Венециядағы халықаралық кинофестивальде Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмі көрсетіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық кинорежиссер Ермек Тұрсынов Венеция халықаралық кинофестивалінде өзінің «Жат» деп аталатын жаңа кинотуындысын көпшілік назарына ұсынады. Бұл туралы ол бүгін арнайы баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
None
None

Режиссердің айтуынша, бұл фильмде отбасын, жұртын тастап, тауға кетіп, жалғыз өзі өмір сүрген баланың тағдыры туралы айтылады. Фильм өмірде болған шынайы оқиға желісіне құрылған.

«Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқы үшін үлкен бетбұрысты кезең болды. 1931-1951 жылдарды мен қазақ халқы үшін ең ауыр, ең қиын кезең деп есептеймін. Осы шақта халқымыз талай нәубетті бастан кешті, аштықты да, қуғын-сүргінді де көрді. Кейін Ұлы Отан соғысы басталды. Талай боздағынан айырылды. Қуғын-сүргін жалғасып жатты. Одан кейін Сталин көз жұмды. Міне, бұл фильм осы кезеңге арналған», - деді режиссер.

Ермек Тұрсыновтың айтуынша, ол бұл кинотуындыға көп уақытын жұмсапты. Фильм осы айдың аяғында толығымен дайын болады.

«Жат» деп аталатын бұл фильмді мен биылғы Венеция кинофестиваліне дайындап жатырмын», - деді Е.Тұрсынов.

Айта кетелік, жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі Венеция кинофестивалі (Италия) үстіміздегіжылдың тамыз айының соңында, дәлірек айтқанда 26 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Венеция қаласының Лидо аралында өтеді. Фестивальдің басты марапаты - «Алтын арыстан» жүлдесі.

Соңғы жаңалықтар