаев Астанада өтетін дінаралық саммит қарсаңында жақында болып өткен ЕҚЫҰ Жерортатеңіздік әріптестері үшін жыл сайынғы семинарға қатысушыларды Съезге құрметті қонақ ретінде шақырды. Ол біздің елдің Түркия және Испания үкіметтері бастамашы болған Альянс достары тобына енгеніне назар аударды. Қазақстан Президентінің ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылды Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы деп жариялады.Жиналғандарға сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау, энергетикалық тепе-теңдікті сақтау, әскери-саяси қауіпсіздікті қолдау салаларындағы проблемаларды экономикалық-экологиялық өлшемдер аясында шешу бойынша «Ислам әлемі ? Батыс» форматындағы диалогты жолға қою идеясын іске асыру бойынша Қазақстан қолға алып отырған іс-шаралар туралы хабарлады. Қ.Тоқаевтың атап өткеніндей, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті бас тартқан Қазақстан аймақтағы қауіпсіздіктің қашан да белсенді жақтаушысы ретінде Орталық Азиядағы және ЕҚЫҰ-ның барлық кеңістігіндегі тұрақтылықты қолдау саясатын жалғастырады.
Еуропалық қауіпсіздік құрылымында ЕҚЫҰ-ның әсерін арттырудың бірінші кезектегі маңызы зор. Қазақстандық спикер аймақтық қауіпсіздікке, халықаралық лаңкестікке, экстремизмге, есірткі құралдарының заңсыз айналымына, ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасына қарсы күрес ? осы мақсаттарды Ұйымға мүше-мемлекеттердің барлығы да еш күмәнсіз қолдайтынын атап айтты. Қазақстан осы қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады.Сөзінің соңында Қ.Тоқаев Қазақстанның ТМД, ШЫҰ және АӨІСШК сияқты бірқатар аймақтық ұйымдарды басқаруда бай тәжірибесінің бар екендігін атап өтті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі түрлі аймақтық ұйымдар арасындағы сындарлы диалогты жолға қою үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады. ЕҚЫҰ-ның болашақ төрағасы ретінде Қазақстан Ұйымның Еуроатлантикалық және Еуразиялық аймақтар арасындағы диалог үшін бірегей платформа ретіндегі рөлін нығайтуға ниет танытып отыр, деп атап көрсетті ол сөзін қорытындылай келіп.