Венада Рахат Әлиевке адам өлтірді деген айып тағылды
Прокуратура және сот өкілдері айыпталушының қорғаушысының құжаттарымен әлі таныспағандықтарына сілтеме жасап, бұдан басқа түсіндірме беруден бас тартты.
Өз Отанында ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, адам ұрлағаны және өлтіргені үшін сырттай ұзақ мерзімге сотталған Қазақстанның Австриядағы экс-елшісі Рахат Әлиев 2014 жылғы маусымның басында Вена полициясына өз еркімен келген еді. Оның адвокаты Манфред Айнедтердің сөзіне қарағанда, оның қорғауындағы Әлиев осылайша тергеу ісіне көмектеспекші болған.
Әлиев Қазақстанда «Нұрбанк» деп аталатын қылмыстық іс бойынша сырттай 20 жылға сотталған. Тергеу нұсқасы бойынша, Әлиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында осы қаржы институтының екі топ-менеджерін - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлап кеткен. Кейінірек Алматы маңында олардың зорлық-зомбылық белгілерімен өлтірілген денелері табылған.
Сонымен бірге, 2008 жылы Қазақстанның Әскери соты Әлиевті билікті күштеп тартып алуға тырысқаны және басқа да қылмыстары үшін 20 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Алайда сот үдерісі басталғанға дейін Әлиев елден кетіп үлгерген.
Бірқатар уақыт ол Австрияда бой тасалап жүрді, 2007 жылы қазақстандық құқық қорғау органдары мен Интерполдың бірлескен іс-қимылы ауқымында ұсталған. Алайда Австрияның федералдық соты Әлиевті қазақстандық тарапқа экстрадациялаудан бас тартты және оны 1 млн. еуроға кепілмен босатты. Кейінірек, Әлиев Мальтаға қоныс аударған, кейбір мәліметтер бойынша осы елдің азаматттығын алуға тырысқан.